Жетісу жерін газдандыру тың қарқын алды
Жұма, 24 мамыр 2013 2:01
Осыдан үш жыл бұрын Алматы облысы әкімдігі мен «ҚазТрансГаз» акционерлік қоғамы арасында жетісулықтарды газбен қамтамасыз ету туралы біріккен іс-шаралар меморандумына қол қойылып, мемлекеттік саясатқа сай жүйелі жұмыс басталған еді. Осы аптада Алматы облысының әкімі Аңсар Мұсаханов пен «ҚазТрансГаз» АҚ бас директоры Серік Сұлтанғали Талдықорғанда кездесу өткізіп, аталған өңірді газдандыру жұмысын жылдамдату үшін қосымша меморандумға қол қойды. Бұл жұмысқа бюджет қаражатынан тыс акционерлік қоғам тарапынан 5 млрд. теңге қаржы салынды.
Жұма, 24 мамыр 2013 2:01
Осыдан үш жыл бұрын Алматы облысы әкімдігі мен «ҚазТрансГаз» акционерлік қоғамы арасында жетісулықтарды газбен қамтамасыз ету туралы біріккен іс-шаралар меморандумына қол қойылып, мемлекеттік саясатқа сай жүйелі жұмыс басталған еді. Осы аптада Алматы облысының әкімі Аңсар Мұсаханов пен «ҚазТрансГаз» АҚ бас директоры Серік Сұлтанғали Талдықорғанда кездесу өткізіп, аталған өңірді газдандыру жұмысын жылдамдату үшін қосымша меморандумға қол қойды. Бұл жұмысқа бюджет қаражатынан тыс акционерлік қоғам тарапынан 5 млрд. теңге қаржы салынды.
«2010 жылдан бері Алматы облысы, Іле ауданының 7 елді мекені газдандырылды. Сонымен қатар, Алматы-Байсерке-Талғар магистралды газ құбыры құрылысының бірінші кезегінде 2,5 млрд. теңге игерілсе, екінші кезегіне 2,2 млрд. теңге бөлінді. Құрылыс жұмысын ағымдағы жылы толық аяқтау үшін 1,4 млрд. теңге тағы қарастырылды. 2012 жылы басталған Алматы-Талдықорған магистралды газ құбырының жалпы құны 19,9 млрд. теңгеге бағаланғаны мәлім. Былтыр облыстық бюджеттен осы жұмысқа 2,2 млрд. теңге бөлінді. Тұтастай алғанда, Талдықорған қаласы мен 180 елді мекенді газбен қамтамасыз ететін бұл жобаға сәйкес жұмыс осы қарқынынан таймай жүргізілсе, сол игілікті іс 2015 жылы толық аяқталады», деді Алматы облысының әкімі Аңсар Мұсаханов.
Өз кезегінде сөз алған «ҚазТрансГаз» акционерлік қоғамының бас директоры Серік Сұлтанғали: «Республикамызда ең аз газдандырылған өлке Алматы облысы еді. Облыстық әкімдік пен біздің акционерлік қоғам арасында жасалған меморандумның нәтижесінде, бұл жұмысты үш пайыздан 13 пайызға жеткіздік. Егер абонент санымен айтсақ, 1500-ден 10 000-ға өсті. Бұл өрлеу динамикасының бар екендігін көрсетеді. Елбасының тікелей бақылауындағы оңтүстік облыстар бойынша үлкен әлеуметтік мәселелерді шешетін Бейнеу – Бозой – Шымкент атты тарихи жоба аяқталуға жақын қалды. Ағымдағы жылдың қазан айында біз қазақ жерінде бірінші рет қазақ газын пайдаланатын боламыз. Сөйтіп, осынау алып құрылыс арқылы тек оңтүстік облыстар ғана емес, бүкіл Қазақстанды газдандыру динамикасы өседі. Айта кетер жайт, биыл қыстың қатты болуына байланысты Елбасының тапсырмасымен қырғыз бауырларға Амангелді газын арзандатылған бағамен беріп көмектестік. Жалпы алғанда, елімізде газдың бағасы көмірден арзан болады», деді бас директор.
Кезінде заңнама шеңберінде жеке тұлғалар меншігіне өтіп кеткен жер телімдерін бүгінде газ құбырлары басып өтуі үшін Алматы қаласының іргесіндегі Талғар ауданында бірқатар проблемалар туындаған еді. Бұл мәселені Алматы облысы әкімдігі араласып, заңға сәйкес реттеген-тін. Басталған жұмыстың тоқтаусыз жүруі үшін тұлғалар меморандумға қол қойысқан күні де жер теліміне байланысты жұмыстар өз шешімін тапты. Осы тұрғыда «ҚазТрансГаз» акционерлік қоғамы іскерлік танытты. Сондай-ақ, Алматы облысында бой көтерген зауыттар газдан екі-екі жарым есе қымбат жанармай пайдаланып отыр. Экономикалық тұрғыдан алғанда газдандыру арқылы көптеген кіріс көзі ашылары хақ. Тарифтік саясат та оңтүстік облыстарда тең сақталатыны көңіл толтырады.
Нұрбол ӘЛДІБАЕВ,
«Егемен Қазақстан».
Талдықорған.