Руханият • 18 Шілде, 2019

«Атамекен» фестивалі мәреге жетті

383 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Орал қаласында Қазақстан Республикасының халық артисі, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, әнші-композитор Ескендір Хасанғалиевтың әндерін орындаушылардың ХІ халықаралық «Атамекен» ән фестивалі мәресіне жетті.

«Атамекен» фестивалі мәреге жетті

Дәстүрлі ән фестивалінің биылғы байқауында эстрада жанры бойынша 18, романс жанры бойынша 11 қатысушы бақ сынаған болатын.

Екі күнге созылған ән сайысында эстрада жанры бойынша бас жүлдені оралдық Айбек Дәулетқалиев, романс жанры бойынша бас жүлдені тараздық әнші Дінмұхамед жеңіп алды. Олардың әрқайсысына 650 мың теңге жүлде табыс етілді.

Эстрадалық вокал бойынша бірінші орын оралдық Тарас Жауымбаевқа, екінші жүлде Нұр-Сұлтан қаласынан келген Айдын Жұмабаевқа, үшінші орын қарағандылық Самат Шонов пен нұрсұлтандық Мейіржан Самылтыровқа бұйырды. Ал өзбекстандық Рахмет Орынғалиев, атыраулық Айданақ Сағындық, ақтөбелік Ернар Дүйсеев дипломант атанды.

Ескендір Хасанғалиевтің өзі төрағалық еткен қазылар алқасы Алматы қаласынан келген қос әнші Ержан Жауынбаев пен Жандарбек Еркінбаевқа романс жанры бойынша байқаудың І және ІІ орын иегерлері деген атақ берді. Өскемендік Дәурен Сейітжанов ІІІ орынды қанағат тұтса, қостанайлық Гүлбақыт Жаңбырбаева мен тараздық Сәуле Жуатбекова дипломант атанды.

Хадиша Бөкеева атындағы Батыс Қазақстан облыстық қазақ драма театрында өткен марапаттау рәсімі гала концертпен аяқталды.