Аймақтар • 25 Шілде, 2019

Түпқараған ауданы Сайын ауылы тұрғындарының шағымы неге бітпейді?

2503 рет
көрсетілді
14 мин
оқу үшін

Ақтау қаласының маңында Сайын атты ауыл бар. Көпке дейін Тельман атауын иемденіп келген ауылдың ұлтжанды азамат, марқұм Сайын Шапағатовтың есімін еншілегені елді бір марқайтып тастаған болатын. Атауы сайлы ауылдың сұрқын әлеуметтік тұрмысындағы шикіліктер мен кикілжіңдер, қысы-жазы шешілмей жылдан-жылға созылып келе жатқан мәселелер қашырып тұр.

Түпқараған ауданы Сайын ауылы тұрғындарының  шағымы неге бітпейді?

Жасыратыны жоқ, сайындық тұрғын­дар­дың атынан айтар уәждерін арқалаған бір топ азамат бір жылға жуық уақыт бұрын хабарласқан болатын. Көп жылдардан бері тұрғындарды әуре-сарсаңға салып-ақ қойған көгілдір отын мәселесі олардың әбден титығына тиген екен. Күн суыта көгілдір отын жайымен ауыл түгілі аудан әкімінің есігін күзетіп, табалдырығын тоздырған тұр­ғындар аталған басшылыққа ренжулі болып шықты. 

Бақсақ, көгілдір отынға қа­тыс­ты мәселе әу баста инфрақұрылым тартылмаған жер телімдерін тұр­ғындарға беруде жатқан сынды. Бірақ мәселені шешемін деген жанға баяғы кеткен олқылықтың орнын толтыруға уақыт жеткілікті болды. Өкініштісі, мәселе әлі созылып келеді, әкімдерден қайран болмасын түсінген тұрғындар өз күштерімен газ желілерін тартып, үйлеріне дейін бұрып алған. Құбырының әр метрі бірнеше мың теңгені құрайтын бұл жұмыстың тұрғындар үшін қымбатқа түскені соншалықты, бұл да біраз айқай-шуды тудырған болатын. Ақыры, әкімдік емес, тұрғындар өз күш­терімен газ тартып, шығынын өз қалталарынан төлеп, өз қолдарымен орнатты. Бірақ бұл қаншалықты қауіпсіз? Арнайы тәр­тіп-талаптары сақталды ма? Бү­гін шабуылдап жүріп өздері орнатқан газдың ертеңгі қауіпсіздігі үшін кім жауапты? Халықтың өз қажеттілігі үшін жанталаса желі тартып алған «жандәрмен» әрекеті әкімдердің есебінде үлкен іс тындырғандай «газбен қамтылды» деп берілуі қалай? 

Күн суыта газ мәселесі қи­найтын сайын­дықтар үшін жаз мезгілі ауыз судың айқайы­мен өтуде. Алдымен, ауыл арасына тартылған су құбырларының әр жерден және жиі жарылуы тұрғындардың бірнеше күн сусыз қалуына әкеліп соқтырады, биыл судың жеткіліксіздігі ауыл тұрғындарын тамшылай аққан суға кестемен қол жеткізуіне немесе бір тасымалын бес мың теңгеге саудалап, ауыл арасына су тасып жүрген арнайы көліктердің жолын торуылдауға мәжбүр етті. 

– Сайын Шапағатов ауылында шешімін таппай келе жатқан көп мәселенің бірі – ауыз су. Ауылға су құбыры тартылғалы екі-үш жыл көлемі болды, бірақ құбыр тар­тылған соң-ақ бірнеше рет жарылып, сусыз отырған кездер болды, мұның себебін су жеткізуші «Комхоз» мекемесі құбыр­­лардың сапасыз тартылуынан деп түсін­­дірген болатын. Жаз келіп, шіліңгір шіл­деге аяқ бастық. Аптап өтінде су сұрап сан­далған айқай-шу тағы бас­талды. Бұл жолы ауылды сумен қамтамасыз ететін мекемелер үлгермейтіндіктерін айтып, өзге де сан алуан сылтаулармен сыр­ғытып бақ­ты. Сайын, Ақшұқыр ауыл­дарын сумен қамтамасыз ете­тін мекеме «көтере алмас шоқпарды бе­ліне байламай», қолынан келмесе өзге ме­кемеге бер­уі керек қой, – дейді ауыл тұр­ғыны С.Қанатқызы.

