Жақында Дариян ауылында 68 жастағы зейнеткердің «ИЖ-2126» автокөлігінен белгісіз біреулер балық аулайтын қармақ-құралдарын ұрлап кеткен екен.
Бәйтеректік полиция қызметкерлері «Қауіпсіз аула» жүйесіндегі камера жазбасын қарап, сұғанақты бірден тапты. Ұры 16 жасар бозбала болып шықты. Приурал полиция бөлімі ұрлық оқиғасы бойынша тергеуді бастаған.
Осыдан бір ай уақыт бұрын Бәйтерек ауданында іске қосылған «Сұңқарсмартсити» бейнебақылау жүйесін оралдық «Элайтс» ЖШС мамандары ойлап тапқан. Сөйтіп мемлекет пен жекеменшік әріптестігі негізінде ақылды бағдарлама алғаш рет Бәйтерек ауданының 8 елдімекенінде іске қосылған болатын. Ауданда орнатылған барлық 243 камера бір орталықтан басқарылады.
- Жүйе іске қосылғалы бері осы камера жазбаларының көмегімен 8 қылмыс ашылды. Оның бірі – кісі өліміне қатысты аса ауыр оқиға болатын, - дейді Батыс Қазақстан облыстық Полиция департаменті баспасөз қызметінің маманы Әлия Наурызғалиева.
Батыс Қазақстан