Туристік керуенге жастар 22 шілдеге дейін жалғасатын конкурс арқылы қатыса алады. Іріктеуден өткен белсенділер еліміздің 7 өңіріндегі туристік орындар мен киелі жерлерді аралап, өз әсерлерін әлеуметтік желілер арқылы бөліседі. Сондай-ақ олар осы жерлердің туристік әлеуетін арттыруға арналған ұсыныстарын да айтатын болады.
«Қазірге дейін 1000-нан астам ұсыныс түсті. Өтініш білдірушілердің саны 2000-ға жетеді деп күтудеміз. Нәтижесі 25 шілдеде жарияланады. Іріктеуден өткен жастар 12 тамызда Нұр-Сұлтан қаласында отандық эстрада жұлдыздарының қатысуымен слет өткізіп, 13 тамызда 7 бағыт бойынша жолға шығады. Олар 4 күн бойы Ақмола, Алматы, Қарағанды, Павлодар, Орал, Өскемен, Шымкент қалаларындағы туристік нысандар мен киелі орындарды аралап, өз ойларын әлеуметтік желілерде жариялайды. Сапар соңында жастардың еліміздің туризм инфрақұрылымын шешуге арналған ұсыныстарын жинақтап тиісті мемлекеттік органдарға жолдаймыз», дейді Орталық коммуникациялар қызметінде өткен тұсаукесерде сөз алған Қазақстан жастар конгресінің атқарушы директоры Тоқтар Болысов.
Жастармен бірге танымал блогерлер, вайнерлер және актерлер де саяхат жасайды. Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі Жастар және отбасы істері комитеті төрағасының орынбасары Шахмардан Баймановтың айтуынша, Жастар жылында 89 жобаны жүзеге асыру жоспарланған. «Jastar kerýeni» – соның ішіндегі ең ірілерінің бірі. «Бұл жоба арқылы туған өлкеміздің тарихын танытып, көрікті жерлерін көрсете аламыз. Сондай-ақ жұртшылыққа біз біле бермейтін жерлерді насихаттауға мүмкіндік тумақ», дейді Шахмардан Байманов.