04 Мамыр, 2013

Уран ұранмен өндірілмейді

900 рет
көрсетілді
17 мин
оқу үшін

Уран ұранмен өндірілмейді

Сенбі, 4 мамыр 2013 2:01

Қазақ жерінің астында Мен­де­леев ақсақал түзген кестедегі эле­мент­тердің басым бөлігі бар. Жер байлығының қандай екенін осыдан-ақ шамалай беруге болады. Бір ғана Қызылорда облысының өзінде табанымыздың астынан талай байлық шығып жатыр. Мұнай десеңіз, мұнай бар. Жақында вана­дий­дің өндірісі өзгеше даму жолына түспек. Уранның жайы тіпті бөлек. Бүгінде уран өндірісі Қазақстан экономикасының басым бағыттарының бірі болып саналады. Ал еліміз уран өндіру бойынша әлемнің көшбасшы мемлекеттерінің біріне айналды.

Сенбі, 4 мамыр 2013 2:01

Қазақ жерінің астында Мен­де­леев ақсақал түзген кестедегі эле­мент­тердің басым бөлігі бар. Жер байлығының қандай екенін осыдан-ақ шамалай беруге болады. Бір ғана Қызылорда облысының өзінде табанымыздың астынан талай байлық шығып жатыр. Мұнай десеңіз, мұнай бар. Жақында вана­дий­дің өндірісі өзгеше даму жолына түспек. Уранның жайы тіпті бөлек. Бүгінде уран өндірісі Қазақстан экономикасының басым бағыттарының бірі болып саналады. Ал еліміз уран өндіру бойынша әлемнің көшбасшы мемлекеттерінің біріне айналды. Осы арада уран өндірісіне Ақмешіт атырабының да ерекше екпін беріп отырғанын айтпай кетпеске болмайды. Шиелі және Жаңақорған аудандарында кеніштердің жұмысы қыз-қыз қайнап жатыр. Қаратаудың сілемдерінде, Сырдарияның жаға­сында инемен құдық қазғандай тірліктің болып жатқанын көреміз. Қаншама адам осы жұмысқа жегіліп, күн-түн демей ел экономикасына қызмет жасап жатыр. Олардың бәрін тізбелеп жазу мүмкін емес. Дегенмен, осылардың арасында уран өндірісімен айналысып келе жатқанына отыз жыл толған «РУ-6» мекемесінің шоқтығы би­ік екенін байқаймыз. Шиелі ауданында орналасқан серіктестік «Қазатомөнеркәсіп» АҚ-ның жұ­мы­­­­сына серпін беріп отырған мекеменің бірі. Қазіргі кезде «РУ-6» ЖШС «Солтүстік Қарамұрын» және «Оңтүстік Қарамұрын» кен орындарында табиғи уранды ұңғылар арқылы жерасты сілтілендіру әді­сімен өндіріп отыр. Тағы бір айта ке­терлігі, Шиеліде «Иіркөл» деген кен орны бар. Кезінде осы орынды тапқан, біраз жыл өндіріс жасаған да осы мекеме.

Әрине, уран өндірісі кезінде қоршаған ортаға, табиғатқа, адам­дардың денсаулығына залал кел­меуі керек. Жердің астындағы бай­­лықты аламыз деп, үстіндегі ка­пи­­талдан айырылып қалмау шарт. Бүгінде бұл өндіріс жаңа тех­но­ло­гиялармен толықтай жарақ­­тал­­ған. Барынша айналаны ласта­май жұмыс істейді. Енді осы жайын­да аз-кем айтайық. Ең алдымен, аталған мекеме дүние жүзіндегі ең терең қабаттан өнім өндіруімен ерекшеленетінін айту керек. Табиғи уран өндіру геотех­нологиялық жүйемен 450-680 метр тереңдіктен қатарлы және ұя­лы орналасқан ұңғылар жүйесі ар­қылы көтеріледі. Түсінікті тілмен айтсақ, шахталардағыдай немесе карьердегідей тау жыны­сын қопарып, оны жер бетіне шығарып үлкен тас диірмендерге салып уатпайды. Болмаса, аса зор ыдыстарға салып қышқыл заттармен еріт­пейді. Экологиялық ахуалға зиян тигізбес үшін барлық жұмыс жер ас­тында, тау жыныстарының ор­на­ласқан жерінде жүреді. Сон­дық­­тан ауаны ластайтын шаң-то­заң, қышқыл заттардың буы жер бе­тіне шықпайды. Әлемдегі экологияны басты назарда ұстайтын мемлекеттердің барлығы қазір осы тәсілді пайдаланады. Мысалы, АҚШ, Канада, Австралия сияқты ел­дерде бұл тәсіл кеңінен тараған. Мұн­дай жетістікке Қазақстан да жетіп отыр.

