Аймақтар • 19 Шілде, 2019

Полиция департаменті жолда да, желіде де қабылдайды

416 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Қостанай облысының орталығында «Жолдағы қабылдау» республикалық акциясының кезекті кезеңі өтіп жатыр. Полиция қызметінің ашықтығының арқасында қала тұрғындары көкейкесті сұрақтарын қоя алады. Сұрақтардың басым көпшілігі көші-қон мен жол қозғалысы ережелеріне қатысты. Азаматтарды облыстық ПД бастығының міндетін атқарушы полиция полковнигі Нығмет Исмағұлов және басқа да қызмет бастықтары қабылдады.

Полиция департаменті жолда да, желіде де қабылдайды

Акция осы жылы төртінші рет өткізіліп отыр, халықпен тығыз жұмыс істеу өз нәтижесін беруде. Тұрғындар тарапынан келіп түскен ұсыныстарды қабылдай отырып, қаладағы тәртіп, атап айтқанда жол қозғалысы ережелерін сақтау жақсарды.

Мысалы, 2019 жылдың 6 айында Қостанай облысының аумағында ЖКО 7,1% - ға, сондай-ақ қаза болғандардың саны 5%-ға төмендеген. Жол қозғалысы қауіпсіздігінің алдын алу мақсатында 2019 жылы 7 жедел-профилактикалық іс-шаралар мен акциялар ұйымдастырылды. Атап өтсек, ол «Қауіпсіз жол», «Назар аударыңыз, жаяу жүргінші!», «Автобус» және «Жолдағы қабылдау» акциясы.

Бүгінгі «Жолда қабылдау» акциясында полиция көмегіне 100-ден астам адам жүгінді. Сондай-ақ, азаматтарды қабылдау полиция департаментінің «Инстаграм», «Фейсбук» әлеуметтік желілерінде тікелей эфирде көрсетіліп жатыр. Әлеуметтік желі пайдаланушылар тікелей эфирде өз сұрақтарын қойып, кеңестер мен нақты жауаптар алды. Қазіргі уақытта тікелей эфирде 600-ге жуық желі пайдаланушысы қосылып, 30-дан астам сұрақ қойылды.

Естеріңізге сала кетейік, «Жолдағы қабылдау» акциясы 19-20 шілде күндері сағат 09:00-ден 19:00-ге дейін өткізіледі.

Облыс орталығында 20 шілдеде акция Абай даңғылы бойындағы «Астықжан» сауда орталығы маңында жалғасады.

Кенже Қонысбай,

Қостанай облысы ПД баспасөз қызметшісі