Қоғам • 19 Шілде, 2019

Мешіттер – пайдаға кенелетін орын емес

917 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін

Қызыл империяның қыспағынан құтылып, кеңістікке жол тартқан ұлт рухы ізгілік пен мейірімнің шуағына бөленген шақтарда елімізде көптеген мешіттер бой көтерді. Қазақтың қанында бар қарапайым қасиет бүгінгі таңда да болмысынан жоғалған жоқ. Еліміздің қай қиырында болсын, тек қана Алла разылығы үшін мешіт салып, оны халықтың игілігіне беріп жатқан азаматтар жетерлік.

Мешіттер – пайдаға кенелетін орын емес

Бүгінгі таңда Жамбыл облысы бойынша 296 мешіт бар. Түркістан және Алматы облыстарынан кейінгі елі­міз­де мешіті көп мекен осы Әулие­ата өңірі. Бұл мешіттердің және мұн­дағы имамдардың бәрінің де ел үшін, ислам діні үшін қызмет етіп келе жат­қаны күмән тудырмайды. Жамбыл облыстық дін істері басқармасының басшысы Жангелді Омаровтың ай­туынша, өткен жылы «Нұр-Мүбәрак» университетінің оқытушыларының қатысуымен өңір­дегі жүз имамға арналған екі апта­лық оқыту курсы ұйым­дасты­рылыпты. «Бұған дейін имамы болмаған облыс­тағы 16 мешіттің де мәселесі толы­ғы­мен шешімін тауып, діни қызмет­шілермен қамтылды. Сонымен қатар «Зайырлылық және дінтану негіз­дері» пәнінен сабақ беретін барлық мұға­лім­дер арнайы курстан өтті. Ал келесі жылы 220 имамды оқыту жоспарлануда», дейді басқарма басшысы.

Солай бола тұра, өңірде дін саласына қатысты мәселе де жоқ емес. Облыстағы жеке меншік иелігіндегі мешіттердің ғимараттары мен жер телімдерін Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының меншігіне өткізу мәселесі ойдағыдай болмай тұр. Облыстық дін басқармасының Діни басқарманың меншігіне өтуі тиіс 39 мешіт туралы берген ақпаратында өңір­дегі 16 мешіттің мүфтияттың мен­шігіне өткені, 19 мешіттің құжат­тары рәсімделіп жатқаны және 4 мешіт­тің иелері өткізуге қарсы екені көр­сетіл­ген. Тағы бір айта кетерлігі, кезін­де мешіт салған кәсіпкерлердің кейбі­реуі­нің өмірден өтіп кетуіне, болмаса мешіт атын иеленген кісінің дүние салуына байланысты да мәселелер 
туындап жатыр екен. Жері біреудің, ал мешіт екінші біреудің атында сияқты да мәселелер бар.

Мешіттің бір Алланың ғана разы­лығы үшін салынатыны белгілі. Әрі бұл халықты иман тұрғысынан, руханият биігінен де тәрбиелеуге елеулі ықпал етеді. Алайда, салынып қойған мешітті Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының меншігіне өткі­зу­ден, не болмаса өткізбей қоюдан соны салған кісіге қандай пайда, не зиян келуі мүмкін деген сауал туады. Ал діни басқарма мешітті өз мен­шігіне алғанда, оны тек билік жүр­гізу үшін алмайтыны белгілі. Бұл тұр­­ғы­да Қазақстан мұсылмандары ді­ни бас­қармасының өңірдегі өкі­лі, об­лыс орталығындағы «Һибатулла Тарази» мешітінің бас имамы Данияр Жұмабаев та өз пікірін білдірді. «Осы­дан біраз жылдар бұрын өңірдегі біраз мешіттер белгілі бір мекеменің, болмаса бір жеке кәсіпкерліктің атында болған. Тіпті жабылып қалған мекемелерге де тіркелген мешіттерді білеміз. Ал кейбір кісілер бұзылып кеткен үйінің орнына мешіт салған. Енді кейбір азаматтардың қайтыс болып кетуіне байланысты да түрлі қиындықтар туындауда. Мұндай түрлі мәселелерде қазір біздің тараптан жұмыстар жүргізілуде. Мәселен, Тараз қаласындағы «Молда Мұхамеджан» мешітінің иесі қайтыс болғандықтан, мұрагерлік бойынша жұмыстар атқарылып жатыр. Ал мешіттерді діни басқарманың мен­шігіне өткізгенде оның иесі жеке бір адам болмайды. Бірақ мешіт әрі қарай жұмыс істей береді. Мы­салы, бүгін мешіт салған адамның жағ­дайы ертең қандай болады? Түрлі қиын­дықтар туындағанда ол кісі мешітті сатылымға қоюы да мүмкін. Кезінде осындай жарнамаларды да көрдік қой. Ал мешіт құлшылыққа қажет. Мешіт иелері мен дін қызметкерлерінің ара­сын­дағы түсініспеушілік бұрын­нан бар. Мешіт иелері мешітті өздері бас­­қарғысы келеді. Бірақ Қазақ­стан мұ­сы­лмандары тарапынан таға­йын­­далған имам өз бағыты бойын­ша жұмыс атқарғанды қалайды. Сондық­тан жүйелі жұмыс жоқ», дейді имам.