Аталған тәсілге арналған құ­быр­лар қышқыл заттарға төзімді полиэтилен, поливенилхлорид, тотықпайтын болат материал­дардан жасалады. Сонымен қатар, оларда уран ертінділері де қалыбын бұзбайды. Ал өндірілген заттар герметикалық ыдыстарға құйылып діттеген жерге шашпай-төкпей жет­кі­зіледі. Бұл тұрғыда да эколо­гия­лық ахуал басты назарда болады.

Бүгінде уран өндірісіндегі кү­кірт қышқылы да қоршаған ортаны бұзады деген әңгіме айтылып қа­лады. Дей тұрғанмен, «РУ-6» меке­месі оны да қарастырған. Табиғатқа залалсыз жұмыс істеуді үйренген. Мысалы, күкірт қышқылы темір жол арқылы арнайы құтылармен жет­кізіледі. Оны герметикалық цис­тер­наларға құйып алады. Сонан соң елді ме­кендерден тысқары жат­қан жолдармен тасымалдап, көздеген жерге жеткізеді.

Ал сілтілендіру реагенті негі­зінен тек жер астында жүреді. Өйткені, жер астындағы өнім сумен дайындалады.  Ерітіндіні сору мен құю циклында да тепе-теңдік сақталады. Мәселен, металы бар қабатты жоғары және төменгі бөліктегі сазбалшықпен шектеп, гидроизоляция талабын қамтамасыз етеді. Сонымен қатар, оның үстінде қалыңдығы 300-350 метр болатын сазбалшықтан құралған қабат бар. Бетонит деп аталатын бұл зат су тиген кезде ісініп, ұңғыларды қысып қалады да үстіндегі су қабаттарын төмендегі сумен араластырмайды. Кеніштің іші мен сыртындағы бұрғылау ұңғыларының сулары әр тоқсан сайын сорып алынады. Сонан соң зертханаларға жіберіліп, тексеріліп тұрады. Зертханадан алын­ған химиялық қорытындының нәтижесі бойынша осы күнге дейін судың қышқылдануы мен уранның көбеюі байқалмаған.

Ұлттық атом өнеркәсібі ком­па­­ниясы уран өндіруші мекеме­ле­р­ін­де жұмысшылар еңбегін, қорша­ған ортаны қорғау керектігін бас­шылыққа алады. Сонымен бірге, радиациялық қауіпсіздік пен өнеркәсіп қауіп­­сіздігі де бас­ты назардағы мәселе. Жыл сайын та­би­­ғатты қорғау ісі­не қомақты қар­­жы бөлініп отырады. Сондай-ақ, қолданыстағы ұңғы­малар гео­фи­зи­­калық зерттеулерден өтіп, техникалық ақауы барлары дер кезінде жөнделеді.

Жалпы, уран өндірісі бүгінде жаңа сатыға көтерілген. Соның арқасында қоршаған ортаның лас­тануы болмайды, кеніштердің айналасындағы елді мекен тұрғын­да­рының денсаулығына зиян кел­мейді деп айтуға болады.

