Өңірдегі негізгі іс-қимыл инвестициялық тартымдылықты одан әрі тереңдетіп, жаңаша серпіліс беруге бағытталуға тиіс. Бұл ретте өз қызметін былтыр бастаған жобалық кеңсенің екінші тынысын ашу көзделген. Аталған алаң тиімді түрде пайдаланылса, бұл қадам инвестициялық жобалардың кедергісіз жүзеге асуына септігін тигізбек. Сонымен бірге инвесторлардың бойында сыбайлас жемқорлыққа қарсы тұра білу дағдылары мен иммунитетін қалыптастыруға жол ашпақ. Мұндай фронт-кеңсе инвестициялық сипаттағы бизнес-климаттың жақсаруына да әсер ете алатыны белгілі болып отыр. Айталық, облыста аталған құрылым ашылған уақыттан бері инвесторларды сыбайлас жемқорлыққа қарсы сүйемелдеу бойынша 24 келісімге қол қойылған. Сондай-ақ өңірде алғашқы аталған жобамен еншілес «Ақтөбе – адалдық алаңы» жобасы сыбайлас жемқорлық деңгейін қысқартуға әрі осы дертке теріс көзқарас қалыптастыруға әсер ете бастағаны анық байқалады. Осы арқылы азаматтардың мемлекеттік билік институттарына деген сенімін тереңдете түсу қарастырылған.
Бүгінде облыста Президенттің Үкіметтің кеңейтілген отырысында жергілікті атқарушы органдарға берген тапсырмасын орындау үшін жүйелі жұмыстар жүргізіле бастады. Мұның бір арнасы инвестициялық қаражаттар көлемін одан әрі өсіруге бағытталған. Осыған орай кейбір деректерді келтіре кетсек, 2019 жылдың алғашқы жартыжылдығының қорытындысы бойынша өңірде инвестиция тарту өсімі 100,2 пайызды құрапты. Есептік кезең аралығында облыста 210 миллиард теңгенің инвестициясы тартылған. Оның 30 пайызы сыртқы инвестиция болып табылады. Бұл қанағат тұтуға тұрарлық көрсеткіштер екені кәміл. Әйтсе де биыл өңірде инвестиция тарту жөніндегі меже табаны күректей 620 миллиард теңгеден асатынын ескерсек, алғашқы жартыжылдықта алынған асу тұтастай жылдық мөлшердің небәрі үштен бір бөлігі екеніне көз жеткіземіз. Бұл көлем өткен жылдың деңгейінен 10 пайызға артық екендігі де инвестицияның жаңа толқынын туғызу үшін тың тәсілдер мен ізденістерді қарастыру керектігін көрсетеді.
Осы орайда өңірде инвестициялық тартымдылықты одан әрі тереңдету үшін кешенді көзқарас қалыптастыру қажеттігі талас туғызбайды. Биылғы сәуір айында Кәсіпкерлік кодексіне бірқатар өзгерістер енгізілді. Кодексте инвесторларға «бір терезе» қағидаты бойынша мемлекеттік тұрғыдан қолдау көрсету шаралары белгіленген.
Яғни, жеңілдетілген әрі оңайлатылған режім жағдайында инвесторларға жер беру мен бөлу арқылы олардың салық төлеу жөніндегі мәселелері біршама оңтайлана түспек. Инвесторларға арналған «бір терезе» қағидасы тек мұнымен шектелмейді. Бұл өзгеріс қаржылай көмек пен адами капитал бойынша барлық қажетті мәселелерді тоғыстыра алады, дейді. Ақтөбе облыстық кәсіпкерлер палатасының басшысы Анар Даржанова.
Түйіп айтқанда, аймақта инвестиция тарту жөнінде биік міндеттер белгіленген. Бұл ретте облыс әкімдігі тарапынан қолға алынған іс-шаралар жауапты істің нәтижелі болуына негіз қалайды деген ойдамыз.
АҚТӨБЕ