Жиынның басты тақырыбы Үкіметтің кеңейтілген отырысында мемлекет басшысының әлеуметтік-еңбек саласы бойынша берген тапсырмаларын іске асыру болды. Жаңа жұмыс орындарын құру, мекенжай әлеуметтік көмегін беру, еңбек құқықтарын сақтау мәселелері жөнінде де сөз қозғалды.
Атырау облысы әкімінің бірінші орынбасары Серік Шапкенов биылғы 1 сәуірден бері өкілетті органдарға АӘК бойынша кеңес сұрап 14 314 адам келгенін атап өтті. Қазір аймақта 32 670 адам (5 748 отбасы) мекенжай әлеуметтік көмегін алады.
Министр Бердібек Сапарбаев биыл жастарды, мүмкіндігі шектеулі жандар мен аз қамтылған отбасыларды мемлекеттік қолдау шараларының аясы кеңейгенін, Президент тапсырмасымен жеңілдетілген несие беру, үйінде істейтін әлеуметтік жұмыс орындарын ашу, бизнес негіздеріне, жаңа мамандықтарға оқытуға қосымша 50 млрд теңге бөлінгенін айтты. Мүмкіндігі шектеулі жандарды оңалтудың техникалық құралдармен толық қамтамасыз етілуі маңызды екеніне тоқталған министр Ақтөбеде «Әлеуметтік қызметтер порталы» қанатқақты жобасы басталғанын атап өтті. «Бұл мүгедек жандарға мемлекеттік сатып алуға қарамай, қажетті техникалық құралдар мен қызметтерді өзі, жеке ерекшеліктерін ескере отырып алуға мүмкіндік береді»,-деді Бердібек Сапарбаев. Министр еліміздің барлық облыстарында оңалту орталықтары болуы тиіс екенін айтып, ендігі кезекте аудандарда шағын кешенді орталықтар ашылатынын мәлім етті.
Кеңесте, сондай-ақ, ірі кәсіпорын басшыларына қызметкерлерінің еңбек құқықтарын сақтау, қауіпсіз еңбек жағдайын қамтамасыз етіп, қазақстандық жұмысшылар мен шетелдіктерге бірдей жағдай жасалуы керектігі айтылды.
ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі жұмыс сапары кезінде Атыраудағы әлеуметтік қызметтер орталығы мен халықты жұмыспен қамту орталығының қызметімен танысып, аймақта атқарылып жатқан істерге оң баға берді.
АТЫРАУ