Аймақтар • 18 Шілде, 2019

Сенат депутаттары Қаратөбе ауданының тыныс-тіршілігімен танысты

573 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Батыс Қазақстан облысында жұмыс бабындағы сапарда жүрген Парламент Сенатының депутаттары Ерболат Мұқаев пен Нариман Төреғалиев Қаратөбе ауданына болды. Кезекті сессия жұмысын қорытындылаған Парламент депутаттары өңірлерді аралап, жұртшылықтың тыныс-тіршілігімен танысу және мұң-мұқтажын анықтау мақсатында елді-мекендерді аралауда.

Сенат депутаттары Қаратөбе ауданының тыныс-тіршілігімен танысты

Сенат депутаттары ең алдымен аудан басшысы Жанат Асантаевпен бірге аудандық жұмыспен қамту орталығының жұмысымен танысып, мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмек алушы көп балалы отбасылармен кездесті. Сенаторлар аудан ақсақалдарымен, аудандық мекемелердің, шаруа қожалықтарының басшыларымен және белсенді жастармен жүздесіп, жергілікті жердегі өзекті мәселелерге құлақ түрді. Кездесулер барысында Елбасының Жолдауы мен Президент алға қойған міндеттер кеңінен түсіндіріліп, аудандағы жалпы шешімін таппай жүрген жол салу мәселесі көтерілді.

Сенат депутаттары «Жасыл ел» бағдарламасы бойынша аудан жастарының ауылдағы су тапшылығын жою мақсатында әзірлеген «Бұлақ көрсең, көзін аш» атты жобасын бірауыздан қолдайтындарын жеткізді. Өңірдегі келелі мәселелерді талқылағаннан кейін депутаттар аудан тұрғындарын жеке басының мәселесі бойынша жеке қабылдады. Қабылдауда көпбалалы аналардың зейнетақы жасына өзгеріс енгізу, Қазақстан Республикасының Жер кодексі мен «Мемлекеттік сатып алу туралы» заңына өзгерістер енгізу, «Дипломмен – ауылға» бағдарламасы бойынша тұрғын үй құрылысын жүргізу үшін кезексіз жер беру, ауылшаруашылығы өнімдерін өндіруге қатысты ұсыныстар айтылды және оған депутаттар тарапынан толық түсіндірме берілді. Сенат депутаттары аудандағы халық игілігі үшін салынып жатқан нысандардың бірі – бір пәтерлі 67 тұрғын үй кешені құрылысымен танысты. Маусым айында бастау алған құрылыс жұмыстары қазіргі таңда жалғасын табуда.