Қоғам • 24 Шілде, 2019

Алтайдың адал перзенті

3393 рет
көрсетілді
18 мин
оқу үшін

«Осы елдердің ағашы қымбат па, ауасы қымбат па, адамы қымбат па, аңы қымбат па? Американың қасқыры мен қарсағын былай қойғанда қаңғырған итіне дейін қамқорлықта. Африка арыстанынан атжалманына дейін кие тұтады. Осы үшін қаншама ұлттық парк ұстап отыр. Бұтасын сындырып, тышқанына тиісуге қақың жоқ. Тілбезерден осының бәрін көріп отырып таңғаласың. Осының бәрін көрген соң ойға қалдым. Менің Алтайымның қасиеті қай елдің табиғатынан кем? ...Егер Алтайға тыныштық, мүмкіндік берсе өз жарасын өзі жазып, бүкіл зауалдан өзі құтқармақ. Ол үшін бұрынғы Катонқарағай ауданына Табиғи мемлекеттік ұлттық парктің статусы керек. Қысылғанда менің тапқан идеям осы болды». Қара сөздің хас шебері, Алтайдың айбоз жыршысы Қалихан Ысқақ «Келмес күндер елесі» атты роман-эссесінде осылай деп толғанған еді. Жазушының Америка мен Африканың табиғаты, аңы мен құсы, Алтайда ұлттық парк құру жайындағы ойларын бекерге ұсынып отырғанымыз жоқ. Біз бүгін сөз етпек кейіпкеріміздің де табиғатқа, Алтайға, Катонқарағайдағы ұлттық паркке тікелей қатысы бар.

Алтайдың адал перзенті

Еңбекпен ерте есейген

«Тау баласы тауға қарап өседі» дегендей, бажайлап қарасақ, тауда туып, таста өскен бұл кісінің атқарған қызметі, елге еткен еңбегінің көпшілігі табиғатпен байланысты екен. Бұл кісі деп отырғанымыз – Алтайдың адал перзенті, Катонқарағайдың тумасы, Парламент Мәжілісінің 2 шақырылымының депутаты болған Асқар Қабанбаев. Жақында табиғат жанашыры, ел ағасымен жолығып, аз-кем әңгімелесудің сәті түскен-ді. «Әкем Айтқұл 1942 жылы майдан даласында 35 жасында жараланып, қайтыс болыпты. Ағам Мержақып (негізі – туған әкесі, Айтқұл – Мержақыптың ағасы) 1939 жылы 19 жасында әуелі Фин соғысына қатысып, кейін Ұлы Отан соғысына шақырылып, одан Жапон соғысына алынып, 7 жыл жүріп, елге 1947 жылы бір-ақ оралды. Соғыс туралы көп сыр ашпайтын. Бір айтатыны, «соғыстың алдыңғы шебінде жүрдік. Жаумен бетпе-бет келген кездеріміз аз болған жоқ. Өкінетінім, қол астымдағы талай-талай мықты, білімді азаматтар, оның ішінде профессорлар да бар, өмірден ерте өтіп кетті» деп қаруластарын қамыға еске алып отыратын. Жуықта балаларым интернеттен әкемнің награда парағын шығарып алыпты. 28 фашисті өлтіріп, «Қызыл жұлдыз», тағы да 19 жаудың көзін жойып «Отан» ордендерімен марапатталғанын, әкелеріміздің ерліктерін ұрпақтары енді біліп жатырмыз. Майданда қандай ерлік жасағандарын олардың өздері де білмей кетті ғой. 9 мамырда сол кісілерге қатым түсіріп, құран бағыштадық»,  деп әңгімесін жақындарын еске алудан бастаған кейіпкеріміз 6-7 жасынан еңбекке араласқанын жеткізген.

