Руханият • 25 Шілде, 2019

Ұйықтап жатқан жүректі ән оятар

777 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Жастар жылы аясында елорда тұрғындары мен қала қонақтарының назарына «Астана Операдағы» музыкалық демалыс» атты бірегей концерт сериясы ұсынылмақ. 26 шіл­де-9 тамыз күндері Камералық зал сахнасында отандық және шетелдік шығармашылық жоғары оқу орындарында білім алып жатқан қазақстандық дарын иелері өнер көрсетеді.

Ұйықтап жатқан жүректі ән оятар

П. Чайковский атындағы Мәскеу мемлекеттік консерваториясы, Вена өнер университеті, Гамбургтегі Жоғары музыка және театр мектебі, А. Шнитке атындағы Мәскеу мемлекеттік музыка институты, Зальцбургтегі австриялық «Моцартеум», Қытайдағы Шанхай музыка консерваториясы сынды әлемнің үздік өнер ордаларының шәкірттері Арқа төсін әнге бөлемек. Концертте халықаралық байқаулардың лауреаттары Азат Мәлік (баритон, Венгрия), Жас­ұлан Әбдіқалықов (труба, Германия), Роза Қадырова (альт, Аустрия), Досхан Жексембай (бас-тромбон), Аяжан Үсембаева (аккордеон, Мәскеу), Жаңыл Рахымбекова (фортепиано, «Астана Опера»), Темірлан Бейсембай (фортепиано, Аустрия), Талғар Толқынұлы (виолончель, Қытай), Әсемгүл Сыздықова, Эльнура Русланбекқызы (скрипка), Жаннет Тұяқова (флейта), Томирис Әли (фортепиано) және камералық ансамбль құрамында Диана Аблаева (скрипка) мен Сабина Байзұлдинова (фортепиано, ҚазҰӨУ) отандастарына өз өнерлерін паш етеді. 

Хормейстер Ақбөпе Әділханның (Мәскеу) жетекшілігіндегі камералық хордың қатысуымен өтетін музыкалық кеште Ғ. Жұбанованың өңдеуіндегі халық әні «Ақ қурай», композиторлар Дж. Верди, У. Джордано, К.В. Брандт, Р. Кларк, Э. Креспо, А. Кусяков, Бетховеннің вокалдық әрі аспаптық шығармалары шырқалмақ. Мұнымен бірге бағдарламаға әлемдік музыка классикасының өзге де жауһарлары еніп отыр.