Тұрақты энергетика – ғаламшар болашағы
Бейсенбі, 30 мамыр 2013 2:20
Адамзатты толғандырып отырған көкейкесті проблемаларды күн тәртібіне шығаратын Астана экономикалық форумы (АЭФ) сарапшылардың мойындауынша, маңызды жаһандық үнқатысу алаңына айналды. Сондықтан, жаһандық энергетикалық қауіпсіздік мәселесінің күні кеше өткен VI Астана экономикалық форумының күн тәртібінен ерекше орын алуы да заңды.
Бейсенбі, 30 мамыр 2013 2:20
Адамзатты толғандырып отырған көкейкесті проблемаларды күн тәртібіне шығаратын Астана экономикалық форумы (АЭФ) сарапшылардың мойындауынша, маңызды жаһандық үнқатысу алаңына айналды. Сондықтан, жаһандық энергетикалық қауіпсіздік мәселесінің күні кеше өткен VI Астана экономикалық форумының күн тәртібінен ерекше орын алуы да заңды. Осыған байланысты, VI АЭФ шеңберінде Қоршаған ортаны қорғау министрлігі мен Экономика және бюджеттік жоспарлау министрлігі ұйымдастырған «Индустриялық революция – «жасыл» экономикаға көшу» атты халықаралық сессияның спикері, Орталық Азия бойынша Кембридж форумының төрағасы, Кембридж-Қазақстан орталығының директоры Сидхарт САКСЕНДІ әңгімеге тартқан едік.
– VI Астана экономикалық форумының биылғы жылы екі сессиясы қатарынан
ЭКСПО-2017 Халықаралық мамандандырылған көрмесіне арналды. Атап айтқанда, сессиялардың күн тәртібінде тұрақты энергетикалық болашаққа көшудің мүмкіндіктері мен кедергілері, сонымен бірге «жасыл» экономикаға көшу мәселелері қаралды. Осыған байланысты, «жасыл» экономикаға көшу барысында мемлекет үшін қандай мүмкіндіктер мен тәуекелдер туындайды?
– Ең алдымен, Қазақстанды және ел Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың командасын ЭКСПО көрмесін өткізу құқығы сарапқа салынған халықаралық байқауда қол жеткізген үлкен жеңісімен құттықтағым келеді. Бұл жеңіс Қазақстанның әлемдегі беделді де жетекші, дамушы мемлекет екендігін көрсетті. Оған әлемдік қауымдастықтың сіздердің елдеріңіз үшін бірауыздан дауыс бергендігі дәлел болса керек. Екінші жағынан, біз, Орталық Азиядағы Кембридж форумы осы бір халықаралық бәсекеде басынан бастап Қазақстанға қолдау көрсеткенімізді мақтан тұтамыз.
ЭКСПО-2017 Қазақстан үшін «жасыл» экономиканы дамытуға бетбұрыс жасаған ел екенін бүкіл әлем алдында дәлелдеуге зор мүмкіндік береді. Сонымен бірге, Қазақстан осы бір әлемдік көрме арқылы дүние жүзіне «жасыл» экономиканың тиімділігін дәлелдейді. Бұл сонымен бірге, Қазақстан Президентінің G-Global бастамасымен де тығыз астасып жатыр. Осы бір халықаралық үлкен шараны ойдағыдай өткізу мақсатында қазақстандықтарға Кембридж университеті барынша қолдау көрсететін болады.
– ЭКСПО-2017-нің тақырыбы – «Болашақтың энергиясы». Сіз «тұрақты энергетикалық болашақ» дегенді қалай түсінесіз? Бүкіл әлем үшін бұл мәселенің маңыздылығы неде?
– Бүгінгі таңда тұрақты энергетика жаһандық маңызды мәселенің біріне айналды. ЭКСПО-2017-нің арқасында Қазақстан бүкіл адамзат үшін маңызды болып отырған осы мәселені насихаттаушылардың көшбасшысы болып отыр.
Тұрақты энергетика дегеніміз, қарапайым мәселе емес. Оның әрбір мемлекет үшін әртүрлі маңызы бар. Бірқатар аймақтар үшін бұл – мұнай-химия шикізатынсыз өндірілген электр энергиясы болса, екінші бір аймақ үшін бұл – адамдардың қалыпты өмірі мен жұмыс істеуіне қажетті азық-түлік қауіпсіздігі болуы мүмкін. Әлемнің әртүрлі өңірлеріндегі тұрақты энергетика біздің жабдықтау жүйесі қағидаттарын қаншалықты дұрыс қолдана алуымызға байланысты.
