06 Сәуір, 2013

Бройлер тауықтарын өсіру

4395 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін

Бройлер тауықтарын өсіру

Сенбі, 6 сәуір 2013 2:11

Жалпы, құс, соның ішінде тауық атаулыны өсіру қазақ үшін жат дүние емес. Бірақ қандай тауық өсіру керек және оны не үшін өсіреміз деген мәселеге келгенде, бұл туралы көп ойланып жатпайтындығымыз аңғарылады. Ал, негізінде, осы істі кәсіп ретінде қарастыратын болсақ, тек тауық өсірумен ғана өз жағдайыңызды түзетіп алуға болады екен. Мамандар соның ішінде, әсіресе, бройлер тауығын өсірген пайдалы деп отыр.

 

Сенбі, 6 сәуір 2013 2:11

Жалпы, құс, соның ішінде тауық атаулыны өсіру қазақ үшін жат дүние емес. Бірақ қандай тауық өсіру керек және оны не үшін өсіреміз деген мәселеге келгенде, бұл туралы көп ойланып жатпайтындығымыз аңғарылады. Ал, негізінде, осы істі кәсіп ретінде қарастыратын болсақ, тек тауық өсірумен ғана өз жағдайыңызды түзетіп алуға болады екен. Мамандар соның ішінде, әсіресе, бройлер тауығын өсірген пайдалы деп отыр.

Себебі, бройлер – тез өсіп жетілетін, еті жұмсақ та дәмді болып келетін, азықтандыру шығындары оны өсірушіге неғұрлым арзанға түсетін тауық түрі. Әдетте бройлер тауығын 6-9 аптаның ішінде, салмағы 1,5-2 килоға жеткен кезде сойып, пайдаланады. Бройлер еті диеталық тағам түріне жатады. Оның етінің құрамында 22,5 пайызға дейін белок болады. Бұл белоктардың 92 пайызы адам денсаулығы үшін өте пайдалы амин қышқылдарынан тұрады.

Бройлер тауықтарының мына түрлері қолдан өсіруге қолайлы депесептеледі:

Корнуэль тауығы (корниш). Бұл тауық түрі ең алғаш малай халқы өсіретін азиль тауығын жергілікті тауықтармен будандастыру нәтижесінде Англияда пайда болған.

Жұмыртқа – ет бағытындағы плимутрок тауығы. Ол алғаш рет АҚШ-та пайда болған. Бұл тауық түрлері шұбар, ақ және басқа да түрлерді қамтиды.

Сондай-ақ, бройлер тауығының кучиндік юбилейлік, панцирлік, род-айланд, нью-гемпшир, бірінші мамыр тұқымдарын да пайдалануға болады.

Бройлер тауықтарын күту жолдары. Бройлер тауығын күту үшін ең алды­мен оларды орналастыратын орын-жайларды таңдап алу қажет. Орын-жай, біздің тілмен айтқанда, тауық қора, мынадай талаптарға жауап беруі тиіс. Ең алдымен қорада тауықтар еркін қозғала алатын кеңістік болуы керек. Өйткені, ауа райының қолайсыз жағдайында, әсіресе, қысқы маусым кездерінде тауықтар бұл қорада тәулік бойы ұсталады. Екіншіден, тауық қора бройлерді сыртқы қолайсыз ауа райы жағдайынан қорғай алатындай жылы да жарық болуы тиіс. Сонымен қатар, мұнда ауаны тазартып отыруға мүмкіндік беретін желдеткіштің болғаны да жөн және тазартуға жеңіл болуын да ойластыру керек.

Бройлер балапандарын өсі­ру тәсілдері. Әдетте бройлер тауық­тарын өсіру үшін олардың балапанын бройлер құстарын өсіретін фабрикалардан немесе стансалардан сатып алады. Балапанды туған бетте, яғни бір тәулік пен үш тәуліктің аралығында сатып алған жөн. Сатып алынған балапандарды алғашқы кезде тор ішінде ұстайды. Мұндай жағ­дайда балапандар жедел салмақ қосады және қимыл-қозғалыстары шектеулі болғандықтан азықты да аз жейді.

Торды әр адам өзі де жасай алады. Оның едені мен алдыңғы есігіне жұмсақ шыбықтарды пайдаланған жөн. Әрбір балапанға ұзындығы кемінде 3 см.  болатын азықтандыру орны әзір­ленеді. Сонымен қатар, азық салынатын қалташаның бос тұрмауын, яғни онда үнемі азықтың болуын ескерген жөн. Тордың ішіне балапандардың ішуіне су құятын орын әзірлеп қою қажет. Ол да судан бос тұрмағаны жөн.

Балапандар өсіп жетілген кез­де оларды тауық қораларға жөнелтуге болады. Мұнда балапандар тез өсіп жетілу үшін тем­ператураның тұрақты болғаны жөн. Балапандарды жиі-жиі азықтандырып отырған жағдайда олар 48-70 күннің ішінде 1,5 кило салмаққа дейін жетеді.

Бройлер балапандарын азық­тандыру үшін құрамында қа­жетті витаминдер мен минералды қоспалары бар  арнаулы құрғақ құрамажем пайдаланылады. Азық­тың бұл түрі тауық қорада тәулік бойы тұрақты түрде болғаны жөн.