Еліміздегі уран өндірісіне орасан зор еңбек етіп келе жатқан «РУ-6» серіктестігі табиғи ортаны қорғау мен жұмысшылардың еңбегін бағалауда алдыңғы қатарда келе жатқанына көзіміз жетті. Айталық, кен орындарына жақын орналасқан бірнеше елді мекендер бар. Олар: Бидайкөл, Ақмая, Ш.Қодаманов, Нартай ауылдары мен Шиелі кенті. Жалпы, аталған аймақтарда радиациялық қауіптің басым екендігі анда-санда айтылып қалып жатады. Дегенмен, нақты зерттеулер олай емес екенін жеткізеді. Мысалы, кен орындарына жақын елді мекендерде радиациялық бақылау ұдайы жүргізіліп отырады. Әр тоқсан сайын Шиелі аудандық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау орта­лы­ғының қызметкерлері мен эко­лог-мамандарының қатысуымен мониторинг жүргізіліп тұрады. Ал оның нақты нәтижелері аудандық «Өскен өңір» газетінде жарияланады. Былай айтқанда, халықтан жасырып-жаппайды. Бұл тұрғыда барынша жариялылық бар. Соңғы бес жылдың көрсеткіштеріне сүйенсек, аудан көлеміндегі радиациялық ахуал табиғи нормада екенін көреміз. Яғни, сағатына 10-17 микрорентген. Бұл 1999 жылы қабылданған «Радиациялық қауіпсіздік нормаларына» сай дегенді білдіреді. Сондай-ақ, осы «Радиациялық қауіпсіздік нормаларына» сәйкес иондық сәулелендіру көздерімен жұмыс істейтіндердің мөлшері жылына 20 миллизиверттен аспауы қажет. Ал «РУ-6» мекемесіндегі табиғи уранмен жұмыс істейтін адамдар қызмет барысында мөлшерден тыс жоғары сәулелендірумен жұмыс істеген емес. 2011 жылы әрбір қызметкер тексеруден өтті. Дозиметрлік ба­қылау нәтижесі жұмысшылардың сәулелену мөлшері 1,03 миллизиверттен аспағанын көрсеткен. Бұл дегеніміз, табиғи сәулененумен пара-пар деген сөз. Осы арада айта кетерлігі, жеке тұлғаларды жыл бойына дозиметрлік бақылаудан өткізіп тұрады. Ал әр тоқсан сайын оның көрсеткіштері арнайы журналда жарияланып отырады. Сонымен қатар, жеке карточкаларына тіркеліп, хатталады. Мекеме қызметкерлері жыл сайын кешенді медициналық бақылаудан өтеді. Сондай-ақ, жұмысшылардың денесін, тері қабаттарын және киімдерінің лас­тануын бақылап отыратын арнайы пункттер тәулік бойына жұмыс істейді. Қызметкерлердің жұмыс киім­дерін арнайы бір орталық жуады. Ал жұмысшылардың жуы­на­тын бөлмелеріндегі су мен еден­ді ылғалдап жуудан қалған су қалдықтары далаға төгілмейді. Олар ерітінділерге қосылып, кен өнді­рісіне жіберіледі. Бұл да қауіп­­­сіздіктің басым бағыттарының бірі.

Мұның бәрі бекер сөз емес. Жұмысшылар күнделікті жұмыс барысында қолданатын қауіпсіздік шаралары. Ал бұл шаралар бұзылса, қатаң жаза қолданылады. Өйткені, әрбір селсоқ істің артында адам мен табиғат тағдыры тұр.

Бүгінде бизнестің әлеуметтік жау­ап­кершілігі турасында көп ай­ты­лады. Жер асты байлығын өн­дір­се де, сауда-саттықпен айна­лыс­­са да, әйтеуір, табыс тауып жат­қан ірі компаниялардың алдына әлеуметтік жауапкершілік тартылады. Бұл – дұрыс бастама. Себебі, халық қай нәрсенің болсын пайдасын көруі керек. Әңгіме орайында «Қазатомөнеркәсіп» ұлттық компаниясы да, оған қарас­ты «РУ-6» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі де тек уран өндіруді ғана көздемейтінін айтқан абзал. Соны­мен қатар, халықтың әлеу­мет­тік жағдайын көтеруге қа­тыс­ты да көптеген іс-шараларға де­меу­шілік жасайды. Қолдарынан келсе, аянып қалмайды. «Жақсының жақ­сылығын айт, нұры тасысын» демек­ші, ендігі сөзді осылай қарай бұрайық.

