Арыс қаласындағы отырыста қалаға іргелес аумақтың тазартылу барысы, әскери бөлімнің көшірілуі, оның ішінде, қару-жарақты, оқ-дәрілер мен мүлікті шығаруды ұйымдастыру, сондай-ақ әскери қалашықтың инфрақұрылымын қалпына келтіру мәселелері қаралды.
Арсенал мен оған іргелес жатқан аумақты тексеру барысында әскери ведомство басшысы қазіргі уақытта төтенше жағдайдың себептерін анықтап жатқан арнайы комиссия жұмысының алдын ала нәтижелерімен танысты. Нәтижелері бойынша төтенше жағдайдың салдарын жою, әскери бөлімді көшіру, азаматтық адамдардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету және әскери қалашықты шұғыл қалпына келтіру жөніндегі қажетті шараларды сапалы және жедел ұйымдастыруға қатысты тапсырмалар берілді.
Жиналыстан кейін генерал-майор Нұрлан Ермекбаев жауынгерлік әзірлікті, қару-жарақ пен әскери техниканы, бөлімшелерде жауынгерлік кезекшіліктің ұйымдастырылуын, сондай-ақ Шымкент гарнизонының бірқатар әскери бөлімдерінде оқу-материалдық базаның жай-күйін тексерді. Жауынгерлік машиналар паркінде әуе шабуылына қарсы қорғаныс бригадасының жарақтандыруында тұрған әскери техниканың сақталу шарттарымен танысты.
Зымыран-артиллериялық қару-жарақ қоймасында атыс қаруы мен оның оқ-дәрілерінің сақталу шарттары мен тәртібін тексерді. Одан басқа, жанар-жағармай материалдары мен авиациялық жою құралдарының қоймаларын тексерді.
Сондай-ақ Қорғаныс министріне ағымдағы жағдай, оқ-дәрілердің сақталу тәртібі мен шарттары, қару-жарақ, әскери және авиациялық техниканың жабдықталуы мен жай-күйі және инфрақұрылым нысандары мен техникалық аймақты одан әрі дамыту жөніндегі проблемалық мәселелер туралы баяндалды.
Гарнизондағы жұмыс қорытындысы бойынша әскери бөлімдердің командирлеріне нысандардағы қауіпсіздік деңгейін арттыру, әскери қызметшілердің өртке қарсы және диверсияға қарсы қауіпсіздігінің талаптарын мүлтіксіз орындауы және кемшіліктерді жою бойынша нақты тапсырмалар берді.