Қоғам • 18 Шілде, 2019

Әбілқайыр хан мен Бопай ханым ұрпақ жадынан жоғалмайды

2903 рет
көрсетілді
13 мин
оқу үшін

Бопай ханым – кешегі қазақ қыздарының көшбасшысы болса, бүгінгі қазақ қыздарының үлгі тұтары. Ханымның өмірі мен тегі, күйеуі Әбілқайыр ханға көмекші-кеңесші ретінде ел басқару ісіне атсалысып, талай маңызды мәселелерге ойы мен парасатын, билігі мен беделін араластырған, хан қайтыс болған соң да ел басқаруда айтулы шешімдерге, мәмілелерге қол жеткізе алған ықпалды тарапқа айналған қайраткерлігі әлі толық зерттелген жоқ. Бірақ бүгінге дейін ғалымдар мен тарихшылар ауызымен айтылып, қолымен хатталған деректердің өзі оның қайсар болмысын, қайраткерлік тұлғасын еңселендіре сомдай түседі.

Әбілқайыр хан мен Бопай ханым  ұрпақ жадынан жоғалмайды

Өткен жылы Ақтау қаласында Каспий мемлекеттік технологиялар және инжиниринг университеті ұйымдастыруымен «Әбілқайыр хан мен Бопай ханымның өмір жолы және ұлт тарихындағы орны» халықаралық ғылыми-тәжірибелік кон­ференциясы өткен болатын. Бұл бопай­танудағы қолға алынған жақсы бастама, жемісті шаралардың бірі болды. Әбілқайыр хан мен Бопай ханым туралы тарихшы ғалымдар баяндама жасап, олардың өмір жолын көпшілікке жаңаша танытуға талпынды.

«Сол ауылға қайтып келген Әбiл­қайыр өзiнiң төре тұқымынан екенiн жа­сы­рып Бопайдың әкесiнiң малын бағуға жалданады. (Невольник. Пре­дание о киргиз-кайсацком хане Абул­хаире. //ТОВ. (Тургайские областные ведомости). 1899. № 52. стр. 7-8...) Ұзын бойлы, батыр тұлғалы, жiгiттiң сұңқары Әбiлқайыр батыр жылқышы болып жүрсе де аз уақыт iшiнде ауыл адам­дарына жақсы жағынан көрiнiп құр­метке ие болады. Әрине, көп ұзамай Бопай сұлуға да ұнап қалады….Сырын ашқан жас батырды Бопай сұлу да жан тәнiмен ұнатып ғашық болады. Осылай ғашықтар романы басталады. Ғашықтар ажырымастай дәрежеге жеткенде Бопай сұлудың әкесiнiң рұқсатын сұрайды. Оның әкесi мұндай жағдайды күтпеген едi. Бұл бұрыннан малды және белдi ауыл болған соң, оның үстiне қыздың басы бос болушы ма едi, айттырулы болса керек, сұлтан деген аты болғанмен жал­ғыз атты кедей жiгiтке қызын бер­гiсi келмеген шал неше түрлi айла-шар­ғы­ны ойлап табады. Соның бiрi: «Қы­зым­ның қалың малына ала аяқты 90 кү­рең ат және 60 ақсұр ат әкелесiң, әйт­песе қызымды бермеймiн…», деп шарт қояды… Осындай ауыр шартқа амал­сыз келiскен жас батыр бiр айдың iшiнде осы айтқаныңызды әкелемiн – деп аттанып кетедi. Алайда, жалғыз атты кедей жiгiт бұл шартымды орындай алмас деп үмiттенген едi Бопай сұлудың әкесi. Ғашықтық өртiне күйiп жанған жас батыр, тiрi жүрсем Бопай сұлуды алмай тынбаймын, деп серт берген Әбiлқайыр әлгi айтқан жылқыны таныстарынан, ағайындарынан, бәрiнен сұрайды, алайда ешқандай нәтиже шықпайды. Шарқ ұрған жас батырдың осындай аянышты күйiн естіген баяғы Жәнiбек батыр жетiп келедi. Қу кедейлiк қолын кесiп отырған жас төренi аяған, әрi келешегiне сенген Жәнiбек батыр Әбiлқайырға керектi 150 айғырды өз жылқысынан шығарып санап бередi. Оған қоса ол өзi барып Бопай сұлудың әкесiне қазақ әдет-ғұрпы бойынша құда түседi… Сөйтiп әйгiлi қазақ батыры Жәнiбек екi ғашықтың басын қосып үлкен азаматтық жасайды… Әрине бұл оқиға халық аңыздарының әртүрлi нұс­қа­ларының бiрi. Алайда шындығына келсек те Әбiлқайырдың Бопай сұлуға үйленуi аса көп қиыншылық жағдайда болғанын осындай аңыздардың көптiгi­мен дәлелденедi. Қазақ елiндегi ежелден келе жатқан дәстүр бойынша, әрине Бопай сұлудың басы бос болмаған. Басқа қазақ қыздары сияқты оның да атастырған жерi болды. Оның үстiне осындай байдың қызын кез келген адам емес, әрине мықты адам айттырады… Мiне осынау қиыншылықты жеңу үшiн Әбiлқайыр мен Бопай сұлу тек бiр-бiрiне ғашық болып қана қойған жоқ, сондай-ақ ежелгi дәстүрдi бұзуға мәжбүр болды… Қалай болғанда да Әбiлқайыр сынды жас батырдың Бопай сияқты әйгiлi сұлуға үйленуi оның шын мәнiнде өмiрдегi бақыты едi. (Невольник. Предание о кир­гизском хане Абулхаире. ТГ. (Тур­гайская газета). 1900. № 1.стр.5...)