Оның айтуынша, тұрғындар қаншама рет мәселе көтеріп алдына барғанмен «жаны ашымастың қасында басың ауыр­ма­сын» дегендей, Түпқараған ауда­ны­ның әкімі де, Сайын ауылының әкімі де мәселені шешуге асығатын сыңай танытпаған, тіпті олар үшін мына аптапта халықтың ауыз сусыз отыруы, күн­көріс өзегіне айналдырып отырған малы мен құсы шөлден қырылып, азын-аулақ бау-бақшасы түгі қалмай қурап кетсе де бәрібір секілді. Өздерінің суы түгіл, жағдайы жайлы болғандықтан, басқаның жағ­дайына бас ауыртар уақыты жоқ деу­ге болады. 

Аудан, ауыл әкімдері үшін маңызды бол­мағанмен, біз үшін аса маңызды, тіпті жанды мәселенің шешімі табылмай, ыс­тықта сусыз қалған жағдайымызды тың­дар құлақ таба алмаған соң БАҚ өкіл­де­рі­не хабарластық. Журналистердің келіп араласуымен аудан басшылығы, Сайын ауылының әкімі Ғ.Нұржаубаев мәселені «тез шешіп», әрі аяқ астынан тапқырлық таны­тып «Комхоз» мекемесінің су бөлімінің бас­тығы А.Ұзақбаевты бір машина су­мен маған жіберіпті. Бір машина сумен қашанғы жан созамын немесе суға қажеттілік тек менде ғана ма? Көр­ші­лерім, өзге де су қажет тұрғындар жағ­да­йы қалай шешілмек? Журналистерге ха­барласқаным үшін мен бір машина су алу керек екенмін, ал журналистерге хабар­ласпаған халық су мәселесін қалай шеш­пек? Сондықтан мен ауызбастырық, сыбайластық сынды жолмен келіп тұр­ған­дай болған бір машина судан бас тарттым. «Комхоз» мекемесінің су бөлімінің бастығы А.Ұзақбаев «суды саған Үкімет тал егіп, мал бағуға берген жоқ, тек ауыз суға бер­ді» деп суды кейін алып кетті, сонда кәсіп­керлікпен айналыс, мал ұста, егін ек, тұрмысыңды күйтте деген Үкіметтің ұста­нымын жоққа шығаратын жергілікті бас­шы­лықтың мұнысы білместік пе, «сасқан үйректің суға артымен сүңгуі» ме?», – дейді ауыл тұрғыны. 

Тұрғын­дардың сөзіне қарағанда, ауылға келетін су «Ақбұлақ» мемлекеттік бағ­дар­ла­масы аясында бөлінген, бірақ «Комхоз» мекемесі аталған бағдарламаға ірге­лес көрші Ақшұқыр ауылы енгенмен, Сайын ауылы енбейтіндігін айтыпты. Сайын ауылының бағдарламадан сырт қалу себебі неде? Сондай-ақ құбырмен су тартылған кезде әр отбасына бір айға тие­сілі делінген 18 текше метрдің әр текше метрін 30 теңгеден белгілегенмен, кейін­нен ауыл тұрғындарына ескертусіз «Ком­хоз» мекемесінің заңгері үйге тіркелген әр адам­ға бір айға 3,6 текше метр су белгілеп, оның текше метрін 30 теңгеден деп өзгертіпті. Сонда «Ақбұлақ» бағдар­ла­масына енбеген Сайын ауылының суын кім қаржыландырып отыр деген сұрақ туын­дайды. 

«Монополияға қарсы департаменттің 2009 жылғы 22 маусымдағы №82-НК бұйрығымен ауылдық жерлер үшін 1 текше метр су бағасы 418,36 теңгеден бекі­тілген. Бұл бұйрықтың он жыл бойы өзгермей тұруы кімге пайдалы? Үкі­мет басшыларының ауыл мәртебесін көте­ріп әлеуетін жаңғырту бастамалары неге Сайын ауылын айналып өтеді? Ақтау қаласы мен Форт-Шевченко қа­ла­­­сының арасында орналасқан ауыл­дың ауыз суға жарымай, қат-қабат мәсе­ленің астында қалуы неліктен? Ауда­ны­мыздың басшысы қағаз жүзінде жаса­ған жалған есептерімен емес, іс жү­зінде жа­сал­ған көрсеткіштерімен ауыл әлеуетін көтерсе дейміз. Бір-бірін мақ­тап, алтын уақы­ты­мызды алатын дайын­дал­ған жалған көріністер жо­йылып, ауыл хал­қымен шынайы кездесулер көп болу керек. 

