«Мыңбұлақ» шағын ауданының тұрғыны Лаура Азатбекова үй маңындағы дүкеннен әдеттегідей нан алып келеді. Түскі ас ішуге дастарқан басына отырған ол тандыр нанды тураған кезде арасынан шеге шығады. Мұндай жағдай болады деп ойламаған тұрғын бұл көріністі дереу бейнекамераға түсіреді. «Балалар үйде болмай қалды. Әйтпесе, олар нанды тістеп жегенде не болатын еді?! Енді санэпидқадағалау мекемесі мұндай оқиғаларды болдырмау үшін бәрін қарап, тексеріп шықсын», дейді ол. Шынында да ас атасының ішінен шегенің шығуы жаға ұстатарлық жағдай. Елімізде мұндай өрескел жағдай бір бүгін емес, бұрын да болған.
Тараз қаласындағы бұрынғы көк базар маңындағы ескі сарайға орналасқан наубайханада санитарлық талаптар мүлде сақталмаған. Сырты кір ыдысқа су қайнатып, қамырды жерде жатқан кірленге илейді екен. Ал ашыған қамырдың үстіне үй жағдайында жамылатын кір көрпені жауып қойған. Тандыр нанның осындай жағдайда дайындалғанына қарамастан, тандыр иесінің бұл кәсібі өрге домалап тұр. Жергілікті халық көбіне тандыр нанға әуес.
Дей тұрғанмен, жергілікті тиісті мекемелер кәсіпкерлерге тікелей тексеріс жұмыстарын жүргізуге дәрменсіз. Неге десеңіз, кәсіпкерлікті қорғайтын заң бар. Осыны пайдаланған кейбір кәсіпкерлер ешқандай жауапкершіліксіз жұмыс істеп отыр.
Жамбыл облысы