Аймақтар • 22 Шілде, 2019

Жамбылдық құрылысшылардың жұмысы қарқынды

322 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Жамбыл облысының әкімі Асқар Мырзахметов Арыс қаласына арнайы барып, өңір штабының жұмысымен танысты. Әкім Жамбыл өңіріне тиесілі 3-сектордағы қаланы қалпына келтіру шараларының барысын көріп, 11 көшенің тұрғындарымен кездесті. Арыс қаласына сапары барысында А.Мырзахметов аталған бөліністегі жергілікті тұрғындардың ой-пікірлері мен ұсыныстарын тыңдады. Сонымен қатар штаб мүшелері мен жұмысшыларға жөндеу жұмыстарын уақтылы әрі сапалы орындауды тапсырды.

Жамбылдық құрылысшылардың  жұмысы қарқынды

Бүгінгі таңда Жамбыл облысына тиесілі 3-секторда 50 жеке тұрғын үй құрылысы мен жөндеу жұмыстары аяқталып отыр. Мұның бәрі де күннің ыстығына қарамай жұмыс істеп жатқан жамбылдық құрылысшылардың еңбегі. Айта кетейік, қазіргі кезде 3-сектор аумағындағы тұрғын үйлерді қалпына келтіру жұмыстарына жамбылдық 4 құрылыс компаниясынан 450-ден аса құрылысшы мен 21 техника жұмылдырылған. Олар 242 жеке тұрғын үй бойынша жөндеу жұмыстарын жүргізуде. 

Арыс қаласын қалпына кел­тіруге бағытталған Жамбыл облысының штабына қарасты 3-секторға 11 көше бекітілген бола­тын. Онда 312 тұрғын үймен бірге 14 әлеуметтік және ком­мерциялық нысан бары анық­талған. Зерделеуден өткен жеке тұрғын үйлердің бәрінің ақау актілері толтырылып, сметалау жұмыстары жасалған. Қираған 3 үйдің екеуі қайтадан бой көтеріп, біреуі толық жаңғыртылатын бо­лады. Қалған 309 үйге әр­түр­лі жөндеу жұмыстарын жүргізу жоспарланған. Мұнда қажетті құрылыс материалдары кезек күттірмей күн сайын жет­кізілуде. Ал тиісті шығындар рес­публикалық бюджет пен арнайы қорға жинақталған қар­жыдан қарастырылуда.

Өз кезегінде 3-сектор аума­ғындағы арыстық тұрғындар әулиеаталық құрылысшылардың жұмысына оң бағасын беріп, алғыс білдірді. Жамбылдық құрылысшылар еңбегінің елеулі екеніне тоқталды. Сонымен қатар арыстық тұрғындар мұн­­дағы жұмыстардың сапалы орындалып жатқанын, оқи­ға орын алған сын сәтте жам­был­дықтардың алғаш болып кө­мек­ке келгендерін де айтты. Мәселен, Арыс қаласындағы жары­лыстан зардап шеккен аза­мат­тарға қолдау көрсету бо­йын­­ша «Арыс, біз біргеміз!» рес­пуб­ликалық акциясы аясында Тараз қаласынан 4 қабылдау пункті ашылған болатын. Nur Otan партиясының облыстық және аудандық филиалдарында ұйымдастырылған арнайы пункттерде жиналған көмек материал­дары, азық-түлік пен алғашқы қажет­тіліктегі заттар Арыс қала­сына жөнелтілген еді. Бүгінге дейін барлығы 400 тоннадан астам гуманитарлық көмек берілген. Ал тұрғындарға медициналық көмек көрсету үшін 2,2 миллион теңге қажетті дәрі-дәрмектермен қамтылған арнайы жасақталған 4 реанимобильмен 8 фельдшер Арыс қаласына жіберілген. Енді «Әулие Ата – Демеу» қайырымдылық қорына бюджеттік мекемелер мен кәсіпорындардан ақша аударылуда. Арыс қаласындағы төтенше жағдайға байланысты Жамбыл облысы тарапынан көрсетілетін гуманитарлық кө­мек әлі де жалғасуда. Бүгінде Арыс қаласынан келген 323 бала Әу­лиеата өңіріндегі «Тау самалы», «Жұрындысай», «Жұлдыз» сияқты жазғы сауықтыру лагерьлерінде демалуда. 

Жамбыл облысы