Қоғам • 18 Шілде, 2019

Марафон – жастардың сүйікті шарасы

327 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Соңғы жылдары елімізде жастар арасында спорт, марафон тақырыбы кеңінен насихатталып, саламатты өмір салтын қолдаушылар қатары көбейіп келеді. Марафондар ойы мен мақсаты бір жастардың сүйікті шараларына айналды.

Марафон – жастардың сүйікті шарасы

Жыл басынан бері елімізде бірнеше марафон өткізілді. Жарыстар негізінен Нұр-Сұлтан және Алматы қалаларында ұйымдастырылды. Өткен жексенбіде ел астанасында триатлоннан әлемдегі ең басты жарыстың бірі өткен болатын. Ironman 70.3 деп аталатын мультиспорттық додаға әлемнің 50 елінен 1400-қа жуық қатысушы жиналды. Үш кезеңнен тұратын марафон елордамызда осымен екінші рет өткізіліп отыр. Марафон ережесі бойынша, спортшылар Есіл өзенінде 2 шақырым жүзіп, одан кейін 90 шақырым велосипедпен жүріп, 21,1 шақырым жүгіруі шарт еді. Турнирдің толық маршруты 113 шақырымға созылды. Лондон Олимпиадасының чемпионы, велошабандоз Александр Винокуров қатысушылар қатарынан көрінді. Айта кететіні, жарысқа қатысушылар арасында көш бастаған Александр Винокуров пен Екатерина Шатная болды.

Биылғы марафонның ең жас қатысушысы – Санжар Бәзілжанов. 18 жасар отандасымыз аталған шараға бір ай дайындалғанын айтты. «Шараға дайындықтың өзі оңай болмады. Қолдаушыларымның, бапкерімнің арқасында бүгінгі нәтижеге қол жеткіздім. Барлық кезеңді артта қалдырған соң, қолдауы бар адамның қолынан келмейтіні жоғын түсіндім», дейді жас қатысушы. Санжар Adal Volunteer Club деп аталатын талантты еріктілер ұйымының негізін қалаушы. Басқарып отырған ұйымы еліміздің бірнеше қаласында жұмыс істейді.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, марафонның орта жасы жыл сайын азайып келеді екен. Бұл қатысушылардың көбі жас­тар болып жатқанын көрсетеді. Мәселен, мамырда өткен BI Marathon 2019 шарасындағы 1931 қатысушының 953-і жастар. Жыл басынан бері өткізілген марафондардың жартысы қайырымдылық мақсатында болғанын айтып өткен де жөн. Бұл жастардың саламатты өмір салтымен бірге қоғамдық шараларда да көмек көрсетуге деген ниетін көрсетеді.