Руханият • 22 Шілде, 2019

График суретшінің туындысы Гиннестің рекордтар кітабына ұсынылды

511 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Кипрдің Ирфан Гюнсель орталық конгресс залында өткен халықаралық көрмеде қазақ суретшісі Батухан Байменнің картинасы өнерсүйер қауымның жоғары бағасына ие болды. Тіпті мамандар тұтас ұлттың тарихынан сыр шертетін графикалық туындыны Гиннестің рекордтар кітабына ұсынуды лайық көріпті.

График суретшінің туындысы Гиннестің рекордтар кітабына ұсынылды

Түркі елдерінің қазіргі заман­ғы қылқалам өнерін дамыту аясында ұйымдастырылған көрмеге Қазақстаннан 50 сурет­ші қатысқан. Солардың қата­рында Шымкент қаласының тумасы Батухан Бай­мен жұрт­шылық назарына 60-тан астам линогравюралық туын­дысын ұсынған. Көрме қор­тындысында елі­мізден барған делегация ішінен Батухан Баймен бастаған екі суретшіге Кипрдің мемлекет­тік деңгейдегі «Күміс кілт» сыйлығы табысталды. 

Оның графикалық туындыларын өз өнер кеңістігінде көруге қызығушылық танытқан шетел­діктер шымкенттік шеберді елд­е­­ріне қонаққа шақырыпты.

Тоқсаныншы жылдардың басындағы қиын кезде еліміздегі көптеген графиктер бейнелеу өнерінің бас­қа саласына ауысып кетті. Алай­да Батухан Баймен қазақ гра­фикалық өнерінің отын өшір­мей, бүгінге алып келді. Бұл реткі халықаралық көрмеде су­ретші тарихи, саяси және эпос­­­­тық та­қырыптар қамтылған шы­ғар­ма­ларды ұсынған. Қыл­қалам ар­қылы түбі бір түр­кінің тамырлас екендігін жет­кізген. 

«Өнер майталманының қо­лынан шыққан биіктігі 1,5, ені 3 метрлік мазмұны бай туынды Кипрге жиналған көрерменнің көзайымына айналды. Бұл графика саласында елімізде ғана емес, әлемдегі айтулы жаңалық», дейді әріптестері.

Өнертанушылардың мың­даған картиналар ішінен Қаза­­қияның кеңдігі мен батыр ұл­да­рының ерлігі бедерленген графикалық туынды­ларды Гин­нестің рекордтар кітабына ұсынуының өзі қазақ халқына деген құрметтің белгісі бол­мақ. 
 
Шымкент