Бройлер тауықтарын азық­тан­ды­ру жолдары. Бройлер тауық­тарын азықтандырудың өзіндік ерекшеліктері бар. Өйткені, мұндай тауық түрлері құрамында азот пен белок молынан кездесетін құнарлы азық түрлерін қа­жет етеді. Мұндай құнарлы заттар ең алдымен астық дәндерінде молынан кездеседі. Бройлер тауығы жейтін азық­тың 3/2 бөлігін астық дәндері, ал қалған бөлігін түрлі тамақ қалдықтары мен минералды заттар құрағаны жөн.

Бройлер тауықтарының жұ­мыртқалау кезінде оларға берілетін азық құрамында кальцийдің мо­лырақ болғандығын ескеру қажет. Осы кезде оған құрамында молынан кездесетін құрамажем әзірлеп беру керек. Егер азық құрамында кальций жеткіліксіз болса, онда тауықтар еден сылақтарын шұқи бастайды. Тіпті кейбір жағдайда өз жұмыртқаларын шұқып, оларды жарып та тастайды. Ал жұмыртқалау кезеңі аяқталған шақта оларды астық дәндерімен және түрлі тағам қалдықтарымен азықтандыра беруге болады.

Жазғы уақыттарда тауықтарды дала­ға шығарып, жайып алған жөн. Бұл кезеңде тауықтар еркін жайылу арқылы өз ағзаларына қажетті азық құрамын өздері тауып жей алады. Ал қысқы кезеңде қолда тұрғанда олар жеміс тамырларымен, жо­ңыш­қа­мен және ұнтақталған қалақаймен азықтандырылады. Әрине, қысты күні тауыққа қажетті жасыл өсімдіктер тауып беру қиын болатындықтан, азық ра­ционына картоп, азықтық қызылша, сәбіз және шөпті қосуға болады. Тауыққа жұмыртқалау кезінде дәннің бір бөлігін ылғалдандырып беру керек.

Бройлер тауықтарын өткізу. Брой­лер тауықтарын өткізу үшін ең алдымен олардың тұрақты өткізу рыногының болуын ескерген абзал. Сондықтан сіз бұл іске кіріспес бұрын бұл өнімді қай жерге өткізуге болатындығына алдын-ала зерттеулер жүргізіп көріңіз. Мәселен, кафе-ресторандарға барып, олардың қожайындарымен сөйлесіп, келісім жасау арқылы өз өнімдеріңізді шағындап өткі­зе аласыз. Егер сіз оларды тұрақ­ты түрде бройлер өнімімен қам­тамасыз ете алатындығыңызға сенімді болсаңыз, бұл мәселе олардың көңілінен шығуы әбден мүмкін. Өйткені, адамдар көбірек тұтынатын сапалы да дәмді өнім түрін тұрақты түрде жеткізіп бере алатын сенімді серіктестің пайда болуы ең алдымен олардың өз бизнесін тұрақтандыруына қолайлы жағдай туғызатындығын ескеріңіз.

Бройлер өсірудің мөлшерлі шығындары:

Бір балапан шамамен алғанда 300 теңге тұрады. Егер сіз 30 балапан сатып алатын болсаңыз, оған 9 мың теңге жұмсайсыз.

Бройлер тауығына қажетті 1 кило азықтың бағасы 67 теңге. Оларды 2 ай азықтандыру үшін сізге кемінде 80 килодай жем қа­жет болады. Сонда сіздің оған жұмсайтын шығыныңыз шамамен алғанда 5500 теңгені құрайды.

Сөйтіп, сіз 30 балапанды сатып алып, оларды азықтандырып өсіріп жеткізу үшін барлығы 15 мың теңге көлемінде шығын шегесіз.

Бройлер өсіруден түсетін мөлшерлі кірістер:

Бір бройлер тауығын сатқанда одан кем дегенде 1200 теңге пайда табуға болады. Сонда сіз 30 тауықтан 36 мың теңге пайда көре аласыз.

Әдетте, бұл кәсіппен шұғыл­данған адам тек 30 балапанды сатып алып бағумен шектелмейтіні анық. Өйткені, бұл кәсіптен дұрыс пайда көру үшін ең кемінде жүздеген тауық өсіру қажет. Сонда ғана сіздің жоғарыдағы табысыңыз бірнеше еселеп арта түсетін болады.

Сонымен қатар, кейбір адамдар бройлер тауығын жұмыртқа алып, сату үшін де өсіреді. Қазіргі күні жай тауықтардың жұмыртқасының өзі базарларда 200 теңгенің маңа­йында екендігін ескерсек, сіз бройлер тауығының жұмыртқасын алып сату арқылы өз табысыңызды одан әрі еселей түсетін боласыз.

Пайдалы кеңестерді мына сайттардан алуға болады:

http://yesyes.ru/business-98-page-3.html

http://subscribe.ru/arcive/food.yhastok/201001/03121233.html

http://webfermer.narod.ru/broiler_doma.htm

 

Әзірлеген

Сұңғат ӘЛІПБАЙ,

«Егемен Қазақстан».