Аңызға сүйенсек, Асанқайғы Еділден бері көшкенде бірнеше жүз адаммен бірге сол жерге үй салып, он жыл отырған. Мұрат Мөңкеұлы «Үш қиян» толғауында:
Ақтөбе мен Қорғанша,
Асанқайғы бабаның
Қызыл тастан үй салдырып,
Он жыл тұтас отырып,
Әңгіме құрып кеткен жер, – деп жырлайды. Мұнда Асанқайғы бабамыз отырып кетсе, онда қала XV ғасырда салынған болады. Ал ақын Шынияз Шанайұлы Қорғаншаны салдырған Нұралы хан деп жырға қосады.
Хан болған одан кейін Нұралы еді,
Хан ауылын Сырым шауып тоздырғанда,
Ақылды Алдар биден сұрап еді.
Тұрғызып Тайсойғаннан Қорғаншаны
Он жылдай мекен еткен тұрағы еді, – деген. Бұл жырды негіз қып алсақ, қала XVIII ғасырдың екінші жартысына тиесілі болады. Атырау облысы тарихи мәдени мұраны қорғау, қалпына келтіру және пайдалану жөніндегі мемлекеттік инспекция басшысының орынбасары Фархад Байдәулетов: «Қорғанша қаласына археолог Марат Қасенов қазба жұмыстарын жүргізіп, шаһардың XV-XVIII ғасырларда салынғанын анықтады», дейді.
Тарих ғылымдарының кандидаты, археолог Марат Қасеновтің айтуынша, Қорғанша туралы жазба деректер сақталмаған. Тек ел аузындағы жыр-дастандар мен аңыздарда ғана ежелгі шаһардың аты аталады. Қалада қарауыл мұнарасы болған деген де аңыз бар. Қала құрылысы мен қорғаны шикі кірпіштен қаланған. Көлемі мен қорғанның биіктігіне қарап, оның қорғаныс қызметін атқарғанын аңғаруға болады. Жаугершілік кезінде осы жерге алыс-жақыннан адамдар келіп тығылып, қамал үстіне шыққан садақшылар жауды қамалға жеткізбей қырып отырған.
Облыстық тарихи-мәдени мұраны қорғау, қалпына келтіру және пайдалану жөніндегі мемлекеттік инспекция басшысының орынбасары Фархад Байдәулетов: «Қорғаншамен қатар айтылатын Ақтөбе деген де қала бар», дейді. Ол Қорғаншаның солтүстік шығысында 8 шақырым қашықтықта орналасқан. Құм төбелі биіктік. Бұл төбеден құмыра, шыны сынықтары, құлпытас табылды. Ақтөбе мен Қорғанша қаласының орны анықталып, қазба жұмыстары жүргізілді. Академик Әлкей Марғұлан мұндай қалаларды «жан қорғайтын қамал» деп атаған екен. Тарихшылар кіші жүздің Әбілқайыр, Нұралы секілді басқа да хандары мен билеушілерінің қала-мекендері болғанын, олар осы ордаларда тұрып, билік жүргізгендерін айтады. Талай тарихты топырақ астына жасырған Қорғанша қаласы туралы әзірге белгілі тұстар осы.
Атырау өңіріндегі тарихи мұралардың 4-еуі республикалық, 313-і жергілікті қорғалу тізіміне енген. Одан бөлек тағы 775 нысан алдын ала есепке алу тізіміне қосылды. Бір атап өтерлігі, соңғы бес жылда жаңадан 500-ге жуық ескерткіш табылды. Бұл өлке тарихын танып-білу бағытында жасалып жатқан жұмыстардың нәтижелілігін көрсетеді.
АТЫРАУ