Жер пайдалану келісімшар­тына байланысты «РУ-6» мекемесі Шиелі кентінің Көкшоқы шағын ау­данының әлеуметтік ахуалын қаржыландырып отыру­ды өз міндетіне алған. 2005 жы­лы ха­­­­лық­­­­тың әлеуметтік жағ­дайын көте­­­­ру мақсатында «Қаз­атом­өнер­­­­­кәсіп-Демеу» жауап­кершілігі шек­теулі серіктестігі құ­рылды. Көп­те­ген әлеуметтік шаралар осы мекеменің «Демеу-Шиелі» филиа­лы арқылы жүзеге асады. Жұмыс­шылар мен тұрғындардың лайық­ты демалуына жағдай да жасал­ған. Ол үшін ойын-сауық және спорт ке­шен­дері пайдалануға беріл­ген. Өз кезегінде мекеме осы кешен­дер­дің шығындарын өтеп отырады. Осы арада айта кету керек, бір ғана 2010 жылы әлеуметтік мәсе­ле­лер­ге се­ріктестік 460 221 205 теңге бөліпті.

Шиелі кентінен 50 орындық мүмкіндігі шектеулі балаларға арналған интернат соғылды. Мұн­да тумысынан сырқат, дамуында кемшілік бар балалар жатып, емделеді. Оның да қаржысын «РУ-6» серіктестігі өтеді. Ол үшін 194 502 670 теңге жұмсалды. Ал былтырғы жылдың 10 айының өзінде жұмысшылар мен күнкөрісі төмен отбасыларға 1363600 теңге материалдық көмек берілген. Со­ны­мен қатар, қайырымдылық қо­ры­на 2010000 теңге көлемінде қар­жы аударылған. Бұдан бөлек мекеме аудан бойынша өтетін барлық ме­ре­келік іс-шараларға үзбей атсалысып келеді.

– Бүгінгі күні Шиелі кентінің «Көкшоқы» шағын ауданында «Болашақ-Шиелі» оқу орталығы жұмыс істеп жатыр. Аталған орта­лықта өндіріске қажетті мамандар дайындалады. Сондай-ақ, қайта мамандандыру ісімен де айналысады. Бұл өз кезегінде қажетті жұмыс кү­шін өтеуге таптырмас құрал еке­нін уақыттың өзі дәлелдеді. Ал жұмысқа тұру сұхбаттасу арқы­лы және конкурстық негізде жүр­гі­зіледі. «Болашақ-Шиелі» оқу ор­та­лығын аяқтаған мамандар бұл сыннан сүрінбей өтеді. Өйткені, олар өздері оқыған мамандықтың қыр-сырына қанығып шығады. Мекеменің өз қызметкерлеріне жа­сап отырған қамқорлығы аз емес. Соның бірі әрі бастысы мы­­нау: «РУ-6» серіктестігінде жұ­­мыс істейтін адамдардың бала­ларына арнаулы орта және жоғары оқу орындарының оқу гранттары беріледі. Оқу кезіндегі өндірістік тәжірибені де біздің мекемеде өтейді. Сонымен қатар, өндірістік тәжірибеден өту барысында оларға жалақы төленетінін айта кеткен ләзім. Арнаулы оқу орнын бітіріп, мекемеге жұмысқа тұрған жастар жеткілікті. Бұлардың білімін жалғастыруға да ыңғайлы жағдай жасалған. Оқу бітіріп келген мамандарға «жас маман» мәртебесі беріліп, үш жыл бойына тәлімгер бекітіледі. Сонымен бірге, кадрлар резервіне қойылады. Жас мамандарға қамқорлық тек мұ­ны­мен шектелмейді. Оларға үстем­­ақы төленеді және басқа да әлеуметтік көмектер көрсетіліп тұрады. Жас мамандардың жұмыс барысындағы қабілетіне қарай олар әртүрлі лауазымды қызметтерге тағайындалып отырады. Қысқасы, мекеме әлеуметтің әлеуетін арттыратын іс-шаралардан тыс қалған емес. Және жас мамандарға да қол­дауды барынша жасап келеді, – дейді «РУ-6» жауапкершілігі шек­теулі серіктестігінің бас директоры Тайыр Назаров.

