Биыл ақын, жазушы, мемлекет қайраткері Сәкен Сейфуллиннің 125 жылдығы республика бойынша аталып өтеді. Қарағанды облысында бірқатар шара жоспарланған.
«Облыс мектептерінің оқушыларының қатысуымен «Сәкен оқулары» өтті. Сондай-ақ аудандық театрлар байқауы, ақындар мен жазушылар арасында дода, ән байқауы ұйымдастырылды. Жаңаарқа ауданында біз алғаш рет «Арқаның сал-серілері – 2019» атты облыстық ақындар мен әншілер сайысын ұйымдастырдық. Облыстың барлық музейі мен кітапханасында жыл соңына дейін семинарлар, дөңгелек үстелдер, кітап көрмесі және тақырыптық көрмелер өтеді. Барлығы 60-тан астам мерейтойлық шара өткізуді жоспарлап отырмыз», деді Еркебұлан Ағымбаев.
Ол сондай-ақ жазушының 125 жылдығына орай облыстық тарихи-өлкетану мұражайы зерттеу жұмыстарын жүргізетінін атап өтті. Нәтижесінде Сәкен Сейфуллиннің өмірі мен қызметі туралы монография шығарылады. С.Сейфуллин атындағы театр және Жезқазғанның Қожамқұлов атындағы Қазақ музыкалық театрында Жолтай Әлмашевтің «Сәкеннің соңғы сапары» және «Сәкеннің соңғы сәттері» атты жаңа спектакльдері қойылады.
«Сәкен Сейфуллиннің 125 жылдығына арналған басты шара 20 қыркүйекте Қарағандыдағы орталық саябақтың сахнасында өтеді. Бұл күні онда қазақстандық эстрада жұлдыздарының қатысуымен үлкен концерт болады. Сондай-ақ көрмелер, ойындар, театрландырылған қойылым ұйымдастырылады. Мұнымен шектелмейді. Күзде республикалық ғылыми-тәжірибелік конференция жоспарланған. Оны облыстық Тілдерді дамыту жөніндегі басқарма ҚарМУ-мен бірлесіп ұйымдастырады. Қараша айында облыс әкімінің кубогы үшін жарыс өтеді. Облыстық спорт және дене шынықтыру басқармасы шахматтан республикалық чемпионат ұйымдастырады. Ал Шет ауданында «Салбурын» республикалық турнирі мен «Дала дауысы» атты халық әндерін орындаушылар арасында байқау өткізіледі», деді Еркебұлан Ағымбаев.
Мерейтойға орайластырылған салтанатты шаралар Сәкен Сейфуллин туралы деректі фильм көрсетілімімен аяқталады. Картинаның премьерасы жыл соңына жоспарланған.