Бопай Әбiлқайыр үйiне құтты келiн болып түстi. Ол келiн болып түс­келi Қажы сұлтан шаңырағының тасы өрге домалай бастады. Көп ұза­май Әбiл­қайырды халқымыздың игi жақ­сылары ақ киiзге көтерiп хан етiп сайлады. Осы оқиғалар баяғыдан берi Әбiлқайыр сынды кедей жiгiттiң халқымызды қыз­­ғыштай қорғаудағы кеудесiн оққа тө­сеген ерлiктерiнiң жан-жақты бағалана бастағаны еді, дейді өз баяндамасында тарихшы С.Өтениязов.

Өмірі осылай байырғы қазақ ауылын­дағы өз сүйгеніне қосылуға күш салған қазақ қыздарына тән жағдайда өрбі­ген Бопайдың келін болған қадамы Әбілқайыр үшін ғана емес, өзі үшін де құтты болған секілді. Ол кезеңдегі қыздардың барлығы бірдей аттап кете алмайтын «айттырулы» дейтін бұғауды бұзып өткен Бопай ханмен бірге билікке араласады, тіпті хан қайтыс болған соң билікке белсенді түрде ықпал ете алатын ақыл-ойы көшелі, аузы дуалы, сөзі өтімді тұлғаға айналады. Бұл туралы профессор К.Жаулин «Күйеуінің қазасынан кейін де Бопай ұстанған бағытынан тай­майды. Әбілқайыр саясатының өз жалғасын табуы баласы Нұралының әке орнын басуына байланысты екендігін терең ұғынған Бопай ханым батыл әрі ойлап-пішілген қадамдар жасайды. Орта жүз бен Кіші жүздің беделді билері мен батырларының Нұралыны хан көтеруге келісімін алғаннан кейін ғана, Бопай ханым патшайым Елизавета Петровнаға, келесі күні бригадалық генерал А.И.Тевкелев пен Орынбор губернаторы И.Неплюевке қисынды өтініш хаттар жолдайды. Осы хаттарды жеткізу үшін аталмыш екі жүздің 8 беделді биі Орынборға, одан кейін Санкт-Петербургке аттанады. Нұралыны «қырғыз-қайсақ ханы» етіп бекіту туралы Елизавета Петровнаның 1749 жылғы 2 мамырдағы жарлығы, онда Бопай ханымның хатына да сілтеме жасалуы, канцлер А.П.Бестужев-Рюминнің Бопайға арнайы хат жазып, патшайым атынан сыйлық жолдауы ханым саясатының жеңісі еді. Бопай ханым Әбілқайыр әулетінің дәрежесі мен беделін көтеруге ұмтыла отырып, орын­сыз қантөгістің болмауын, ел ір­гесі­нің сөгілмеуін қалады. Сол үшін де ол күйеуінің кегін алуға «аттандатпай», Барақ сұлтанды жазалауды орыс әкім­шілігі арқылы заңдастырып алуға тырысты. Қоғам дамуының негізгі көзі тыныштық өмір екендігін, тірлігін ат үстінде өткізген халықтың болашағы бұлдырлығын ұғынған ханым орыс әкімшілігін