Google-дың саясаткерлер сынына түсуі алғашқы жағдай емес. Маусым айында-ақ Еуроодақ АҚШ-тың хайтек компаниясына 1,7 млрд АҚШ доллары көлемінде айыппұл салған еді. Еуропалықтар компанияны монополияға қарсы ережелерді бұзды деп айыптаған болатын. Еурокомиссияның соңғы жылдары Google-ге салған айыппұл көлемі 9 млрд АҚШ долларын құрап отыр. Сол кезде АҚШ президенті компанияға араша түсіп, оларға өз елінде жазасын беретінін айтқан еді. Дегенмен Еуроодақ алдында ақтап алуға тырысқан компанияға бұл жолы АҚШ президентінің реніші қатты. Дональд Трамптың өкпесіне өзінің кеңесшісі әрі танымал инвестор, PayPal төлем қызметінің негізін қалаушылардың бірі Питер Тильдің мәлімдемесі түрткі болған. Д.Трамп өзінің Twitter-дегі парақшасында «Бұл істі басқалардан жақсы білетін алғыр жігіт. Трамп әкімшілігі бұл ақпаратпен танысып шығады» деп, кәсіпкердің күмәнін қолдайтынын және оған сенетінін жазған болатын.
Питер Тиль Вашингтонда өткен консерваторлар конференциясында алып компанияның кей әрекеттері күдік туғызатынын айтқан болатын. Кәсіпкер компанияны Қытайдың арнайы агенттіктеріне қызмет көрсетеді деп айыптап отыр. Былтыр желіде Google Қытай заңнамасына сәйкес болатын іздеу жүйесін дайындап жатқаны туралы ақпарат тараған еді. Бірақ дереккөздер бұл жоба толық аяқталмай, 2018 жылы желтоқсанда тоқтап қалғанын жазды. Ал Google компаниясының өкілдері сол кезде бұл мәліметті жоққа шығарып, CNBC арнасына Қытай үкіметімен ешқандай серіктестіктің болмағанын мәлімдеген еді.
Кәсіпкердің мұндай тұжырымға Google компаниясының АҚШ Қарулы күштерімен келісімшартын созбау туралы шешімінен кейін келгенін айтады. Google Пентагонға әскери дрондардың сурет арқылы бақылау жүйесін жасап жатқан болатын. Google Cloud басшысы Диана Грин келісімшартты тоқтатуға қызметкерлердің қарсылығы себеп болғанын айтты.
Тарқата айтар болсақ, Google-дың АҚШ қорғаныс күштерімен әріптестік құруы компания ішінде түсініспеушілікке алып келген. Project Maven деп аталатын жобаға қарсы мыңдаған жұмысшы қол жинап, он шақты қызметкер өз еркімен жұмыстан кеткен. Дегенмен Google бұл жобаның негізінде АҚШ-тың Қорғаныс министрлігін бағдарламамен қамтамасыз ету ғана жатқанын айтып, ақталады. Бірақ Gizmodo порталы зерделеген компанияның ішкі хаттарында басшылық әскер мен жасанды интеллект агенттіктерімен қатынас түзеуге Maven жобасы үлкен мүмкіндік беретінін жазған. Порталдың хабарлауынша, хаттардан қалаларды бақылауда ұстайтын күрделі жүйесі бар машинаны дамыту жұмыстары жүріп жатқанын түсінуге болады. Бұл екі хат Google басшылығының Project Maven жобасын қолдағанын көрсетеді. Google жобаны іске асыру барысында қиындыққа да кезіккен. Олар әскери дрондар түсірген суреттерді жинақтауы керек болатын, дегенмен компанияның мемлекеттен осыншалық құпия ақпараттарды өз базаларында сақтауға рұқсаты болмаған.
New York Times газеті «Диана Грин АҚШ үкіметімен серіктестік үшін 9 миллион АҚШ доллары төленетінін хабарлады, дегенмен хаттарда келісімшарт бойынша ең кемі 15 миллион АҚШ долларына келісім болғаны және жобаның жалпы бюджеті 250 миллион АҚШ долларына дейін ұлғайтылатыны туралы ақпарат бар» деп жазады. Жоба дайын болса, компания Пентагонды қаланы басқара алатын, әр ғимаратта кімдер тұрып, қандай машина аялдағанына дейін көрсетуге мүмкіндік беретін жүйемен қамтамасыз етер еді. Бірақ 2018 жылдың желтоқсанына дейін Google АҚШ Қорғаныс күштеріне көліктерді анық көрсете алатын жасанды интеллект дайындап үлгерген болатын. Бұл күрделі бағдарламаға DigitalGlobe сурет жүйесі мен CrowdFlower жасанды интеллект жүйесі қолданылғанын айта кеткен жөн.
Қытай үкіметіне арнайы дайындалып жатқан Dragonfly құпия жобасы туралы хабар былтыр тамыз айында ақпарат көздеріне шыға бастаған еді. Жоққа шығарылған ақпараттың биыл беті қайта ашылды. Google компаниясының үкімет және қоғаммен байланыс бойынша вице-президенті Каран Бхатия 16 шілдеде өткен АҚШ Сенатына қарасты заң комитетінің отырысында Dragonfly жобасының жұмысы тоқтатылғанын және қайта қарастырылмайтынын хабарлады. Негізгі жоспар бойынша тыйым салынған ақпараттың орнына компьютер бос беттер көрсетеді. Мәселен, бағдарлама арқасында 1989 жылы Тяньаньмэньде өткен студенттер шеруі туралы ақпарат мүлде ашылмай, жасырын қалар еді. Бұл жобаға да Google компаниясының қызметкерлері қарсы болып, жабылуын талап еткен.