Аймақтар • 18 Шілде, 2019

Түркістан: Алты айда 1 558 құқықбұзушылық анықталған

466 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Түркістан облысы бойынша департаменті тарапынан жыл басынан бергі алты айда 32 тексеру жүргізіліп, 1 558 құқықбұзушылық анықталған. Заңсыздықтарды жою мақсатында 98 ұсыныс енгізіліп, 20 қызметкерге тәртіптік жаза қолданылыпты. Ал 9 лауазымды тұлғаға әкімшілік тарапынан іс қозғалған. Өндірілген айыппұл көлемі - 231 300 теңге.

Түркістан:  Алты айда 1 558 құқықбұзушылық анықталған

- Әдеп жөніндегі кеңес шешімімен 27 лауазымды тұлғаны тәртіптік жауапкершілікке тарту ұсынылып, оның ішінде мемлекеттік қызметшіге сай емес мінез-құлық көрсетіп, дөрекілік танытқан 2 лауазымды тұлға және сыбайлас жемқорлық фактілерін біле тұра құзырлы мекемелерге хабарламаған 1 басшы қызметінен босатылды, - деді департамент басшысы Ғалым Тұрсынбаев өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте.

Мансаптық жоғарылату ішкі конкурстар нәтижесінде 242 мемлекеттік қызметші жоғары лауазымдарға тағайындалған. Мансаптық өсу көрсеткіші 67,2 пайыз болған.  Сонымен қатар департамент басшысы «Түркістан – адалдық алаңы» жобалық кеңсемен 438 іс-шара атқарылғанын атап өтті. Бұл іс-шаралар білім беру ұйымдарынан бастау алған. Нақтырақ айтсақ, жоғары қабатта және кең кабинетте отырған 316 мектеп директорының 308-і ашықтықты қамтамасыз ету үшін 1 қабатқа ауысқан. Бұл үрдісті жалғастырған Шымкенттегі 7 денсаулық сақтау ұйымдарының бас дәрігерлері де өз кабинеттерін ауыстырды. Олар ауданы кең кабинеттерін шағынына ауыстыра ғимараттың бірінші қабатына жайғасқан. «8000-нан астам ауыл тұрғынына «Ашық Түркістан» жобасы аясында құқықтық, заңнамалық көмектер көрсетіліп, 40 ауылдық әкімдіктерде тұрғындарға қолжетімді тегін WI-FI, стационарлы тегін телефон, компьютер және принтерлер қойылды.  Бұл жоба аясында қоғам арасында  адалдық, парасаттылық негіздерін қалыптастыру мақсатында облысымызда соңғы 6 ай ішінде жобалық кеңсе бастамасымен,  818 «адалдық дүкені» ашылды», - деді Ғ.Тұрсынбаев.

Айта кетелік, Түркістан облысында барлығы 606 мемлекеттік орган жұмыс істейді. Оның 445-і жергілікті атқарушы және 161-і орталық органдардың аумақтық департаменттері.

 

Түркістан облысы