Елек өзені бойында қала салдыртуға да үгіттейді. Қазақ-жоңғар қатынастарына тигізген әсері, Қайып хан мен Нұралы ханды бітістіруге бағытталған әрекеттері Бопайдың ел бірлігін қамтамасыз етуге тырысқан мәмілегерлік ниетін аңғартады. Бопай орыс-қазақ қатынастарындағы және сол кездегі қазақ қоғамындағы шешімін таппай жүрген кейбір мәселелерді талқылау үшін Орынбор әкімшілігі­нің басшылығымен кездесіп, келіссөз жүргізгісі келді. 1740 жылы Санкт-Петер­бургке ресми сапармен барып, Анна Иоанновнаға жолығу ниеті де болған. Бопайдың зеректігі мен тапқырлығы жөнінде ағылшын суретшісі жазады. Күйеуінің қазасынан кейін де Бопай өзінің ұстанған бағытынан таймайды. Әбілқайырдың саясатын жүзеге асыру үшін баласы Нұралыны әке орнына 1749 жылы 26 қарашада хан тағына Елизавета Петровнаның жарлығымен отырғызып, Бопай ханым хан тағында батыл әрі нақты қадамдар жасайды. Бопай күйеуін өлтірген Барақ ханнан өшін алу үшін ең мықты Цин империясымен құда болуды көздеп ұлына оның қолында жүрген Намұрын дейтін қызға құда түседі. Бірақ бұл құда түсу ақыры ұзаққа созылмай қыз аяқ асты өліп қалады, артынша Барақ хан да дүние салады.

Канцлер А.П.Бестужев-Рюминнің Бопайға арнайы хат жазып, патша­йым атынан сыйлық жолдауы – ханым саясатының жеңісі еді. Бопайдың зерек­тігі мен тапқырлығы жөнінде ағыл­шын суретшісі Джон Кэстлдің, Әбілқайыр ордасында болған орыс шенеуніктерінің жазбаларында біршама деректер келті­ріледі» деген жазбасы бар.

Бопайтанудағы тағы бір жаңалық – XVIII ғасырдағы қазақ сарбаздарының бас қолбасшысы, саясаткер, мәмілегер Әбіл­қайыр хан және ел басқару ісінде Әбілқайыр ханның сенімді әрі ақылды серігі болып, ішкі және сырт­қы мәсе­ле­лерді шешуге атсалысып, дипло­матия­лық қатынастарды реттеп отырған тарихи тұлға Бопай ханымның дүниеге келуі­нің 325 жылдығына арнап, олар­ға қатысты деректерді жинақтап, толық­тырып Атырау облысы Жылыой ауда­нындағы Пір Бекет ата өмірге келген Ақ­мешіттің имамы, ұстаз, Ата туралы бірнеше кітап шығарған Ислам қажы Мырзабекұлы көлемді жинақ құ­рас­тырды. Бопай ананы ұлықтаған алғаш­қы еңбекке ғалымдардың зерттеу еңбек­тері, жолжазбалары, күнделіктері, ар­нау өлеңдері, ұрпақтар шежіресі, мә­дени шаралар жайлы ақпараттар топтас­тырылған.

