Батыс Қазақстан облысында Жайықтың сол жағалауындағы ірі округ орталықтары Сарытоғай, Базаршолан, Базартөбе, Қарауылтөбе, Есенсай, Көнеккеткен, Құрайлысай, Шағатай, Ақсоғым ауылдарын есептемегенде, осы округтерге қарайтын ондаған кішігірім ауыл халқы Кеңес өкіметі кезінен бері жол азабын тартып келеді. Осы жол бойында, 300 километр аралықта тұратын 20 000-ға жуық халықтың зары бұл. Бұл ауыл тұрғындары жылдың тек ашық ауа райында ғана облыс орталығы немесе өзге аудандармен қатынас жасай алады. Немесе тәуекелге бел байлап, Жайықтың оң бетіне шығып кетуге тырысады. Бірақ оған дайын тұрған көпір қайда? Сенсеңіз, бүкіл Батыс Қазақстан облысында Орал қаласынан төмен қарай Атырау облысының Индер кентіне дейін бірде-бір көпір жоқ. Бұл 325 шақырым жер ғой.
Жайықтан өту – тәуекел дедік. Себебі жазда тұрғындар өзеннің оң жағалауындағы Атырау – Орал тас жолына шығу үшін паромға жалынады. Паром әр ауылдың тұсында бар дегенмен, олардың кейбірі екі жағаға арқан керіп, қол күшімен тартып шығаратын жабайы сал. Бұл әркім өз өмірін, шыбын жанын бәске тіккенмен бірдей. Сондықтан ауыл халқы қыс түсуін, Жайықтың бетін мұз басуын күтеді. Бірақ ол да оңай емес. Жұқа мұз жарылып, су астына кеткен оқиға талай болған. Тіпті қайғылы оқиғалар жыл сайын қайталанады десе де болғандай.
Ел болғасын әркімнің өз шаруасы, әлеуметтік мәселесі немесе қуанышы мен қайғысына байланысты күнделікті жол сапары болады ғой. Жайықтың Бұқар бет жағалауындағы халықтың үнемі осы жол азабына төзіп келе жатқаны облыс басшыларына, халық қалаулыларына белгілі болса керек. Бірақ кеңес кезінен қалған осы күрделі, халық үшін азапқа айналған мәселе тәуелсіздік жылдарында да еш шешімін таппады. 2016 жыл Барбастау – Индер жолы күрделі жөндеуден өтеді деген әңгіме қозғалғанда ел-жұрт бір қуанып қалып еді. Бүгінде ол көлеңкеде қалды.
Cонымен қатар соңғы 15 жыл бойы Чапаев ауылы тұсынан көпір салу мәселесі үздіксіз көтеріліп келе жатса да, оның іске асуы «орындалмас арман» екеніне тұрғындардың көзі жеткен сияқты.
Күні кеше облысымызға сапармен келген Президент Қасым-Жомарт Тоқаев облыстың автожолдары еш сын көтермейтінін, осы мәселемен шұғылдану керектігін бірінші орынға қойды. Жайықтың сол жағалауында әр 30 километр сайын орналасқан ауылдарды болашағы жоқ деп айтуға келмейді. Себебі олар өзінің өміршеңдігін 90-жылдардағы экономикалық дағдарыс кезінде де дәлелдеді емес пе? «Өзен жағалағанның өзегі талмайды» дегендей, сол қысылтаяң кезде қырдағы ауылдар бір қойын бір сабынға айырбастап күн көрді. Халықтың жағдайы өте мүшкіл болған кезде де Жайық бойындағылар шаруасын дөңгелетіп, мал басын да сақтап қалып еді ғой. Шапса шабындығы, жақса отыны, ішсе тегін суы, терсе жеміс-жидегі, салса бау-бақшасына қолайлы қонысын әлі де ешкім тастап, үдере көшкен емес. Сол себепті болашағы жоқ ауылдар деп қарауға болмайды. Жол салынса, оның бойында неше түрлі инфрақұрылым мен шағын бизнес дамитыны, халықтың әл-ауқаты еселене түсері хақ.
Халықтың зарына айналған Ақжайық – Индер жолы соңғы жылдары әртүрлі деңгейдегі әкімдердің жыл сайынғы есептерінде де айтылмай кетті. Тіпті Ресей патшалығы кезінде де халық Жайық үшін жандасып, сол жағалаудағы шұрайлы қонысты жатқа бермей қалып еді. Енді ХХІ ғасырдағы ең басты инфрақұрылым – жол болмағандықтан, тұрғындардың ата қонысынан үдере көшуі ғана қалды.
...Бүгінге дейін ол ауылдардан талай адам көшіп те кетті. Бірақ бұл мәселенің шешімі емес қой. Бір сөзбен айтқанда, Жайықтың сол жағына жол түсуін күткен дүйім жұрт көптен бері алаңдап отыр. Тек естір құлақ, жанашыр Үкімет керек.
Біржан КӘРІМҰЛЫ
Батыс Қазақстан облысы,
Ақжайық ауданы