Иә, жадыраған жазы келте, алты ай қытымыр қысы бар Алтай еңбекті, қайсарлықты, табандылықты сүйеді. Алтай босбелбеулікті, бойкүйездікті көтермейді. «Катонда қыс қиын екенін білесіздер. Алтайдың жазы қысқа қамданумен өтеді. Әкем майданнан қайтпады. Бар ауырлық шешемнің иығына түскеннен кейін анама болысып, бел жазбай еңбек етуге тура келді. Шешем ісмер адам болды. Текемет жасайды, сырмақ сырады. Үйде төрт-бес қойымыз, бір сиырымыз бар. Туыстарымыз қойшы болатын. Мені үйдегі азын-аулақ малмен бірге жазда сонда жібереді. Осылайша үш жыл жайлауға шығып жүрдім. Мектепке барғаннан кейін кеңшардың шөбіне көмектестік. Жазда күпәна тарттық. 9 жас­ымнан қолға тартпа ұстадым. 7-сыныпта Моңғол шекарасынан Семейге дейін жаяу қой айдағаным әлі күнге дейін есімде. Содан бері еңбек майданының бел ортасында келемін», дейді әңгімелесушіміз.

Ауылдағы мектепті бітіргеннен кейін Өскемендегі техникумда, Алматы ауыл шаруашылық институтында «инженер-механик» мамандығы бойынша білім алған талапты жас туған ауданына оралған соң әуелі тракторды тізгіндеп, одан соң автобазада слесарь, механик болып еңбек етеді. Аз уақыттан соң осы автобазаның директоры қызметіне тағайындалып, көп өтпей аудандық ауыл шаруашылығы бөліміне инженер қызметіне шақыртылады. 1975 жылы ауданның бір кеңшарына бас инженер, кейін директор орынбасары, 1985 жылы Алматыдағы Госагропромның республикалық базасына орынбасар болады.


Катонқарағай ұлттық паркі қалай құрылды?

Содан 1991 жылы туған жеріне қайтып, «Верх-катунь» марал кеңшарының директоры қызметіне кірісіп кетеді. Бұл шаруашылық ол кезде республиканы былай қойғанда марал өсіруден Одақтағы ең үлкен шаруашылықтардың бірі болды. Шаруашылық ірі болғанымен жұмысы іркіліп тұрған еді. «Не жол салынбаған. Не үй жоқ. Халықтың жағдайы да төмен. Шаруашылықты аяғынан қаз тұрғызуға тура келді. Күндіз-түні тынбай жұмыс істедік. Кеңшарға қарайтын 5 ауылға төрт мектеп салдық. 1996 жылы Ақсу ауылында 504 орындық типтік мектеп бой көтерді. Білім ордасын өз қаражатымызға салдық. Сонымен қатар жолды жөндеп, халыққа арнап бірнеше үй тұрғыздық», деп еске алады сол күндерді.

Асқар Қабанбаевтың осы шаруа­шы­лық­ты басқарған кездегі үлкен еңбегі – Катонқарағайдың брендіне айналған панты өнімдерін өндіруді жолға қоюы. Бүгінде өңірімізге ғана емес, елімізге белгілі «Ақсу-Дэен» кәсіпорнының құрылатыны да – осы уақыт. «Ол кезде жылына 4 тонна панты шығарылатын. Орташа бағасы, яғни 1 килосы 700 доллар болды. Марал мүйізінің 300 грамнан төменгісі бар-жоғы 30 долларға өтетін. Негізі әлемдік нарықта пантының 90 пайызын пайдаланатын – корейлер. Әлі де солай. Оларда дәстүрге айналып кеткен. 200-300 жылдан бері осылай. Денсаулықтың қадірін білетін ұлт қой. Сол жылдары маған: «Марал мүйізін неге біз тегін беруіміз керек? Неге қайта өңдеп, кәдеге жаратпасқа?!» деген ой келді. Сөйтіп Оңтүстік Кореямен байланысқа шығып: «Мен сендермен жұмыс істейін. Бірлескен кәсіпорын ашайық. Жарты ақшасын сендер, жартысын мен құяйын. Қажетті құрылғыны сендер орнатып беріңдер. Өнімдерді тұрақты түрде сатып тұрамын» дедім. Олар келісті. «Ақсу-Дэен» осылай құрылды. Әрине, оңай болған жоқ. Кәсіпорынның жоба-жоспарын, бәрін өзім жасап шықтым. Өзім технолог, өзім химик болдым. 50 түрлі өнім шығардық. Кәсіпорын әлі де жұмыс істеп тұр. Сонымен қатар пантымен емдейтін, бұғы мүйізінің сорпасына түсіретін шипажай аштық», дейді Асқар Қабанбаев.