Осы күні өндіріс саласында жұ­мыс атқаратын мекемелер сырт­тан маман тартуға әуес қой. «РУ-6» мекемесінің бұл тұрғыда маң­дайы жарық. Кен орындарында тек жергілікті тұрғындар ғана жұмыс істейді. Мамандардың барлығы да толықтай қазақстандық азаматтар. Әрине, отыз жылдан бері жұмыс істеп келе жатқан соң мамандардың да өзіміздікі болуы заңдылық шығар. Дегенмен, мекеменің әр нәрсені сылтау етіп маманды сырттан алдыртпайтынына көңілің жылиды. Ал олардың қатарында өз істерінің шебері көп. Мәселен, Нұрлан Бәкіров, Владимир Шавдана, Жа­ңа­бай Әбдіқадыров, Александр Бельс­кий, Саржан Ізтілеуов, Юрий Мет­чев және тағы басқа майталман мамандар бар.

Соңғы жылдары «РУ-6» ме­кемесі жасаған қайырымдылық шара­лардың деректерімен та­ныстық. 2010 жылы адамдардың еңбегін қорғау, өнеркәсіп қауіп­сіздігі, қоршаған ортаны қорғау және радиациялық қауіпсіздікке жалпы сомасы 335 446 350 теңге қаржы бөлініпті. Со­ның ішінде еңбекті қорғау және өнеркәсіп қауіпсіздігіне 298 486 600 теңге; қоршаған ортаны қорғау және радиациялық қауіпсіздікке 61 626 750 теңге; қоршаған орта эмис­сиясына 15 333 000 теңге ауда­рылған. Ал 2011 жылдың 9 ай көрсеткіші бойынша, жоғарыда айтқан салаларға 189 238 800 теңге қаржы аударылған. Былтырғы жылдың 10 айында жұмысшылар мен күнкөрісі төмен отбасыларға 1363600 теңге материалдық кө­мек берілген. Сонымен қатар, қайы­рымдылық қорына 2010000 теңге көлемінде қаржы бөлген. Аз ба? Әрине, аз емес.

Кен орындарындағы қыз­мет­­кер­­лердің де жалақысы жыл артқан сайын өсіп келеді. Са­лыс­тыр­малы түрде айтар болсақ, 2010 жылы орташа айлық 166 207 теңгені құраған. Бір жылдан соң жұмысшылар 195 069 теңге ай­лыққа қол жеткізген. Ал 2012 жылы 209 000 жалақыға жұмыс істеген. Биыл да еңбеккерлердің табан ақы, маңдай тері артты. Бүгінде орташа жалақы 235 000 теңгені құрап отыр.

Сондай-ақ, біз сөз етіп отырған мекеме Шиелі ауданының әлеу­мет­тік-экономикалық дамуына да біршама еңбек сіңіріп келеді. Бір ғана салықтың өзіне былтыр 114 556,0 мың теңге төленіпті. Ал рес­публикалық бюджетке 1 404 580,0 мың теңге қаржы аударылған. Оның сыртында ауданда мешіт-мед­ресе салып, мектептерге көмек көр­сетіп, балалардың тынығу лагер­леріне соңғы үлгідегі техника сыйлағаны, жолдарды жөндеп жат­қаны бір бөлек әңгіме.

Әңгіменің басынан бері талай жайтты баян еттік қой. Бір қызық дерек айтайық. «РУ-6» мекемесі жылына 1 мың тоннадан асар-аспас қана өнім өндіреді екен. Жылына 1 мың тонна деген не тәйірі дерсіз? Рас, аз көрінеді. Бірақ осының өзі уран өндірісінде үлкен өнімділіктің көрсеткіші болып саналады. Уран­ның ұранмен өндірілмейтіні де сон­дықтан болса керек.

Ержан БАЙТІЛЕС,

«Егемен Қазақстан».

Қызылорда облысы,

Шиелі ауданы.