Аймақтар • 24 Шілде, 2019

Міндет – инвестициялық тартымдылықты жақсарту

379 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметтің кеңейтілген отырысында экономика секторына инвестиция тарту жергілікті атқарушы органдардың айрықша басымдығы екенін атап көрсетті. Бүгінде Ақтөбе облысы инвес­тициялар тартуға өте қолайлы аймақ. Осы мүмкіндік пен әлеует­ті өңірдегі инвестиция тартуға мүдделі ұйымдар мен бас­қар­малар, «Қазақ Инвест» ҰК АҚ өңірлік өкілдігі және «Ақ­төбе» әлеуметтік кәсіпкерлік кор­по­рациясы ұтымды пайдалана білсе, оң нәтижесі болары анық.

Міндет – инвестициялық тартымдылықты жақсарту

Өңірдегі негізгі іс-қимыл инвести­циялық тартым­ды­лық­ты одан әрі тереңдетіп, жаңаша серпіліс беруге ба­ғыт­талуға тиіс. Бұл ретте өз қызметін был­тыр бастаған жобалық кең­сенің екінші тынысын ашу көзделген. Аталған алаң тиімді түрде пайдаланылса, бұл қадам инвестициялық жобалар­дың кедергісіз жүзеге асуына сеп­тігін тигіз­бек. Сонымен бірге инвесторлардың бо­йында сыбайлас жемқорлыққа қарсы тұра білу дағдылары мен им­мунитетін қалыптастыруға жол ашпақ. Мұндай фронт-кеңсе инвестициялық сипат­тағы бизнес-климаттың жақсаруына да әсер ете алатыны белгілі болып отыр. Айталық, облыста аталған құрылым ашылған уақыттан бері инвесторларды сыбайлас жемқорлыққа қарсы сүйемелдеу бойынша 24 келісімге қол қойылған. Сондай-ақ өңірде алғаш­қы аталған жобамен еншілес «Ақтөбе – адалдық алаңы» жобасы сыбайлас жемқорлық деңгейін қысқартуға әрі осы дертке теріс көзқарас қалыптастыруға әсер ете бастағаны анық байқалады. Осы арқылы азаматтардың мемлекеттік билік институттарына деген сенімін тереңдете түсу қарастырылған.

Бүгінде облыста Прези­денттің Үкі­мет­тің кеңейтілген оты­рысында жер­гілікті ат­қа­ру­шы органдарға берген тап­сырмасын орындау үшін жүйелі жұмыстар жүр­гізіле бастады. Мұның бір ар­насы инвестициялық қара­жат­тар көлемін одан әрі өсі­руге бағытталған. Осыған орай кейбір деректерді кел­тіре кетсек, 2019 жылдың алғаш­қы жарты­жылдығының қорытындысы бойын­ша өңірде инвестиция тарту өсімі 100,2 пайыз­ды құрапты. Есептік кезең аралығында облыста 210 миллиард теңгенің инвестициясы тартылған. Оның 30 пайызы сыртқы инвестиция болып табылады. Бұл қанағат тұтуға тұрарлық көрсеткіш­тер екені кәміл. Әйтсе де биыл өңірде инвестиция тарту жөніндегі меже табаны күректей 620 миллиард теңгеден асатынын ескерсек, алғашқы жартыжыл­дық­та алынған асу тұтастай жылдық мөл­шер­дің небәрі үштен бір бөлігі екеніне көз жеткіземіз. Бұл көлем өткен жылдың деңгейінен 10 пайызға артық екендігі де инвестицияның жаңа толқынын ту­ғызу үшін тың тәсілдер мен ізденістерді қарастыру керектігін көрсетеді.

Осы орайда өңірде инвес­ти­­циялық тартымдылықты одан әрі тереңдету үшін ке­шенді көз­­­қарас қалыптас­тыру қа­­жет­т­ігі талас туғызбайды. Биыл­­ғы сәуір айында Кәсіп­кер­лік кодексіне бірқатар өз­­ге­рістер ен­гізіл­ді. Кодексте ин­вес­­­тор­­лар­ға «бір терезе» қа­­ғи­даты бо­йынша мем­­­лекет­тік тұрғы­дан қол­­дау көрсету шаралары белгі­ленген.

Яғни, жеңілдетілген әрі оңай­латылған режім жағ­дайында инвесторларға жер беру мен бөлу арқылы олар­дың салық төлеу жөнін­дегі мәселелері бір­шама оң­тай­лана түспек. Инвес­тор­ларға арналған «бір терезе» қағидасы тек мұнымен шек­телмейді. Бұл өзгеріс қар­жылай көмек пен адами капитал бойынша барлық қажетті мәселелерді тоғыстыра алады, дейді. Ақтөбе облыстық кәсіпкерлер палатасының басшысы Анар Даржанова.

Түйіп айтқанда, аймақта инвестиция тарту жөнінде биік міндеттер белгіленген. Бұл ретте облыс әкімдігі тарапынан қолға алынған іс-шаралар жауапты істің нә­тижелі болуына негіз қа­лай­ды деген ойдамыз.

 

АҚТӨБЕ