16 Мамыр, 2013

Ауыл шаруашылығы осы күйімен көшке ілесе ала ма?

298 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Ауыл шаруашылығы осы күйімен көшке ілесе ала ма?

Бейсенбі, 16 мамыр 2013 2:51

Өткен жылы Қарағанды облысының Жезқазған өңірінен шығатын «Сарыарқа» газетінің №32 санында республикалық «Асыл түлік» АҚ-тың бөлім бастығы Кәкімжан Сархановтың «Орталық Қазақстан: мал шаруашылығы проблемалары мен мүмкіндіктері» деген мақаласы жарияланды. Мақала «Орталық Қазақстан, оның ішінде Жезқазған аймағы ауыл шаруашылығы өндірісінде табиғаты мен ауа райының қолайсыздығымен ерекшеленеді. Дегенмен, жер асты байлықтары, өндірістің келешегі (Жезқазған-Бейнеу темір жол құрылысы, Балбырауын, Қияқты, Ақтас басқа да кен орындары) өңірдің өзінің азық-түлік қорын қалыптастыру маңыздылығын көрсетеді.

Бейсенбі, 16 мамыр 2013 2:51

Өткен жылы Қарағанды облысының Жезқазған өңірінен шығатын «Сарыарқа» газетінің №32 санында республикалық «Асыл түлік» АҚ-тың бөлім бастығы Кәкімжан Сархановтың «Орталық Қазақстан: мал шаруашылығы проблемалары мен мүмкіндіктері» деген мақаласы жарияланды. Мақала «Орталық Қазақстан, оның ішінде Жезқазған аймағы ауыл шаруашылығы өндірісінде табиғаты мен ауа райының қолайсыздығымен ерекшеленеді. Дегенмен, жер асты байлықтары, өндірістің келешегі (Жезқазған-Бейнеу темір жол құрылысы, Балбырауын, Қияқты, Ақтас басқа да кен орындары) өңірдің өзінің азық-түлік қорын қалыптастыру маңыздылығын көрсетеді. Еліміздің экономикасына бергенінен әлі де берері мол аймақ облыс мәртебесінен айырылып, экологиялық жағдайы да күрделене бастаған. Енді оған арнайы мемлекеттік қолдауды иелену лайықты іс-шара екенін айтар едім», деп басталады.

Осы мәселеге байланысты Жезқазғанда 2011-2015 жылдарға арналған стратегиялық бағдарлама аясында кешенді дамудың, әртүрлі құжаттары мен жобалары әзірленуде. Өкініштісі, аталған құжатта аймақтық агроөнеркәсіп, әсіресе, мал шаруашылығы саласының мүмкіндіктері толықтай сараланып, қамтылмағанға ұқсайды. Мысалы, бүгіндері мемлекет деңгейінде маңыздылығы жоғары болып отырған өңірдің шалғай жайылымдарын пайдалану үшін соған сәйкес шаруашылық құрылымдарын, мал түрлерін, тұқымдарын қалыптастыру қажеттілігі туындап отыр.

Кезінде бұл өңірде 63 ірі шаруашылық құры­лымдары ауыл өнімдерін дайындады. Мыңдаған ауыл тұрғындары тұрақты жұмыспен қамтылды. Сол кезде өңірде 1 200 000 қой, 110 мың ірі қара, 47 мың жылқы өсіріліп, 750 мың гектар жер қыртысы өңделіп, пайдалануға берілді. Осындай оң көріністермен ерекшеленген өңірдің ауылшаруашылық мүмкіндіктерін қалайша ескермеуге болады? Өкінішке қарай, өңірде мемлекеттік ауылшаруашылық құрылымдарын жекешелендірудің келеңсіз жақтары бар. Басқа сала­ларға қарағанда, ауыл шаруашылығында елеу­лі қиындықтар қалыптасып отыр. Бүгінде, бұл мақ­сатқа бұрынғыдан да қомақты қаражат жұмсап, ауыл­шаруа­шылық өндірісін қалыпты жағдайға келтіре алма­ғанымыз түсініксіз, дейді ауыл шаруашылығы ғылымдарының кандидаты Кәкімжан Сарханов.

Қазір «ғасыр жобасы» деп аталған темір жол құрылысы ауылымыздың үстінен өтеді. Жоба бойынша жаңадан 13 станса салынып 10 мың адам жұмысқа тартылмақ. Бүгінде жоба бойынша жұмыс қызып-ақ тұр. Темір жол құрылысы Қарсақпайға таяп та қалды. Міне, осы жобаға ауылшаруашылық, агроөнеркәсіп кешендері неге қоса тартылмайды. Тиісті министрліктер мен ведомстволар, жер ресурстарын зерттейтін мекемелер қай жерге нені орналастыру керектігін айтпай ма? Ондай кешенді жобаларды парықтауға, жүзеге асыруға аудандардың ауылшаруашылық департаменттері дайын ба? Әлде дайындық жасап жатыр ма? Олай болса, оны ел-жұрт неге білмейді?

Біздің өңірдің қысы қысқа, қыс айларының өзінде мал шабылған шөпке, көп болса екі-ақ ай қарайды. Басқа уақытта жайылымда «өз күнін» көре алады. Яғни, азыққа жұмсалатын шығын аз. Бұл – тағы бір артықшылығы. Десек те, сағым қуған сар далада, жел, күн энергиясы жетерлік. Қалған басты мәселе – су тапшылығы.

Қазір, ауыл шаруашылығын субсидиялап жатырмыз. Банктерден несие алып бизнес аш, жаңадан шаруашылық құр. Әйткенмен, шетелден мал әкеліп тұқым асылдандыру науқанына көп қаражат беріліп жатыр. Осы ауқымды қаражат бөлінген шаруашылықтар жеке меншіктің қолында. Оның ісін жалғастыратын артындағы балалары, болмаса сенген адамдары әрі қарай мал шаруашылығымен айналысқысы келе ме? Шаруашылықты игеріп, ұстап тұра ала ма?

Қалай болғанда да, барлық тоқшылық, тұрақтылық, байлық осы ауылшаруашылық өнімдерінде екенін естен шығармайық, ағайын.

Қадыр ҚҰЛАХМЕТ,

еңбек ардагері.

Қарағанды облысы,

Ұлытау ауданы.