Катонқарағайда панты өнімдерін жаңа технологиямен өндіруді алғаш болып қолға алған азамат халық әлі де марал мүйізімен емделудің ұшантеңіз пайдасын дұрыс түсінбей жатқанына қынжылады. Бұған мемлекеттің де қызығушылық танытпай, қолдау білдірмей отырғанын да жасырмайды. «Біле білсек, маралдың мүйізінен тұяғына дейін тұнып тұрған дәрі. Соны біз дұрыс пайдалана алмай келеміз. Еліміздің тұрғындары панты өнімдерін пайдаланса, халық бүгінгідей көп ауырмайтын еді. Қаржысын да босқа шашпас еді. Өйткені панты өнімдері мың да бір ауруға ем. Ең бастысы, адамның иммунитетін көтереді. Бүкіл ағзаны күшейтеді. Парламент Мәжілісінің депутаты болып жүргенде де, оған дейін де, кейін де осы мәселені талай мәрте көтердім. Әлі де кеш емес. Үкімет тарапынан қолдау болса, панты өнімдері халықтың игілігіне қызмет ететіні сөзсіз», дейді табиғат жанашыры.

Асқар Қабанбаев 1999 жылы  Парламент Мәжілісінің екінші шақырылымының депутаты болып сайланады. Халық қалаулысы қызметіндегі ең үлкен жұмысы – Катонқарағайда ұлттық парк құруға атсалысуы. Ұлттық парктің арқасында қазір Алтайдың тұмса табиғаты, аңы мен құсы мемлекет қамқорлығына алынып, өсіп-өніп жатыр. «Ұлттық паркті құру депутаттыққа түсер алдындағы бағдарламамдағы негізгі бағыттардың бірі болды. Бұл іске осы Төр Алтайдың тумасы, қазақтың көрнекті қаламгері, драматург Қалихан Ысқақ ағамыз да үлкен үлесін қосты. Өзі бастап, Халық Қаһарманы Қасым Қайсенов, КСРО халық әртісі Бибігүл Төлегенова қостап Парламентке ашық хат жазды. Соны негізге алып, Үкіметке депутаттық сауал жолдадым. Әріптестерім де мені жақсы қолдады. Содан не керек, 2001 жылы Катонқарағай ұлттық мемлекеттік табиғи паркі құрылды. Одан бері 18 жыл өтіпті. Парк құрылғаннан кейін 400 жұмыс орны пайда болды. Талай жан екі қолға бір күрек тапты», дейді 20 жыл бұрынғы уақытқа көз жүгірткен Парламенттің экс-депутаты.

Асқар ағамыз бүгінде Парламент төрінде отырмаса да, кейде өзін депутаттай сезініп, Үкіметке депутаттық сауал жолдамаса да, «бұл қалай?» деп өз-өзіне сауал жолдайтыны бар. Сірә, ішке сыймай кететін болуы керек. Кейіпкеріміз Катонқарағайдағы паркке үнемі алаңдап, тақымын қысып, көз қырын салып, жақсылығына сүйініп, жамандығына күйініп отырады. «Парк қызметкерлері жұмысының көңілімнен шықпайтын тұстары көп. Қазір халық отын ала алмай қалды. Шіріген ағаштарды тұрғындарға арзан бағамен беруге болады ғой. Орманның ішінде шіріп, құлаған бір ағаштың өзі талай ағаштың орнын алып қаншама уақыт жатады. Дер кезінде алып тастаса орнына жас ағаш шықпай ма?! Сонда өрт те болмас еді. Мұның бәрі бір-бірімен байланысты. Бұған да бір адам керек пе?! Бұрын паркте бір ғана аңшы (егерь) болатын. Ол кезде аңшы аз, аң көп еді. Қазір 400 аңшы бар. Аң-құстың бәрін өздері құртып отыр. Әкімдерге рейтинг қояды ғой. Бұларға да сондай рейтинг керек секілді. Мәселен, сенің қарамағыңдағы аумақта бір қоян бар ма, бір балл, 10 қоян болса, 10 балл дегендей. Оларға стимул керек. Ынталандыру қажет. Әйтпесе аң қалмайды. Сырттан келіп ешкім аң атпайды ғой. Сондықтан парк қызметкерлерінің сана-сезімін өзгерту керек. Олармен жұмыс істеу қажет. Ең бастысы, олардың жүректері таза болуы керек қой», деп алаңдаушылығын білдірді Алтайдағы паркті құруға атсалысқан азамат.

