Аймақтар • 23 Шілде, 2019

Медицина музейі ашылды

439 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Ақтөбеде ежелгі әлемдік және бүкілқазақстандық, сондай-ақ өңір медицинасының алғашқы даму сатысы мен қалыптасу кезеңін және бүгінгі даму жолын паш етуге арналған медицина музейі ашылды.

Медицина музейі ашылды

Рухани жаңғыру бағдар­ламасы аясында жабдықталған музейдің жалпы аумағы 300 шаршы метрден асып түседі. Мұның өзі оның көлемі әжеп­тәуір кең, құлашы мол екенін көрсетеді. Мұндағы мұ­рағат­тар мен жәдігерлер ден­саулық сақтау ісінің ке­шегісі мен бүгінгісі жөнінде саналуан сырды аңғарта алады. Оның бастауы тым тереңде екен­дігі бес ғасырдың тарихын тоғыстыра білуден де ай­қын көрінеді. Айталық, музей мұра­­ғаттарының XVI-XVIII ғасыр­ларға арналған бөлімдері әлемдік медицинаның негізін қалаушылар Гиппократ пен Авиценнаның және ем қол­дану ісінен әжептәуір ха­­бары бар бабамыз әль-Фа­ра­­бидің сол дәуірде әлем­ді таңғалдыра білген жаңа­лық­тарына арналған. Олардың шешек пен қорасанға және дифтерияға қарсы екпе­лерді ойлап табудағы ізде­ніс­тері де айқын түрде айшық­тал­ған. Музейдің екінші бөлі­гіндегі ежелгі ақтөбелік тұрғын­дар­дың дәрілік шөптерді қалай пайдаланғаны жөніндегі деректер де ешкімді бейжай қал­дырмайды.

Мұнда медицинаның өткен ХХ ғасырда орын алған оқиғалары мен жаңалық­тарына да орын берілген. Ал тәуелсіздікке қол жеткіз­геннен кейін Ақтөбе облысында денсаулық саласында қол жеткен жетістіктер мен өзге­рістер және медицинаның дамуындағы бүгінгі қарышты қадамдар ауқымды бөлікті қамтиды. Сонымен бірге тұтас­тай қазақстандық және өңір медицинасының бастауында тұрған, оның дамуына сүбелі үлес қосқан ғалымдар мен дәрігерлердің ғұмырбаяндық деректері мен сарғайған сурет­терінде де оларға деген тағзым мен құрмет белгісі атойлап тұр. Сондай-ақ кеңес­тік кезеңде қол­данылған медициналық бұйымдар мен жабдықтар да музейдің бір бұрышына қойылыпты.

– Өңір медицинасының қаз басып, қалыптасуына арналған музей ұйымдас­ты­рудағы бас­ты мақсат – осы бағыттағы мұ­рағаттар мен де­ректерді тү­гендеу ға­на емес, ең бастысы осы ар­қылы медициналық оқу орын­да­рының студенттеріне тәр­биелік және тәлімдік тұр­­ғыда бағыт-бағдар беру ісін одан әрі тереңдете тү­суден туын­дады. Бұл жерге келген әрбір зе­делі жас пен сту­дент өмір мен өлім арпалысқан сы­ни сәтте дертке араша түсуге ұм­тылған дәрігерлердің жан­кешті еңбектерін түйсіне алса, науқастың тірі, аман қа­луы көп жағдайларда ден­­саулық сақшыларының білімі мен білігіне және мол тәжірибесіне байланысты екенін ұғына білсе – ойға алған мақса­ты­мыздың орын­далғаны, – деді Ақтөбе облыс­тық денсаулық сақтау бас­қармасының басшысы Әсет Қалиев.


Ақтөбе