Руханият • 25 Шілде, 2019

Қаралы дастарқан қайысып тұр...

3152 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

«Біреудің кісісі өлсе, қаралы ол» деп Абай атамыз басына қайғы түскен отбасының ауыр хал-күйін қалай дөп басып айтқан десеңізші?! Сөз жоқ, өмірден өткен адамды соңғы сапарға шығарып салу әжептәуір қаражатты қажет етеді. Бұған екінің бірінің мүмкіндігі келе бермейтіні аян. «Өлім байдың малын шашады, жарлының артын ашады» деген екен бұрынғылар. Қазір де «біреудің кісісі өлсе» осыған ұқсас көріністер болатыны жасырын емес.

Қаралы дастарқан қайысып тұр...

Мүмкін о дүниеге аттанған адамды ақ жуып, арулау, қабірін қазу, топырағы шашылып қалмауы үшін мәйіттің айналасын арнайы әзірленген ағаш кесінділерімен қоршау секілді жерлеу рәсімдері аса бір көп шығын келтірмейтін де болар. Дегенмен, мұндайда ысырапшылдыққа жол берілетін жағдайлар да жеткілікті. 

Мысалы, республикамыздың батыс өңірлерінің кейбір жерлерінде қазаға жиналғандарға беторамалға түйілген темір теңгелер таратылады. Бұдан 5-6 жыл бұрын оның әр данасына жиырма теңгелік түйілсе, қазір оның мөлшері 50 және 100 теңгенің төңірегінде. Ал дүкеннен сатып алынған әр шай орамалдың бағасы орташа есеппен 150-200 теңге тұрады десек, соның бәрі қосыла келгенде әжептәуір қаражатты құрайды емес пе?! Өлім кезінде осындай басы артық шығынға барудың қандай қажеттілігі бар еді деген сауал еріксіз туады. 

Бұл да ештеңе емес, «қуырдақтың көкесін түйе сойғанда көресің» дегендей ысырапшылдықтың «көкесін» қаралы дастарқан үстінде көріп жүргенімізді қалайша жасырамыз? «Құстың сүтінен басқасының бәрі бар екен» деп осындай кезде айтылса керек. Өзімізде өсірілмейтін цитрус жемістерінің алуан түрі, аса қымбат бекіре балықтарының қуырылған еті және салат түріндегі мәзірлер дейсіз бе, әйтеуір айтуға тіл жетпейді. Бұл қандай бәсеке? Тойды айтпағанда қарапайым дастарқанға қатысты осындай астамшылық көзқарас белең ала бастағаны ма? 

Қаза мен садақа, ас беру рәсім­де­ріне қатысты мұндай сансыз сауал­дар­дың жауабы қандай? Ендігі кезекте бұған қал-қадірімізше жауап іздес­тіріп көргенді жөн көреміз. Сөз жоқ, жоғарыда айтылғандай қаза үстінде аста-төк мол дастарқан жа­йы­­лып, шектен тыс ысырапқа жол берілуін қоғам мүшелерінің көп айыптамайтыны ойландырмай қоймайды. Мұндай жағдайда ұс­там­дылық пен қанағатшылдық, қара­пайым­дылық пен үнемшілдік екінші кезекке ысырылатыны айтпаса да белгілі. Қаза дастарқанын жайған кезде осындай адами қасиеттер ұмыт қалмаса, қай тұрғыдан да тиімді болмақ. Осы орайда аталған мәселеге екі жыл бұрын Қазақстан Мұсылмандары діни басқармасының ғұламалар кеңесі өз ой-пікірлері мен ұсыныстарын білдірген екен. Олар мұнымен шектеліп қалмай, жұртшылыққа арналған «Жаназа және жерлеу рәсімдері» атты жаңа жинақ шығарып, ел-жұрттың алдында әрқилы пікірлердің өрістеуіне әсерін тигізген жайттарды бір ізге түсіруге тырысты. Бұл сөз жоқ, құптауға да қолдауға да тұрарлықтай мәселе деп білеміз. 

Ақтөбе қаласындағы «Нұр Ғасыр» орталық мешітінің бас имамы Төлеби Оспан мен ақсақалдар алқасы бақилық болған жанды жерлеп келгеннен кейінгі жайылатын дастарқан мен өзге де дұға, садақа мәзірлерін ұсынудың ежелгі ата-бабамыздың салтына сай үлгілерін қайтадан жаңғыртуға бастамашы болғаны сүйсіндіреді. 

Қайғы жамылған қарапайым отбасы мүшелері қарызданып, қауғаланып, ел-жұртқа көл-көсір дастарқан жаяр, әйтсе де марқұмның өлімінен кейін де оның артында қалғандар үшін өмір бар емес пе? Мұндай шексіз шығын оларға жығылғанға жұдырық болып тиетіні неге ескеріле бермейді? Керісінше байыпты дастарқан мәзірі қаза кезінде ақшаны судай шашып, дарақылыққа жол беретін кейбір дәулетті отбасы мүшелерін ойландырғанын қалар едік. Екіншіден, мұндай ысырапшылдық қарапайым адамгершілік қасиеттерге де қайшы келетінін ескерген жөн. Айтайын дегеніміз, «Нұр Ғасыр» мешіті Қазақстан Мұсылмандары діни басқармасы ғұламалар кеңесінің бастамасын қолдай отырып, бұдан екі жыл бұрын өңірде өткізілетін садақа мен ас беру рәсімдерін бірізділендіру жұмыстарын қолға алған-ды. Бүгінде аталған мешіт жанында әзірленген дастарқан мәзірі тұрғындардың талабы мен көңілінен шығып жүр. Мұнда дұға дастарқанына қойылатын бірқатар ет пен нан, бауырсақ пен шелпек, құрт-май, тары мен талқан, шаймен ішілетін жент сынды ұлттық тағам түрлері барынша ықшамдалып түзілген. 

Ақтөбелік дін қызметкерлерінің садақа мәзірін бірізділендіруге байланысты ұтымды ұсыныстары барлық жерде өз жалғасын тауып жатса құба-құп. Мешіт асханасында ізгі ниеттен туған әрі ежелгі ғұрыпқа сай әзірленген садақа мәзірінің бағасы қаладағы өзге дәмхана, мейрамханадағы баға­лар­мен салыстырғанда әлдеқайда арзан. Мұндай дастарқан мәзірі қара­пай­ым отбасына салмақ салмайды. Сонымен бірге ысырапшылдыққа жол берілмейді. Есесіне имандылық пен әдептілікке үндейтін үрдістер алдың­ғы қатарға шығады. 

Сондай-ақ қасиетті ислам дінінде де ысырапшылдық Алла тағала сүй­мей­тін іс қатарына қосылады екен. Яғни, «Нұр Ғасыр» мешітінің найб-имамы Нұрбол Смағұлов Құран-Кәрімде ысырапшылдықтың күнә ре­тінде анық түрде ескертілгенін, бұл шариғат сөзі «Исра» сүресінің 27-аятында көрсетілгенін айтып берді. Бұған қоса Мұхаммед Пайғамбар (с.ғ.с) өз хадисінде: «Ысырап бере­кет­ті жояды» деген екен.

Сіз бұған не дейсіз, құрметті оқырман?

АҚТӨБЕ