Аймақтар • 23 Шілде, 2019

Мұнай-химия кешені: Қазақстандық қамту басты назарда

765 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Орта Азиядағы бірегей мұнай-химия кешенін іске қосатын уақыт жақын қалды. Атырауда «Kazakhstan Petrochemical Industries Inc» ЖШС қолға алған жобаның құрылыс жұмыс­тарына 36 мердігер тартылған, оның 33-і отандық компания.

Мұнай-химия кешені:  Қазақстандық қамту басты назарда

«ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ басқарма төрағасының орынбасары, «Kazakhstan Petrochemical Industries Inc» ЖШС басқарма төрағасы Данияр Тиесовтің ай­туынша, кешен жұмысы бас­талған алғашқы кезеңде жылы­на 500 мың тонна поли­про­пи­лен өндіріледі. Қазір құрылыс жұмыстары қарқынды жүріп жатыр. Бұған дейін жобаны жүзеге асы­ру көрсеткіші 6 пайыз ғана бол­ған еді, жаңа менеджмент жү­йесі енгізілгеннен кейін 34 па­йыз­ға көтерілді. Айта кету керек, бұл – «Самұрық-Қазынаның» отан­дық компания күшімен жү­зеге асырып жатқан алғашқы жобасы.

Қазір нысанда 2 мыңнан астам адам жұмыс істейді. Жоба­да қазақстандық қамтуға басым­дық берілген. КРІ атқа­ру­шы директоры Дамир Әшімов: «Жұмысшылардың түгел­ге жуығы қазақстандық мамандар, – дейді. – Отандық кәсіп­орындардың жұмыс сапасы шетелдік компаниялардан кем түспейтінін уақыт көрсетіп отыр. Мысалы, құрылысқа қажет ең үлкен құрылғы – колоннаны «АтырауМұнайМаш» зауыты дайындауда. Мұндай үлкен құрылғы бұрын-соңды біздің елімізде жасалған емес».

Жоспар бойынша құрылыс жұ­мыстары 2021 жылы аяқта­лады. Жоба сәтті жүзеге асса, 50-ден астам жаңа өнім шыға­ры­лады. Еліміздегі тұңғыш мұ­най-химия кешені шағын және орта бизнесті дамытуға да тың серпін бермек.


АТЫРАУ