Аймақтар • 18 Шілде, 2019

Түркістан: «Ауыл - ел бесігі» жобасы бойынша 7 елді мекенге 4 млрд теңге бөлінген

408 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Түркістан облысында құрылыс өте қарқынды. Бірінші жартыжылдықта 52,2 млрд теңгеге құрылыс жұмыстары жүргізіліп, нақты көлем индексі 116 %-ды құрады, 298,2 мың ш.м. тұрғын үй (2537 пәтер) пайдалануға беріліп, өткен жылдың осы мерзімімен салыстырғанда 47,4%-ға артқан. Еліміз бойынша ең көп нысандар салынып жатқан өңірде 2537 пәтер пайдалануға берілген. Түркістандағы халықаралық әуежай 2020 жылы, ал оған баратын жол биылғы жылдың соңында пайдалануға берілмек.

Түркістан: «Ауыл - ел бесігі» жобасы бойынша 7 елді мекенге 4 млрд теңге бөлінген

Түркістан облыстық мәслихаттың кезектен тыс қырық бірінші сессиясының жұмысында осындай деректерді келтірген өңір басшысы Өмірзақ Шөкеев Президент бақылауында тұрған Түркістан мен Арыс қаласындағы құрылыс жұмыстарының қарқыны бәсеңдемейтінін мәлімдеді. «Биыл әкімшілік-іскерлік орталықта 7 нысан пайдалануға беріледі деп жоспарланған. Ал рухани-мәдени орталығында 11 нысанның 4-еуі жыл соңына дейін тапсырылады», – деген өңір басшысы Арысты қалпына келтіру мәселесі де басты назарда екенін айтты. Бүгінде Арыс қаласында 5 646  тұрғын үйді қалпына келтіру жұмыстары басталып, оның 1100-ден астамы қалпына келтірілген, 3 тұрғын үйдің құрылысы жаңадан жүргізіліп аяқталды. Жыл басынан бергі атқарылған жұмыстар жөнінде баяндаған облыс әкімі 43 елді мекен орталықтандырылған ауыз су  құбырымен қамтамасыз етілгенін, ауыл шаруашылығы саласында тамшылатып суару, жылыжай шаруашылығын құру сияқты тиімділігі зор тәжірибелер енгізіліп жатқанын атап өтті. «Ауыл - ел бесігі» жобасы бойынша 7 елді мекеннің әлеуметтік - экономикалық жағдайдың жақсарту мақсатында 89 жобаға 4 млрд. теңге бөлінген. «Күз айларында аудан орталықтары мен бағдарламаға енген елді мекендер жаңарып қайта түлеуі керек», - деді облыс әкімі.

Түркістан облысы бизнесті дамыту бойынша өңірлердің арасында екінші орында тұр. Инвестиция көлемі 39 пайызға өскен. Сондай-ақ, облыс дамуындағы басым бағыттардың бірі туризм болып отыр. Туризмнің зияратшылық, археологиялық, табиғатты тамашалау, тау шаңғысы сияқты салаларын дамыту жоспарда бар. Өңірде  бала-бақшамен қамту көрсеткіші 96 пайызға жетіп отыр. 1-шілдеге дейін әлеуметтік жағдайы төмен 71 мыңға жуық отбасыға атаулы әлеуметтік көмек тағайындалған. Облыс бюджетінің жалпы көлемі 682,8 миллиард теңге, алты айда бюджет қаржысы 99 пайызға игерілген.  «Инвестиция көлемін биыл 20 пайызға арттыруымыз қажет. Сондай-ақ «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасы аясында, жиһаз, тамақ, тоқыма салалары бойынша іске асырылатын жобаларды көбейтіп, жаңа жұмыс орындарын құруымыз керек. Кәсіпкерлерге жан-жақты қолдау көрсетіп, мемлекеттік-жекеменшік әріптестікті дамытатын боламыз», – деді облыс әкімі. Сондай-ақ облыс әкімінің айтуынша, тиісті мекемелерге ауыл шаруашылығы жер телімдеріне аудит жүргізу және жер кадастрының ақпараттық жүйесін цифрландыру, бюджет қаржысын қадағалау, мемлекеттік мекеме басшыларының жауапкершілігін күшейту жүктелген. Әрбір тапсырманың орындалуы бойынша қадамдық жол картасы әзірленіп, орындалу мерзімі, атқарушы органдар мен олардың жауапты мамандары бекітілмек.


Түркістан облысы