Аймақтар • 23 Шілде, 2019

Солтүстік Қазақстанда асық атудан ел біріншілігі өтті

498 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

2003-2005 жылғы жасөспірімдер арасында асық атудан Қазақстан республикасының чемпионатына 7 облыстан келген 60-қа жуық спортшы 3 күн бойы бақ сынасты.

Солтүстік Қазақстанда асық атудан ел біріншілігі өтті

Асық атудан Қазақстанның еңбек сіңірген бапкері Жомарт Сабыржановтың айтуынша,  ертеден келе жатқан ұлттық ойын бойынша  2010 жылы  спорт және дене шынықтыру істері комитеті жанынан «Асық ату» республикалық федерациясы құрылып,  ЮНЕСКО тізіміне енгізілген. Бүгінгі чемпионатта ер азаматтар асық атудан,  ал қыздар болса бес асық ойыны бойынша бақ сынасты. Ұйымдастырушылардың сөзінше, жасөспірімдер арасында аталмыш спорт түрі кеңінен танымал.

«Соңғы жылдары  асық ату ойыны жақсы дамып келеді.  Әсіресе, жастар қызығушылығы жақсы. Бұрын мектептерде өңірлерде доп тебетін болса, қазір асық атады», дейді  Ж. Сабыржанов.

Шымкент қаласының намысын қорғап келген Ахметрауани Сапарбек алғашқы кезеңде солтүстікқазақстандық  қарсыласын 2-1 есебімен тізе бүктірді. Ол 1,5 жылдан бері осы ойын түрімен  жаттығады екен.

Қостанайлық Мереке Шанабай– бес асық ойынынан Қазақстанның чемпионы.  Ойын ережесі бойынша 12 жаттығу жасап, 15 минут ішінде 150 ұпай жинау керек болса, ол діттеген мақсатын  12 минутта орындап, жеңімпаз атанды.

Жарыс қорытындысы бойынша  ұлдар арасындағы бәсекеде  Нұр-Сұлтан қаласының командасы бірінші орынды иеленді. Екінші, үшінші орындарды қарағандылықтар мен жамбылдықтар бөлісті.

Қыздар арасында  жеңістің ең биік тұғырына қостанайлықтар көтерілді. Алаң иелері екінші, шымкенттіктер үшінші орынды қанағат тұтты.

Чемпионат қорытындысы бойынша жеңімпаздар арнайы медальдармен марапатталып,  ең үздіктер ел құрамасына қабылданады.

Солтүстік Қазақстан облысы