Жалпы, барлық мешіттің асхана, мәжіліс залы және басқа да қосал­қы ғимараттары болады. Данияр Жұма­баевтың айтуынша, кейбір кісілер мешіттің біраз бөлігін өздерінің мен­шігіне алып қалатындығын айтып, талап қоюда екен. Алайда, діни бас­қар­маның өкілдігі де, жалпы жама­ғат та бұл нәрсеге қарсы. Себебі ме­шіт құлшылық орны, қасиетті үй барлық талапқа сай болуы тиіс дей­ді. Жамбыл облыстық дін істері бас­қармасының мәліметінше, өңір аудандарында 4 мешіттің иелері мешітті діни басқарманың иелігіне өткізуге қарсы екендіктерін айттық. Меркі ауданы әкімінің орынбасары Марат Қасымның айтуынша, Сұрат ауылындағы «Сұрат» мешітінің иесі Әли Жұматаев құлшылық үйін  мүфтият меншігіне өткізуге қар­сы емес екендігін жеткізді. «Сұрат ауылын­дағы бұл мешіт осыдан 6-7 жыл бұрын ашылды. Құлшылық үйі барлық талапқа сай салынған. Ішінде үлкен асхана бар. Мешіт иесі оның асханасын өз меншігіне алып қалғысы келеді. Себебі мешітті өз қара­жатыммен қамтамасыз етемін дейді кәсіпкер», дейді әкімнің орынбасары. Ал ауылға мешіт салып берген кәсіпкер азаматтың өзі шетелде болуына байланысты сөйлесе алмадық. Мұндай мәселе Шу ауданында да бар екен. Аудан әкімінің орын­басары Клара Исаққызы да Ақсу ауылындағы «Баласағұн» мешітінің иесі шетелде екенін айтты. Бірақ әкім­нің орын­басары бізге мешіт иесі­нің бұл мә­селеге қарсылығы жоқ еке­нін, тек құжаттарының мәселесі рет­тел­мей жатқанын жеткізді. Ал Т.Рыс­құлов аудандық ішкі саясат бөлімі­нің басшы­сы Ләззат Өтеулиева Еңбек­ші ауылындағы «Қалқабай ата» меші­тінің де құжат мәселесі жөнінен қиын­дық­тар болып жатқанын, алайда иесі қарсы емес екенін мәлімдеді. Бірақ аудан орталығы Құлан ауылындағы «Сұлтан» мешітінің иесі бұл мәселеге қарсылық танытып отыр екен. «Мен мешіт иесі Сәбит Садықовқа бұл мә­селе жөнінде айтқанмын. Тіпті хат та жаздым. Алайда, ол кісі өзі салған ме­шітіне өзі бақылау жасап отырғысы келе­тінін айтты», дейді аудан әкімінің орын­басары Бейсенбек Әлпейісов.

Расында өңірде бірқатар мешіттерді діни басқарманың меншігіне өткізуде осындай қиындықтар туындап отыр. Бұл мәселе Жамбыл облысының әкімі Асқар Мырзахметовтің қатысуымен өткен жиында да сөз болған еді. Жиын барысында әкім тиісті басшыларға бұл мәселені оң шешуді тапсырған да бола­тын. Бірақ мұнда бір ғана мәселе бол­май тұр. Мәселен, жоғарыда айт­қаны­мыздай, мешітті салған немесе оның атын иеленген кісінің өмірден озып кетуіне байланысты көп мәселе бар екен. Ал құжат мәселесін реттеу үшін біраз қаражат керек. Өңірдегі өкіл имамның айтуынша, кейбір осындай мәселелер мешіт иелерінің өз тарапынан-ақ шешімін тапса, ал кейбіреулері тығырыққа тірелуде.

«Көп кісілерді мешітті діни бас­қар­маның меншігіне өткізсек, біз елеусіз қаламыз ба деген ой мазалайтын сияқты. Одан кейін бәзбір кісілер үшін өз меншігіндегі дүниені өткізе салу да оңай емес. Аллаға құлшылық үйі Қазақстан мұсылмандары діни басқармасына тиесілі болған соң, мешітте оның имамы, алқа мүшелері және тексеру комиссиясы болады. Ол кісілер жамағатқа мешіттің кірісі мен шығысы туралы есеп беріп отырады. Ал жекеменшік мешітте олай болмайды. Тіпті мешіт салып берген кейбір азаматтардың мешітке түскен қаражатқа дейін араласатынын естиміз. Керісінше, Алланың разы­лығы үшін мешіт салып беріп, құл­шылық үйінің коммуналдық шығы­нынан бастап, имамның айлығына дейін өзі реттеп отырған жомарт жандар да бар», дейді Данияр Жұмабаев.

Айта кетейік, діни басқарманың меншігіне өтуі тиіс өңірдегі мешіт­тердің алды осыдан кемі он жылдан астам, соңы бес-алты жыл бұрын салынған. Ал биыл Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, бас мүфти Серікбай қажы Ораздың бұйрығымен, еліміздегі мешіт салудың ережесі бекітілді. Егер осы талап орындалса ғана мешіт салуға рұқсат беріледі екен.

Ел білсін, білмесін, көрсін, көр­месін, бір ғана Жаратушының рақы­мына бөлену мақсатында салынған мешіттің діни басқарма иелігінде бол­ғаны құптарлық. Себебі Қазақ­стан мұсылмандары діни басқар­масы еліміздегі бейбітшілік пен тыныш­тыққа өзіндік үлес қосып отырған мекеме. Ал имамдардың мемлекет тарапынан айлық алмайтынын ескерсек, бұл бас­тама да олардың өз күндерін өздері көруіне тиімді болар еді. Әйтпесе, мешіт асханасы арқылы ақша табатын, мәжіліс залын жалға беріп пайдаға кенелетін орын емес. Мұсылман ниетінің оның амалынан да қайырлы екені айтылған ақиқат діннің шұғыласы тек бір Құдайдың кеңшілігіне бөленуде жатқанын ұмытпасақ игі.

 

Жамбыл облысы