Аймақтар • 23 Шілде, 2019

Аналық сатылса, мал басы көбеймейді

519 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Бүгінде көктемнің көгілдір көйлегінің етегін басып жайдары жаз да өтіп жатыр. «Жаз жайнатып, күн күйдіріп» дегеніңізбен, бұл маусымның да өз қиындықтары бар. Кеміргіш, сорғыш, шаққыш зиянды жәндіктерден бөлек түрлі дақылды ауруға шалдықтыратын арамшөптердің де кәріне мінетін кезі.

Аналық сатылса, мал басы көбеймейді

Ауыл шаруашылығындағы зиянкес­термен күрес мәселесі бойынша тиісті министрліктің Мемлекеттік инспекция комитеті аумақтық инспекция басшысы Еркебұлан Бекжанов өңірде ерекше қауіпті шегіртке зиянкестеріне қарсы 121 471 гектар жерге химиялық өңдеу жұ­мыс­тарын жүргізу жоспарланғанын айта­ды. Бүгінде қажетті химикаттар аудан­дарға толықтай жеткізіліп берілген екен. Техникалар да дайын. Облыс аума­ғында қолайлы фитосанитариялық ахуал­ды қамтамасыз ету мақсатында ар­найы жұмыс тобы құрылған.

– Зиянкестерге қарсы химиялық өң­деу жұ­мыс­тары 7 маусымда басталды. Жа­ңа­­қор­ған, Қармақшы аудандарында хи­­мия­­лық өңдеу жұмыстары толығымен аяқ­­­тал­ды. Қалған аудандар бойынша 77 128 гек­тар жерге химиялық өңдеу жүр­гізіл­ді. Аталған жұмыстар шілде айында аяқ­талады, – деді ол.

Осы мәселе бойынша облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Бахыт Жаханов биыл барлығы 74 184 гектар жерге химиялық өңдеу жұмыс­тарын жүргізу жоспарланып, жер­гілік­ті бюджеттен 91 млн теңге қаржы қарал­ғанын айтты. Ауылшаруашылық дақыл­дарын күтіп-баптау және арамшөптерге қарсы өңдеу жұмыстарын жүргізу үшін 52,9 мың литр гербицид сатып алынған.

Ал ветеринария саласында атқары­лып жатқан жұмыстар туралы облыстық ветеринария басқармасының басшысы Ерсұлтан Әпетовтің айтуынша, бү­гінде облысқа эпизоотиялық ахуал тұрақ­тылығын сақтау мақсатында аса қауіп­ті 14 түрлі жұқпалы ауруларға қар­сы бө­лінген ветеринариялық препарат­тар­дың 99,9 пайызы жеткізілген екен. Облыстық бюджеттен бөлінген 205,4 млн теңге қаржыға жануарлардың 6 түр­лі эзоотиялық ауруларына қарсы вете­ри­нариялық препараттар сатып алынған. Қазір алдын ала егу жос­пары толығымен орындалған.

Басқарма басшысы ауыл әкімдері, аудандық тиісті сала басшыларының мал санағын жүйелі жүргізбей отыр­ғанын айтты. Конго-Қырым гемор­рагия­лық безгегінің алдын алу жұмыс­тары бойынша атқарылған шараларды пысықтаған оның айтуынша, биыл эпидемиологиялық маусымда аталған ауру 123 елдімекенде таралуы мүмкін екені анықталған.

– Басқарма осындай елді мекендерде мал қоралардың механикалық тазалануына зерттеу жұмыстарын жүр­гізіп, біраз кемшіліктерді анықта­ды, – дейді басқарма басшысы. Сол се­бепті кеңейтілген семинар кеңес ұйым­­дастырылғанын, сон­дай-ақ елді ме­кендерде тұрмысы төмен от­ба­сылардың мал қораларын механи­калық тазалау жұмыстарына көмек көрсе­тілгенін айтты. Облыста құжатсыз мал тасымалдау дерегі де анықталған. Осыған орай, облыс әкімі құзырлы орындармен бірлесіп, аналық малды сыртқа шығаруға шектеу қоюды тапсырды.

Бүгінгі пайдасын ойлап, аналық мал­­дың бәрін сыртқа өткізген кәсіпкер ер­тең қалай тіршілік етеді? Малдың саны қалай көбейеді? Ертеңін ойламаған кәсіп­кер­лерге түсіндіру жұмысын жүр­гізу керек.

Қазақ сақарасы малға бай дегені­мізбен әп-сәтте босап қалуы да оңай. Биыл Өзбекстан мен Иранға мал сатып, қалтасына сытырлаған пішен ақша біткен делдалдар жыл ортасында Қазақстанның түкпір түкпірлерін аралап кеткен-ді. Олар малдылардың отар-отар қой, табын-табын сиыр, үйір-үйір жылқысынан бөлек, ауылдағы ағайынның ілдалдалап асырап отырған бірер баспағын да сатып алып, көрші мемлекеттерге сатып жіберді. Кеден­шілерден білгеніміз, Өзбекстан жаққа күн сайын мыңдаған мал тиеген жүк ма­ши­налары өткен. Мемлекет мал алу­ға жеңіл несие бөлгендіктен, ала топы­лы ағайындар аз ғана уақытта қора­ла­рын төрт түлікке толтырып алды. Қозы­ға дейін әкетті. Соның салдарынан сол­түс­тік облыстардың базарында ұсақ мал басы азайды. Абырой болғанда, көр­ші мемлекетте несиелендіру тоқтап, дала­мыз босап қалмады. Бұл ретте кеші­гіп болса да Ауыл шаруашылығы министр­лігі малды сыртқа сатуға уақытша тыйым салды.

Төрт түліктен пайда көру керек. Бірақ жаппай сатылымнан емес. Мемлекеттік бағдарламалар арқылы сырттан асыл тұ­қымды мал әкеліп, мыңғыртып көбейт­кеннен кейін ретімен саудаға шығаруға болады. Қайда пұлдаймын дейтін емес, күншығыс елінің бір қаласымен-ақ алыс-беріс жасаса да ешқашан ұтылмайды.


Қызылорда облысы