Руханият • 24 Шілде, 2019

Оралда Қадыр орталығында Күй бөлмесі ашылды

790 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Жуырда Орал қаласындағы Қадыр Мырза Әлі атындағы мәдениет және өнер орталығында өнерсүйер қауымға арналып күй бөлмесі ашылды.

Оралда Қадыр орталығында Күй бөлмесі ашылды

Шараға Орал қаласында тұра­тын белгілі домбырашы, қазақ күй өнерінің алтын қорына бір­неше шығарманы жеткізіп, жазып қалдырған Өтеген Жұма­шев, ардагер күйші, домбырашы Ұлмекен Батырова, «Құр­мет» орденінің иегері, Қазақ­станның еңбек сіңірген мәде­ниет қызметкері, дәулескер күй­ші Ермек Қазиев, күйші-дом­бырашы әрі домбыра жасаушы шебер Едіге Нәбиев секілді бел­гілі өнер тұлғалары қатысты. Ме­рекеге қатысушылар «Нағыз қазақ – қазақ емес, Нағыз қазақ – дом­быра!» деген қанатты сөздің авторы, ақын Қадыр Мырза Әлінің ескерткішіне гүл шоғын қойды.

Бүгінгі күннің басты жаңа­лығы – Қадыр орталығынан дер­­бес Күй бөлмесінің ашылуы бол­ды. Оның лентасын Батыс Қазақ­стан облыстық мәдениет басқармасының басшысы Қа­дырболат Мұсағалиев пен күй­ші Ермек Қазиев қиды. Қали Жантілеуовтің туған жиені, домбырашы Төлеген Қайырғалиұлы «Күйшілер бөлмесінен» бола­шақта Құрманғазы, Сейтек, Дина, Дәулеткерей секілді дәулескер күйшілер шығуын Алладан тілеп, ақ батасын берсе, Ұлмекен анамыз шашу шашты.

– Қадыр орталығының жетек­шісі Бауыржан Халиолланың қолдауымен берілген бөлмемізді барынша мазмұнды безендіруге тырыстық. «Айдар» шаруа қожалығының жетекшісі Айдар Ғафуұлы демеуші болып, дом­бы­ра мен қазақ күй өнерінің тарихына, жергілікті күйшілік мектептердің сабақтастығына арналған бірнеше көрнекілік тақта жасадық. Оралдық домбыра жасаушы шеберлердің аға буыны саналатын Бақыткерей Сүлейменов, Едіге Нәбиев, Сан­сызбай Ахметов, Асылан Серік­баевтардың өнерін наси­хаттауға да көңіл бөлдік. Дегенмен, бү­гінгі ең басты жаңалық – Күй бөлмесінде орнатылған «электронды домбыра» болды. Батыс Қазақстан облыстық балалар техникалық шығармашылығы орталығының «Роботтық техника» үйірмесінің жетекшісі Марс Мақсот жасаған бұл дом­быраның ерекшелігі – ше­гінен шертіп қалсаңыз, күй тө­гіле жөнеледі. Іс-шараға қатысқан халықтың бәрі осы электронды домбыраға қат­ты қызықты, өзге өңірлерден де тап­сырыс түсіп жатыр, – дейді Асқар Кен­жеғалиев.

Ақжайық өңірінде бі­раз жылдан бері домбыра, күй өнерін дамыту, тарихи тұл­ғаларды дә­ріптеу жолында қызмет етіп, бел­гілі өнерпаз Мұхит Айтқалиев хақында кітап шығарған Асқар Кенже­ғалиев елімізде Ұлттық домбыра күні мерекесі пайда бол­ғанына ерекше риза. «Қазақ күй­шілері республикалық дең­гейде қолдауға зәру» деген Ас­қар Мұхамбетқалиұлы ардагер күй­шілерді қолдау, сәбилерге бала­бақшадан бастап домбыра әліппесін үйрету секілді нақты ұсыныстарын айтып отыр.

Күй бөлмесінде домбыра үйрету мектебі жұмыс істейді. Сондай-ақ мұнда домбыра, күй тарихына, күйшілердің өмірі мен шы­ғармашылығына арналған тәр­бие сағаттары, танымдық кештер ұйымдастырылмақ.

 

Батыс Қазақстан облысы