Аймақтар • 24 Шілде, 2019

Солтүстік Қазақстан делегациясы Түмен қазақтарының құрылтайына қатысты

400 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Ресейде тұратын ағайындарымыздың құрылтайын өткізу бұлжымас дәстүрге айналған. Түмендегі бұл игілікті шара биыл Исетское ауданында ұйымдастырылып, жырақта жүрген қандастарымыз бір-бірімен қауышып, арқа-жарқа болысып қалды.

Солтүстік Қазақстан делегациясы Түмен қазақтарының құрылтайына қатысты

Жан-жақтан ат терлетіп келген тойшылар бір жылды артқа тастап, аман-есен жүздескендеріне шүкіршілік етіп, бір-бірлеріне есен-саулық сұрасып жатты. Құрылтайға арнайы шақырылған солтүстікқазақстандық делегация құрамында Қазақстан халқы облыстық ассамблеясының өкілдері мен көркемөнерпаздар ұжымдары болды. Кіл өнерпаздар домбыраның құлағында ойнап, қазақ әндерін нақышына келтіре шырқады. Ойын-сауық бағдарламасы  аясында  бұлшық еттері бұл-бұл ойнаған, кермеде байланған сәйгүліктей шиыршық атқан балуандар белдесіп, жастар жағы алтыбақан тебісті. Жұртшылық назарына сол өңірдің 11 муниципалитеті  тіккен ақ шаңқанкиіз үйлер ұсынылып,  бас жүлдені Ишим қазақтарының ұлттық-мәдени автономиясы жеңіп алды. Нұр-Сұлтан қаласының сән театры көрсеткен ұлттық киімдер мен ат спорты бойынша бәйге тойдың сәнін келтіріп, көрермендерді ұмытылмас әсерге бөледі.

«Бүгінде Ресейде 700 мыңнан астам этникалық қазақ тұрады. Түмен қандастарымыз көп қоныстанған облыс саналады. Олар ата-бабаларының тілін, салт-дәстүрін,  әдет-ғұрпын ұмытпау мақсатында осымен 23-інші рет  құрылтай өткізіп,  ата-баба аманатына берік екендіктерін танытты. Құрылтайға Қорған, Свердлов, Омбы және Челябі облыстарынан да меймандар  ат басын тіреп, ортақ қуанышты бөлісті. Ата-жұртымыздан   қолдап келген бауырларымыз аз болған жоқ. Солтүстік Қазақстан облысымен қатар Павлодар, Нұр-Сұлтан, Қарағанды және Өскемен қалаларынан жиналған бауырларымызға бек ризамыз», деді Түмен облысы қазақтары ұлттық-мәдени автономиясының төрағасы Есенғали Ибраев.

Қазақстандықтар кәсіпорындарды аралап, инвестиция тарту жолдарымен, туризм саласының жетістіктерімен танысты. Бүгінде жүзден астам қазақстандық кәсіпкер түмендіктермен тығыз әріптестік қарым-қатынас орнатқан. Қазақстанмен бизнес байланыс орнатуға талпынған ресейлік кәсіпорындар  аз емес. Солардың бірі «Тюменьстальмост» зауыты еліміздегі ірі көлік инфрақұрылым нысандарымен қоян-қолтық жұмыс істеуде.  Құрылтай  барысында «Jusan» халықаралық кәсіпкерлер бірлестігі мен «Отандастар қоры» АҚ арасында бірлескен жобаның тұсауы кесілді. «Отандастар қоры» АҚ-ның өкілі Тоғайбай Рысбектің айтуынша, екіжақты келісім нәтижесінде қолданбалы өнер шеберлерін, оның ішінде ұлттық киім-кешек пен тұрмыстық заттар жасаушыларды қолдау аясы одан сайын кеңейе түспек.

Форумның кеңейтілген мәжілісінде қазақтардың өңірлік ұлттық-мәдени автономиясының жұмысы, алдағы жоспары талқыланды. Онда баяндама жасаған Есенғали Ибраев Түмен облысында 20 мыңнан астам қазақ тұратынын, автономия жұмысының басты бағыттарының бірі ұлттық салт-дәстүріміз мен әдет-ғұрпымызды сақтау болып табылатынын, жергілікті тұрғындар тарапынан құрылтайға деген ыстық  ықылас пен жылы қошемет жыл сайын артып келе жатқанын атап өтті.