Аймақтар • 18 Шілде, 2019

«Crown Батыс» «Тұлпарға» айналады

340 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Батыс Қазақстан облысы Бәйтерек ауданында көп жылдан бері қаңтарылып тұрған «Crown Батыс» бордақылау кешеніне жаңа инвестор келді. 18 шілде күні өңір басшысы Ғали Есқалиев пен қарағандылық «Тұлпар» ЖШС бас директоры Роман Гуссамов кездесіп, кәсіпорын жұмысын жандандыруға байланысты түрлі мәселелерді талқылады.

«Crown Батыс» «Тұлпарға» айналады

Роман Гуссамовтың айтуынша, бордақылау кешенін қалпына келтіру жұмыстары биылғы тамыз айынан басталмақ. Инвестор біраз жыл тұрып қалған кешен жұмысын жолға қою үшін 4,2 миллиард теңге қаржы құйылатынын мәлімдеді.

- Біз бұл қаржыны жылдың соңына дейін игереміз. Яғни, бір ай ішінде бордақылау алаңдарының аймағы қалпына келтіріледі, ал қыркүйектен бастап ет комбинатын іске қосамыз. Бордақыға байланатын малды сатып алу да сол кезден басталады. Бастапқыда 2 мың бас мал семіртуге байланса, оның саны жыл соңына дейін 7 мың басқа жетеді. Ет комбинатында мал етін тұтасымен де, бөлшектеп те дайындаймыз. Бұрынғы «Crown Батыс» өнімін негізінен шетелге сатса, біздің өнім қарапайым халыққа, орта тап өкілдеріне ешқандай алыпсатар делдалсыз сатылады, - деді Роман Гуссамов. 

Белгілі болғандай, «Тұлпар» ЖШС Орталық Қазақстан өңірінде ғана емес, Нұр-Сұлтан және Алматы қалаларында, Көкшетау мен Қостанайда да ет өнімдерін сатумен танымал болған кәсіпорын екен. Енді Орал қаласында да «Тұлпардың» тек өз тауарлары сатылатын фирмалық дүкені ашылмақ.

Жаңарған кешен бордақыға қойылатын малды Батыс Қазақстан облысы аумағынан сатып алады. Сондай-ақ кәсіпорын толық қуатына кіріскенде мұнда 160 адам тұрақты жұмыс істейді.

Айта кетейік, бір мезгілде 8,5 мың бас сиырды бордақылай алатын қуаты бар «Crown Батыс» кешені 2010 жылы ашылған болатын. Арада үш жыл өткенде кәсіпорын басшысы «алаяқтық жасады» деген айыппен қылмыстық жауапкершілікке тартылып, сотталып кетті. Сот-тергеу органдарының пікірінше, кәсіпорын басшысы жалған құжат жасап, мемлекеттің 13 миллион 828 мың теңге көлемінде субсидия қаржысын негізсіз алған. Сот ол қаржыны да өндіріп алуға шешім шығарған.


Суретті түсірген Темірболат ТОҚМӘМБЕТОВ


Батыс Қазақстан