20 Шілде, 2019

Өскеменде «Ізгі жүрек» сыйлығы тапсырылды

518 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

4 жастағы бүлдіршінге көмектескен семейлік 8 сынып оқушысы Виктор Новоселовке тапсырылды.

Өскеменде «Ізгі жүрек» сыйлығы тапсырылды

 

Кеше Өскемендегі «Восток» стадионында өткен металлургтер күніне арналған мерекелік шара барысында «Ізгі жүрек» сыйлығының қорытындысы шығарылды. Бұл жолғы сыйлық (500 мың теңгенің сертификаты мен естелік статуэтка) риддерлік 8 сынып оқушысы Вячеслав, өскемендік полиция Асқар Құлжынов пен облыс орталығының тағы бір тұрғыны Меруерт Темірбаеваға тапсырылды. Вячеслав биылғы қыста жалғыз өзі өрт сөндірушілер келгенше үйін өрт шалған көршілерін сыртқа шығаруға көмектескен болатын. «Балам үйге теледидар мен жиһаздар алғысы келеді. Қалған ақшаға жаңа оқу жылына өзі мен інісіне қажетті заттарды аламын деп отыр» дейді анасы Ирина Голова.

Ал өскемендік инспектор Асқар Құлжынов 5 мамырда Крылов көшесі маңындағы Үлбі өзені үстіндегі көпірден секірген әйелдің соңынан өзі де суға қарғып, оны жағаға алып шығып, жанын аман алып қалған еді. Меруерт Темірбаева наурыз айының басында көрші үй тілсіз жау қамағында қалғанда әуелі 5 жастағы баланы, артынан 30 жастағы әйелді сыртқа алып шыққан еді. «Осы сыйлықты тағайындаған «Қазцинк» компаниясына алғысымыз шексіз. Бұл қаражатты үш жылдан бері құрылысы аяқталмай жатқан үйіме жұмсамақ ниеттемін» дейді ол.

Сонымен қатар «Қазцинк» ЖШС-інің арнайы марапаты суға батып бара жатқан 4 жастағы бүлдіршінге көмектескен семейлік 8 сынып оқушысы Виктор Новоселовке тапсырылды. «Бұл азаматтар кездейсоқ жағдайда, ойламаған жерден адамдарға қол ұшын созған бүгінгі күннің батырлары. Әсіресе өз басын қатерге тіккен балалардың қайсар әрекеті бізді таңғалдырды. «Қазцинк» «Ізгі жүрек» сыйлығын былтыр алғаш рет тағайындаған болатын. Осы бағыттағы жұмыстарымызды алдағы уақытта да жалғастырамыз» дейді «Қазцинк» ЖШС әкімшілік мәселелер жөніндегі атқарушы директоры Андрей Лазарев. 

ӨСКЕМЕН