«Ашық есік» күнінде өзекті мәселелер айтылды
Сенбі, 4 мамыр 2013 1:59
«Қазагрофинанс» акционерлік қоғамы орталық аппаратының мамандары ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілер үшін «ашық есік күнін» өткізді. Еліміздің ірі астықты және мал, құс шаруашылықтарын дамытуда да мүмкіндігі жоғары өңір болғандықтан «Қазагрофинанс» акционерлік қоғамы «ашық есік күнін» өткізуге Ақмола мен Солтүстік Қазақстан облыстарынан кейін үшінші болып Қостанай облысына атбасын бұрды.
Сенбі, 4 мамыр 2013 1:59
«Қазагрофинанс» акционерлік қоғамы орталық аппаратының мамандары ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілер үшін «ашық есік күнін» өткізді. Еліміздің ірі астықты және мал, құс шаруашылықтарын дамытуда да мүмкіндігі жоғары өңір болғандықтан «Қазагрофинанс» акционерлік қоғамы «ашық есік күнін» өткізуге Ақмола мен Солтүстік Қазақстан облыстарынан кейін үшінші болып Қостанай облысына атбасын бұрды. Оған қаржы алып, үлкен жобаларды жүзеге асырып жатқан немесе «Қазагрофинанс» арқылы техника паркін жаңартқандар жиналды. Көптеген мәселелер осында талқыланды. Бүгінде ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілер несиені 6 пайыз ғана үстемемен беретін осы қаржы институтының тиімділігін сезініп отыр. Қазір ауыл шаруашылығы саласын серпінді дамыту техникасыз, асыл тұқымды малсыз және озық технологиясыз мүмкін емес. Оларға қаржы арқылы ғана қол жеткізе алатыны тағы белгілі. Республика Үкіметі бекіткен он төрт бағытта жұмыс істейтін «Қазагрофинанс» іске кіріскелі Қостанай облысында да 8,1 миллиард теңгеге қаржыландырылған ірі инновациялық-инвестициялық жобалар жүзеге асып келеді. Мысалы, сатылап жүзеге асқан «Садчиков», «Сарыағаш» тауарлы сүт фермаларын, құс фабрикаларын, тағы басқа шаруашылықтарды тізуге болады. Елімізде «Қазагрофинанс» қаржысымен шетелден әкелінген асыл тұқымды ірі қараның қомақты үлесі Қостанай облысына тиесілі. Ол барлық көлемнің 25 пайызына ие, яғни 4018 бас ірі қара әкелінген. Шетелге астық пен ет, құс етін экспорттау мәселесін де осындай шаруашылықтар шешеді. Қаржыландырудың басты мақсаты да осы. «Қазагрофинанс» акционерлік қоғамы орталық аппаратының басшылары мен жетекші мамандарының диқандар мен малшыларға, яғни өздерінің клиенттеріне жақын келіп, оларды сұхбатқа тартуының себебі бар. Міне, солтүстік астықты аудандарда көктемгі дала жұмыстары басталады. Сапалы астық өсіру үшін озық технология керектігі айтуды қажет етпейтін аксиомаға айналған. Озық технология – озық техниканы қажет етеді. Ертеңгі жайқалған егін, алтын астық бүгінгі жер өңдеуден басталады. «Қазагрофинансқа» жыл басынан бері облыстан барлығы 1,5 миллиард теңгені құрайтын 157 өтініш түсуі осының айғағы десек болады. Дегенмен, қаржы алатындарды ойлантатын мәселелер де жоқ емес. Сондықтан, «ашық есікте» қаржыгер мамандар ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілердің – клиенттерінің пікірін, ұсыныстарын тыңдады, олармен ашық сұхбат болды. «Қазагрофинанс» қызметін пайдаланушылар тарапынан, ең алдымен, несие алу үшін ұсынатын құжаттар тізімінің көптігі жөніндегі пікірлер жиі айтылды. Лизингтік негізде алынған ауыл шаруашылығы техникаларына оны жеткізуші компаниялар тарапынан кепілдік қызмет көрсетудің жоқтығы шаруалар үшін жыл өткен сайын өткірленіп бара жатқан мәселе. Шетелден алып келген техникалардың қосалқы бөлшектерін табу да оңай емес әрі қымбат, сынса оны жөндеп, іске қосу тіпті қиын. Ал науқандық жұмыс кезінде әр сағат қымбат.
– Әрине, ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілер тарапынан көтеріліп отырған дұрыс мәселе. Бірақ бұл қаржы біздің құзырымызға жатпайды. Сонда да өзіміздің мүмкіндігімізді пайдаланып, лизингтік компаниялармен осы жөнінде дөңгелек үстелдер өткізіп, біздің клиенттер айтқан мәселелердің нақты тізімін жасап, олардың назарына ұсыну керек. Бұл орайдағы әңгіменің техника жеткізуші қандай компанияға, қандай техникаға, оның қандай бөлшегіне қатысты екенін нақтылаған дұрыс. Астық өсіретін солтүстік аймақтардағы «Қазагрофинанспен» жұмыс істеп отырған 350 заңды тұлға үшін мұндай істің шешімін табуы үлкен жетістік болады, – деді «Қазагрофинанс» акционерлік қоғамының басқарма директоры Зауреш Шокуманова.
Зауреш Нығметқызы мұндай мәселелер алдағы уақытта жеткізуші компаниялармен келісім-шарт жасамай тұрып шешілетіндігінен хабардар етті және олардың техникаларға кепілдік қызмет көрсету мәселесі «Нұр Отан» халықтық-демократиялық партиясы тарапынан да бақыланатын болады. «Ашық есік күні» «Қазагрофинанс» жетекшілері мен мамандары және ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілер көктемгі дала жұмыстарына дайындық, Қостанай облысындағы ауыл шаруашылығы кешенін инвестициялау, несиенің үстеме пайызын азайту, субсидиялау, шетелден техника әкелу мен оған салынатын салық негіздері және асыл тұқымды мал әкелу мен оның ауруларына қатысты жағдайлар туралы мәселелерді ортаға салды. Сондай-ақ, «ашық есік» аясында қаржыгерлер журналистермен баспасөз мәслихатын өткізіп, олардың көптеген сауалдарына жауап берді. «Қазагрофинанс» акционерлік қоғамының өзге қаржыландыру институттарынан айырмашылығы туралы сауалға да жауап алынды. Әрине, шаруашылықтарға берген қаржының жылдық үстемесінің төмендігі басты артықшылықтың бірі екенінде дау жоқ. Сонымен қатар, қаржыландырылған жобаның аяғынан тік тұрып кетуіне «Қазагрофинанс» мүдделі болып отырады. Оның кеңестік, яғни сарапшылық тобына облыстық әкімдіктің, «Нұр Отан» партиясының және мәслихаттар өкілдерінің енгізілуі оның экономиканың, сол арқылы мемлекеттің дамуын алдыңғы орынға қоятынын көрсетеді.
Нәзира ЖӘРІМБЕТОВА,
«Егемен Қазақстан».
ҚОСТАНАЙ.