Аймақтар • 22 Шілде, 2019

Құрылыс қарқынын күшейтуді тапсырды

296 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Премьер-Министр Асқар Мамин Түркістан облысына жұмыс сапары барысында Арыс қаласындағы зардап шеккен үйлерді, әлеуметтік нысандар мен инженерлік желілерді қалпына келтіру жұмыстарының барысын тексерді.

Құрылыс қарқынын күшейтуді тапсырды

Үкімет басшысы Арыс қала­сына апта сайын келіп, жағдайды бақылауда ұстайтынын айтқан болатын. Бұл сапарында Премьер-Министр А.Мамин және Түркістан облысының әкімі Ө.Шөкеев алдымен Маңғыстау облысы мен Сайрам ауданына тиесілі аумақта атқарылып жатқан жұмыстарды көріп, тұрғындардың талап-тілек­терін тыңдады. Аталған облыс пен ауданға бекітілген секторда 331 үй бар. Оның 279-ына жөндеу жұ­мыстары басталған. Мүлдем жа­рамсыз болып қалған 4 үй сүрі­ліп, орнына жаңасы салынбақ. Секторға қарасты үйлерді 7 құры­лыс компаниясының 310 жұмыс­шысы 1-тамызға дейін жөндеп бітірмек. Бүгінде 102 үй толық жөндеуден өтіп, 147 үйде құрылыс жұмыстары жүргізілуде. Сондай-ақ Премьер-Министр Қостанай облысы мен Сарыағаш ауданына қарасты 16-секторға ат басын бұрды. Қостанай облысының әкімі Архимед Мұхамбетов құрылыс жұмыстарының барысымен таныстырды. Асқар Ұзақбайұлы Алматы қаласына тиесілі 14-сектордағы тұрғын үйлерді де аралады. Мұнда 8 компанияның 471 жұмысшысы 487 үйге жөндеу жұмыстарын жүр­гізуде. Қайта қалпына келті­ру жұмыстарымен танысқан Үкі­мет басшысы құрылыс жұмыс­тарының қарқынын күшейтуді тапсырды. Қаладағы барлық жөн­деу жұмыстарының 1-тамызға дейін аяқталуы керектігін айтты. 

Қазір Арыс қаласында 1544 жекеменшік тұрғын үйде құрылыс жұмыстары аяқталған, 7089 жеке тұрғын үйде және 96 көп қабатты үйде қалпына келтіру және жөн­деу жұмыстары жалғасуда. Сон­дай-ақ құрылыс жұмыстары 126 жекеменшік үйде және 1 көп қабатты үйде жүргізілуде. Әлеу­меттік 66 нысанның 62-сі қал­пына келтірілуде, жаңа құр­ы­лыс 4 нысанда жүріп жатыр. Қалпына келтіру жұмыстарына 207 компания, 7073 жұмысшы, 265 арнайы техника тартылған. Премьер-Министр сапар барысында тұрғындармен кездесіп, қаланы қалпына келтіру бойынша жұмыстарға барлық өңірлер, ұлттық компаниялар, еліміздің ірі бизнес өкілдері белсене қатысып жатқанын атап өтті. Жауапты басшыларға зардап шеккен бизнес нысандарын, көлік және ин­же­нерлік инфрақұрылымды қалпына келтіру жұмыстарының қарқынын төмендетпеуді, денсаулық сақтау және білім беру нысандарын да­йындау бойынша кешенді шаралар қабылдауды тапсырды. 

Сондай-ақ Премьер-Министр Түр­кістан қаласында болып, Қ.А.Ясауи музейі және «Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейінің сапар орталығы құрылыстарымен танысты. Аумағы 3200 шаршы метр болатын Қожа Ахмет Ясауи музейі құрылысын «Самұрық-Қазына» компаниясының тапсырысымен «Базис-А» компаниясы жүргізуде. Құрылыс жұ­мыстарын 2020 жылы аяқтау жоспарланған. Аталған нысандарды және «Әзірет Сұлтан» мем­лекеттік тарихи-мәдени қо­рық-музейі аумағындағы та­рихи-мәдени орындарды зерттеу, анықтау, қайта қалпына кел­тіру жұмыстары бойынша Мә­дениет және спорт министрі Ақ­тоты Райымқұлова, ал қайта жа­ңарту жұмыстары бойынша «Қазқайтажаңарту» РМК директоры Асылхан Сәдуов баяндады. «Әзірет Сұлтан» тарихи-мә­дени қорық-музейіне қарасты XI-XII ғасырларға тән «Жұма ме­шіті» бүгінге дейін жеткен 40 мешіттің бірі саналады. Ме­шіт ғимараты бойынша мих­раб­пен толық қалпына келтіру, бас­тырмаға жапсарлас салын­ған қабырғаларды демонтаждау, құдықты қалпына келтіру жә­не аумақты абаттандыру жұмыс­тары жасалмақ. «Қылует» жерас­ты мешітін қалпына келтіру жұ­мыстары аясында жерасты құры­лы­сының көтергіш құрылым­дары мен іргетасын нығайту, ішкі үй-жайды қалпына келтіру және іргелес аумақты абаттандыру жоспарланған. «Жеті Ата» қақпасынан кесенеге дейінгі аумақтың панорамалық түрін қалпына келтіру мақсатында орталық магистральды көшелердің бірі қайта жаңғыртылып, «Дарбаза», «Мүсәллә» және «Жеті ата» қақпалары да тарихи қалыпқа енбек. Археологиялық жұмыстардың нәтижесінде іргетасы табылған ортағасырлық көшенің кіреберіс іздері мен хан ордасы қоршауының негізгі фрагменттері қалпына келтіріліп, басқа құрылыстарды іздестіру жұмыстары жалғастырылатын болады. Ал Күлтөбе қалашығы ашық аспан астындағы музейге айналдырылады. 

Премьер-Министр жұмыс сапары барысында сонымен қатар, облыс орталығында бой көтеріп жатқан стадионды, оқушылар сарайын, халыққа қызмет көрсету орталығын, медиаорталық пен конгресс-холл ғимараттарын, олимпиадалық резервтегі спорт мектебін, музыка мектебін, басқа да бірқатар маңызды нысандарды аралап көрді. Тұңғыш Президент саябағын абаттандыру, киелі шаһардың орталық бөлігін реконструкциялау жұмыстарымен және археологиялық парктің жобасымен танысты.


Түркістан облысы