 

Қалың орманды қайтіп сақтап қалды?

 «Бұл кісінің атқарған қызметі, елге еткен еңбегінің көпшілігі табиғатпен байланысты екен» дедік қой жоғарыда. Тағы бір дәлел келтірелік. «Бұл жайт депутаттар каникулға шығардан бір күн бұрын болған еді. 29 маусымда қазір Белоруссияда тұратын, сол кездегі сенатор Павел Атрушкевич: «Асеке, сенің өңірің бойынша бір мәселе бар. Маған келші» деді. Кешке жақын мезгіл. Барғаннан кейін бір папканы қолыма берді де, «өзің қарап шығарсың» деді. Қарап отырсам, Үкімет бір аустриялық фирмамен Шығыс Қазақстанның орманын 50 жылға жалға беру жөнінде келісімшарт жасасыпты. Ағаш кесу үшін. Қалпына келтіру жұмыстары көрсетілмеген. Қазақстанның орманының 80 пайызы – Шығыс Қазақстанда. Сол 80 пайызды 50 жылда қырып шықсақ не болады? «Құрыған жеріміз осы болды ғой» дедім. Келісімшарт жасалған. Үкімет қаулысы шыққан. Экономикалық негіздеме жасалған. Онда «Өскеменде мың адамдық ағаш өңдеу зауыты салынады, жұмыс орны болады» делініпті. Ал табиғатты, орманды сақтау туралы бір сөз жоқ. Әуелде не істерімді білмей қалдым. Ақыры ойлана келе сол кездегі Үкімет басшысы Иманғали Тасмағамбетовке депутаттық сауал жолдадым. Депутаттық сауалда «Бұл қандай шешім? Орманнан айырылсақ не боламыз? Шығыс шөл далаға айналады ғой. Мұны тоқтатып, қаулының күшін жою керек» деген мәселелерді айттым. 53 депутатқа таңғы сегізге, Парламент пен Сенаттың бірлескен отырысына дейін қол қойғыздым. Былтыр ғана дүниеден өткен Шерағаңды бірінші қойдым. Содан не керек, Премьер-Министрге депутаттық сауал жолдап, жазбамды Тасмағамбетовтің қолына апарып бердім. Зал жым-жырт. Отырыс біткеннен кейін барып «мен не істеп қойдым?» деген ой миыма шақ ете түсті. Менің орнымда басқа біреу болғанда «Басыма пәле болып жүрер» деп бас тартар да ма еді?! Абырой болғанда, бәрі сәтімен аяқталды. Кейде Алла тағала мені Парламентке осы миссияны орындау үшін жіберді ме деп ойлаймын», дейді Шығыстың орманын бір қатерден сақтап қалған қайсар ағамыз.

 Парламенттегі табиғатқа қатысты үшінші жұмысы – Зайсан көліндегі балықшыларға жәрдемдесуі. Өзінің айтуынша, 2000 жылдардың басында әлдекімдер Зайсан көлін иемденіп алып, жергілікті халыққа балық аулатпай қояды. Алда-жалда балық ұстап, қалаға баратын болса, жолдың бәрінде күндіз-түні пост тұрады. Жібермейді. «Балықшылар арыз-шағымдарын айтып, делегация болып Астанаға келді. Оларды сол кездегі Ауыл шаруашылығы министрі Ахметжан Есімовке кіргіздірдім. Ол уақытта – Шығыс Қазақстан облысының әкімі Талғатбек Абайділдин. Бұл мәселе де абыроймен шешіліп, балық аулау бірнеше лотқа бөлініп, халыққа қайтты ғой», деп еске алады экс-депутат сол кездерді.