Түпқараған ауданы әкімдігінің 2019 жылдың 11 ақпанында №03-16/жт-с-14 нөмірлі хатпен маған берген жауабында бұрынғы 1 текше метр су бағасы 183,3 теңгеден 165 теңгеге төмендеді делінген. Алайда, бұл ақпараттың біздің ауылға еш қатысы жоқтығы анықталды. Халықты алдау, жалған ақпар беру қашанға дейін жалғасады?» – дейді Сайын ауылының тұр­ғыны С.Қанатқызы. 

Су деп сабылып, әкімдікке жаз бойы бірнеше рет хабарласуға мәжбүр болған тұрғындарды бұл мәселеде түсініксіздікке ұрындырып, күмәнге бөлейтін тұстар көп.  Сайын ауылы маңындағы жылыжайлар мен сүт зауытына берілетін су неге тұрғындарға берілмейді? Әлде кәсіпкерлікті қолдау қара­пай­ым тұрғындарға қағажу көрсету арқы­лы жүзеге асырыла ма? 

Сайын – Маңғыстау облысының Түп­қараған ауданына қарасты ауыл. Алай­да аудан 

орталығынан гөрі облыс орта­лығы Ақтау қаласына әлдеқайда жа­қын ауылға көшіп келушілер аз емес. Бұл жағдай мәселелердің жылдар бойы шешілмей созыла түсуіне нақты себеп емес, өйткені айтыла-айтыла әбден жауыр болған жағдайларға жаңа қоныс­та­ну­шылардың еш қатысы жоқ. Бірақ бұл жергілікті билік үшін сыныққа сылтау болып тұр. 

Сайын ауылында облыс орталығы Ақтау қаласына және аудан орталығы Форт-Шевченко қаласына қатынас тиім­ді­лігі, ауыл тұрғындары үшін жеке мал-құс, бау-бақша өнімдерін сатуға шыға­ратын ақылы базардан тыс сенбі-жек­сенбі күндеріне арналған жәрмеңкелік орын, ауыл ішінің тазалығы мен абаттандыру, уақытында жиналмайтын, жиналса да кез келген жерге өртеліп, көмілетін, тіпті үй тұрғындары өз аулаларында өртеп, қауіпсіздікке нұқсан келтіретін қоқыс мәсе­лесі, ауылдағы қаңғыбас ит­тер мен көше кезген қараусыз малдар, қыста ба­ға­сы шарықтай көтеріліп, қара­пай­ым тұрғындар үшін қолжетімсіз болып бара жатқан жем-шөп бағасын оңтай­лан­ды­ру, интернет, байланыс сияқты ауыл тұр­ғын­дары үшін қажетті мәселелер шаш-етектен. 

«Қоқысты Ақтаудың полигонымен келісіп, өткізуге болмай ма? Теңіз жа­ға­­лауын ластау, кез келген жерге көму – ол тазалық емес, мәселені шешу емес. Та­за­лықпен айналысатын арнайы мекеме­лер­­мен келісімшарт неге жасалмайды? Сондай-ақ ауылдың ахуалын көтеру үшін аумақта орналасқан ірі компания­лар­­мен келісім жасалып, олардың ауыл­дың әлеуметтік-экономикалық тұр­мы­сы­на қолдау көрсетіп, атсалысуына ықпал етіл­мей ме? Бұл – өзге ауылдар­да бар тәжі­рибе» дейді тұрғындар. Сайын­дық­тар­дың айтар арыз-шағымы аз емес, оны бір мақалада егжей-тегжейлі талдап жа­зу­ға газет беті көтермейтіні белгілі, сон­дық­тан мәселенің ақ-қарасын шешіп, тұр­­ғындардың мұң-мұқтажын қаперге алу­­ды құзырлы орындардың еншісіне қал­дырдық.

