Аймақтар • 17 Шілде, 2019

Оралда халықаралық «Атамекен» ән фестивалі өтуде

479 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Орал қаласында Қазақстан Республикасының халық артисі, «Отан» орденінің иегері, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, әнші-композитор Ескендір Хасанғалиевтың әндерін орындаушылардың ХІ халықаралық «Атамекен» ән фестивалі өтуде.

Оралда халықаралық «Атамекен» ән фестивалі өтуде

Сазгердің туған жерінде жыл сайын өткізілетін ән байқауына жергілікті әншілерден бөлек Нұр-Сұлтан, Алматы, Өскемен, Тараз, Ақтөбе, Қостанай, Қарағанды, Атырау, Қызылорда қалаларынан, Өзбекстан Республикасы құрамындағы Қарақалпақ Республикасының астанасы Нөкіс шаһарынан келген үміткер қатысуда.

Халықаралық «Атамекен» ән фестивалінің Хадиша Бөкеева атындағы Батыс Қазақстан облыстық қазақ драма театрында өткен ашылу салтанатында облыстық мәдениет басқармасының басшысы Қадырболат Мұсағалиев сөз сөйлеп, дәстүрге айналған ән байқауының биылғы ерекшелігі – үміткерлердің эстрадалық вокал және романс жанрында ән салатынын айтты.

- Келер жылы біздің Ескендір ағамыз 80 жасқа толады. Сонымен бірге әйгілі «Атамекен» әнінің жарыққа шыққанына да 50 жыл толады. Сондықтан алдағы жылы Ақ Жайық өңірінде ауқымды шаралар мол болмақ, - деді Қадырболат Мұсағалиев.

Фестивальге Ескендір Хасанғалиев ағамыздың өзімен бірге ұлы, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері, әнші-композитор Біржан Хасанғалиев арнайы қонақ ретінде келген. Қазылар алқасының құрамында сондай-ақ Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген артисі, Ғарифолла Құрманғалиев атындағы Батыс Қазақстан облыстық филармония әншісі Жұмағаным Рахимова, Қанатқали Қожақов және ІV Халықаралық «Атамекен»ән фестивалінің жүлдегері, әнші-композитор Таңат Жексенбаев бар.

Байқау қорытындысы 17 шілде күні шығады. Жеңімпаздар арнайы диплом, статуэтка  және ақшалай сыйлықтармен марапатталады.


Батыс Қазақстан