 Күршім ауданының Бурабай ауылын тасқын су басқан кездегі халық жанынан табылғанын күршімдіктер әлі күнге дейін ұмытпай айтып жүреді. «Тұрғындар «Тұратын жеріміз жоқ, ауылдың бәрін су алып кетті» деп хабарласқан соң Үкіметте мәселе көтердім. Сол кездегі Үкімет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев тиісті тапсырма берді. Содан төрт Парламент Мәжілісінің депутаты, төрт вице-министр, сол кездегі Премьер-Министрдің орынбасары Даниал Ахметовпен бірге Өскеменге келдік. Облыс әкімі В.Метте қарсы алған соң тікұшақпен Бурабайға ұштық. Бір қызығы, В.Метте дәл Күршімге жеткенде тікұшақты кері бұрғызды. «Бармаймыз» деді. Сол жерде екеуміз сөзге келіп қалдық. «Керек болса, тікұшақты ал да ұш» деді маған. Өскеменге қонғаннан кейін Астанадан бірге келген кісілерді шығарып салып, жеңіл көлікпен Күршімге тарттым. Халықпен кездестім. Артынан Үкіметте барлығын баяндадым, сол кезде Ахметовке риза болдым. Үкіметте үлкен жиын өтіп, халыққа көмек ретінде қаржы бөлінді», дейді елге қолұшын созған шақтарын ой елегінен өткізген кейіпкеріміз.


Ара туралы заңды қабылдатқан азамат

 Асқар Қабанбаевтың туған топырағы Катонқарағай ауданының игілігі үшін қолға алған жұмыстарының бірі – облыстық маңыздағы «Өскемен-Рахман қайнары» жолына республикалық мәртебе беруге қолұшын созуы. Мәселені сол кездегі Көлік және коммуникация министрі Қажымұрат Нағмановқа жеткізген, дүркін-дүркін көтерген Асқар Қабанбаев екенін катонқарағайлықтардың бірі білсе, бірі білмеуі мүмкін. «Бұл жол өте маңызды. Алтайға келетін жұрт көп. Жолдың республикалық мәртебе алғаны туристер санының артуына да ықпал етті. Айналып келгенде, халыққа, елге керек дүние ғой. Қазір міне, жемісін халық көріп жатыр. Ең бастысы, сол емес пе?» дейді ел ағасы.

 Парламент қабырғасында жүргенде қолға алған тағы бір қабырғалы ісі – «Бал ара шаруашылығы туралы» заңды қабылдатуы. Қабылдатуы дегеніміз аз болатын шығар, осы заңды жазған да, соңына дейін қорғаған да өзі. «Марал мен ара Катонқарағайдың бренді емес пе? Катонның балын білмейтін кісі кемде-кем шығар. Алайда, осы құндылығымызды қорғайтын, ара шаруашылығын әрі қарай дамытуға жол ашатын, омарташылар мүддесін қорғайтын заң болмады. Заң жобасын жазуыма осы жайт түрткі болды. Заңды Сенатта қорғағанымда бір елге белгілі ағамыздың «бұл заң неге керек?» дегені есімде. «Бұл – ең керек заң. Құранда да ара туралы аят бар. Егер ара құрып кетсе, бүкіл табиғат құриды. Табиғат құрыса адамзат құриды» деген едім әлгі ағамызға. Панты өнімдері секілді балдың да қадірін, оның пайдасын әлі күнге дұрыс түсіне алмай келеміз»,  дейді табиғат жанашыры.

Асқар ағамыз бір ғана дүниеге аздап өкінетін секілді. Өкінгенде Парламент Мәжілісінің депутаттығына екінші мәрте өте алмағанына өкінбейді. «Егер де екінші рет сайлансам, біраз жұмыстарды қолға алуға болар еді. Бұдан да жақсырақ, бұдан да пайдалырақ шаруаларды тындыруға болар еді. Соған өкінемін», дейді.

Әрине, адам баласының өкініші таусылған ба?! Алайда, бір нәрсе анық: Асқар Қабанбаев туған топырағы Алтайға адалдық танытқан азамат. Туған жер алдындағы перзенттік парызын адал өтеген жан. Әлі де ел игілігі үшін еңбек етіп келеді.


Шығыс Қазақстан облысы