Әкім дегенді халық өзінің мұң-мұқта­жын шешіп, халыққа қызмет ететін қыз­мет­кер ретінде түсінеді. Алайда, осы мансапты иеленіп, лауазымның жайлы креслосына отырғандардың көпшілігінің әкімдік қызметті халықтан өзгеше түсініп, өзінің әрі қарайғы қызметтік өсуінің кезекті баспалдағы, атақ-даңқ пен шексіз билік, жеке бастың қамын күйттеуге таптырмайтын тетік ретінде қабылдайтындығы жасырын емес. Оларды халықтың айқай-шуы, ақпарат құралдарына жарияланған мақалалар қорқытпайды, тек өздерінен жоғары тұрғандардың жайсыз бұйрығы алаңдатады. 

Сайындықтардың мұң-мұқтажымен өткен жылы қазан айында Түпқараған ауданы­ның әкімі А.Хамиевке хабарласып, қабыл­да­уына арнайы уақыт белгілегенбіз. Келі­сілген уақытта 150 шақырымды артқа тас­тап таксилетіп барсақ, «сәлем айтар­сыз, облыс әкімі шақырып қалаға кет­тім» деп орнынан табылмаған әкімнің өтірігі көп ұзамай ашылды. Сол күні, сол сағатта оны облыс басшысының шақыр­мағанын облыс әкімдігінен білдік. Бұ­қаралық ақпарат құралдарының тиісті орындардан белгіленген уақытта ақпа­рат алуға қатысты арнайы құқықтары заң­мен қорғалғандығын білсек те, қазақы кең­дік­пен аудан әкімінің әрекетін «өзіміз ғой» деп сылап-сипап кешіре салдық. 

Алайда, соңғы үміті журналистерде болып, тынышы кеткен сайындықтардың өтіні­шін аяқасты ете беруге ұялып, қаң­тар айында аудан әкімі А.Хамиевке теле­­фон арқылы қайта шығып, сауалдар жолдаған болатынбыз. Әкім бұл жолы да үндемей ұмыттырып құтылды. Сонымен қысы-жазы кезектесе келген мәсе­­лелерін шеше алмай шыр-пыр бол­ған халықтың жанайқайы шыдатпай биыл маусым айында тағы, яғни үшінші рет хабар­ласуға тура келді. Бұл жолы да біраз сиырқұйымшақтатып барып, ақыры өзіне тікелей жіберілген сауалдарға орын­ба­сары Ж.Қайнарбаевтың атымен жауап берген әкімнің жауаптары жылтырап тұр, міні жоқ. Бітеді, жасалып жатыр, алды­мыз­ға жоспарланған, мынанша қаражат бөлінген...

Сонда, бір жыл емес, бір маусым емес, үнемі журналистерге жүгіріп жүрген хал­қы өтірікші ме, журналистен бас сауға­лай қашып, «саф» жауаптарын орынбасар қолы­­мен аттандырып, тасада қалған әкім өті­рікші ме? 

Сайындықтармен кездесуге келген аудан әкімі шешілмеген мәселелерді «бұ­рын­­нан солай, менен бұрын солай» деп «жұбатады» екен халқын. Сонда, жаңа әкім бұрынғы мәселені шешуге тиіс­ті емес пе? 

Ал сайындықтар өз ауылы әкімінің бар қызметі, лауазымдық жауапкершілігі мен мін­деті – алдына әртүрлі шаруамен барған әрбір тұрғынды аудан орталығына сілтеп, бағыт­тап жіберу ғана деп біледі. Мәселе шешпей, ауданға сілтеп қана отыратын Сайынның әкімі әкім бе, диспетчер ме? 

Ауыл, аудан, халық – жас әкімдердің тәжірибе жинақтап, лауазымдық секі­рі­сі­не қажетті саты – «ойын алаңы» емес, ха­лықтың арыз-шағымымен бетпе-бет келгенде тайсақтай қашып жүрген Түп­қа­раған ауданының, Сайын ауылының әкімдері осыны қашан түсінер екен? Ал екі жыл бойы тұрғындарын журналиске жүгінуге мәжбүр еткен, әкімдері қашаған Сайын ауылындағы мәселелерге құзырлы орындар тарапынан жіті назар аударылып, оны шешу жолдары қарастырылса дейміз. 

Маңғыстау облысы, 
Түпқараған ауданы