Жуырда Маңғыстау облыстық «Рухани жаңғыру» өңірлік жобалық офисінің ұйымдастыруымен «Әбілқайыр хан және Бопай ханым» кітабының екінші басылымының таныстырылымы болды. Шараға ел ақсақалдары, облыстық, аудандық-қалалық кітапхана қызметкерлері, тарихи кітаптарға құмар оқырмандар қатысты.

– Бопай ханым туралы деректерге ден қойсақ, Әбілхайыр ханның Бопай ханымнан туған бес ұлының үшеуі әке жолымен хан болып, немерелерінің ата жолын жалғауына да ұлы анасының игі ықпалы зор болған. Оның азаматтық, қайраткерлік тұлғасы да, асыл ана ретінде тәрбиелік өнегесі де – ұрпаққа үлгі. Сондықтан оның өмірі мен мемлекеттік және қоғамдық қызметін насихаттай беруіміз керек. Өңірлік сараптау кеңесінің 2018 жылғы 24 шілде күнгі №13 отырысында «Әбілқайыр хан және Бопай ханым» атты кітап шығару, Бопай ханымның мемлекеттік және қоғамдық істері туралы ғылыми конференция ұйымдастыру жобасы талқыланған болатын. Екі бастама да сәтті іске асты. Оқырмандардың сұрауы бойынша аталмыш жинақ таралымын арттырып, екінші рет басып шығаруға қажеттілік туды. Елбасы Н.Назарбаевтың «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласында «қазіргі әдебиеттегі, музыка мен театр саласындағы және бейнелеу өнеріндегі ұлы ойшылдар, ақындар және ел билеген тұлғалар бейнесінің маңызды галереясын жасауды қолға алу қажеттігі» айтылған. Сондай-ақ «Еліміздің тарихи кезеңдерін кеңінен қамти отырып, «Ұлы Дала тұлғалары» атты ғылыми-көпшілік серияларды шығарып, тарату жұмыстарын жүйелендіру және жандандыру қажет», – делінген. Театр сахнасында Бопай ханымның көркем бейнесі сомдалды. XVIII ғасырдың көрнекті суретшісі Джон Кэстль салған сурет негізінде портреті жасалды, деді «Рухани жаңғыру» өңірлік офисінің басшысы Г.Азан. Ә.Кекілбайұлы, И.Ерофеева, С.Өтенияз, Ж.Мұқанов, т.б. авторлардың зерттеулерін, жазбаларын жинақтап бастырған Ислам қажы Мырзабекұлы қонақтарға кітап туралы, кейіпкері жайлы әңгімеледі. «Ауылыңда қарияң болса, жазып қой­ған хатпен тең» дегендей, ауыл ақсақал­дары атынан Саламат Нұрұлы кітап туралы пікір білдіріп, Әбілқайыр хан, Бопай ханым туралы ойларын айтты. Қ.Сыдиықұлы атындағы Маңғыстау облыстық әмбебап кітапханасы бұл шараға аудан-қалалардағы кітапхана қызметкерлерін арнайы шақырып, белсенді қатысты.

Бүгінге дейін даулы тақырыпқа айналып келген Әбілқайыр хан өмірі мен ұстанымы енді Бопай ханымның өмірі мен қайраткерлігін зерттеу барысында толық ашылып, таныла түседі деп ойлаймыз. Көзінің тірісінде қайраткерлік жағынан бірін-бірі толықтырған ерлі-зайыпты қос тұлғаның рухтары енді тарихи дерек ретінде бір-бірін қолдай өткен күннің терең тұңғиығына бірге тартып, тылсым сырларға бірге қанықтыра түсетіні анық.

Ақжал толқындары аласұрған Кас­пийдің жағалауындағы жас қала Ақтауда елге ұстын, ұрпаққа ұлағат берер ұлы естелікке айналып Бопай ханымның еңселі ескерткіші тұрса деген ой – бүгінгі бірқатар ұрпақтың арманына айналуда.


Маңғыстау облысы