Қазақстан өзінің табиғи және тарихи ерекшеліктеріне байланысты бұл мәселеде озық үлгілерді көрсете алады. Бұл ел энергетикалық шикізат көздеріне бай болғандықтан, энергетикалық тұрақтылықтың инновациялық шешімдерін табуда зор мүмкіндіктерге ие. Көшпенділердің бай мұрасын жаңа жағдайға бейімдей отырып, алдағы ЭКСПО-2017 көрмесінің аясында әлемдік энергетиканың толғақты түйіндерін шешуден Қазақстан жаңа биіктерден көрінетіндігі сөзсіз. Кембридждегі біздің зертханамыз тұрақты энергетика мәселесін орнықтыру мақсатында үлкен зерттеулер жүргізеді. Осыған байланысты, біз ЭКСПО-2017 көрмесін өткізуге өзіміздің өлшеусіз үлесімізді қосатын боламыз.
– «Болашақтың энергиясына» көшу арқылы біз алдағы уақытта өзіміздің өмірімізді қалай өзгерте аламыз?
– Болашақтың энергиясы бұл – бүкіл ғаламшардың болашағы. Біз қалайша өмір сүреміз, жұмыс істейміз, қалай тамақтанамыз және қалай тыныстаймыз – міне, осының бәрі энергия тұтыну көлеміне тікелей байланысты. Сондықтан, энергетика болашағы жаңа немесе жаңғыртылған қуат көздерін ашуға ғана емес, сонымен бірге, біз қандай өмір тұрмысын қалайтындығымызға да тікелей байланысты. Егер біз барынша тиімді өмір тәсілі мен формасын таңдап ала білмесек, онда біз күндердің-күнінде динозаврлар сияқты жер бетінен жоғалып кетуіміз мүмкін. Бүгінгі дәстүрлі энергетикалық қуат көздерінің азайып бара жатқандығы да болашақ үшін аса тәуекелді құбылыстардың бірі.
– «Жасыл» технологиялар мол қаржы салуды қажет етеді. Осыған байланысты, бұл технологиямен жұмыс істейтін кәсіпорындар өзін-өзі ақтай ма, олардың пайдасы қаншалықты?
– XX ғасырдың ғылыми материалдарының негізі электронды өнеркәсіптің тұрақтылығына сүйенді. Бұл сала қоғам үшін өлшеусіз артықшылықтар әкелді және оның әлеуеті әлі толық сарқылып біткен жоқ. Бұл прогрестің негізі осыдан 50 жыл бұрын басталған физика саласындағы тамаша зерттеулерге байланысты болғандығын атап көрсеткен жөн. Солай бола тұрса да, XXI ғасыр үшін негізгі міндеттер – біздің болашағымызды жоғары дәрежеге көтеруге жағдай жасайтын ғылымда жаңа жетістіктер ашу және жаңа технологияларды өндіріске енгізу. Осыған байланысты нанотехнология саласындағы жаңа ғылыми ізденістер жаңа құрылымдарды құруға байланысты болуы керек. Энергетика саласында күн батареяларын, жылу элементтерін, жеңіл құрылымдық материалдар, суды тазалау және суыту өндірістері барынша өрістетілуі керек. Болашақта энергияны қайта құру үшін қажетті өндіріс өрістеуі керек.
– Қазақстан тарапы үшін ЭКСПО көрмесін өткізуге дайындық және «Болашақтың энергиясы» атты көрме тақырыбын ашу барысында қандай мәселелер маңызды деп ойлайсыз?
– Бұл ретте Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың «жасыл» экономикаға көшу жөніндегі бастамасын барынша қолдап, іс жүзіне асыра алатын тұғырлы серіктестермен барынша тығыз байланыс жасау қажет. Осы орайдан келгенде Қазақстанның энергетикалық саласын дамыту үшін ЭКСПО-2017 шешуші рөл ойнайды.
Болашақ дегеніміз бұл – «жасыл» және дәстүрлі технологиялардың синтезі. Қазақстанның табиғи шикізат байлығы және Кембридж университетінің ғылыми әлеуеті Қытай, Ресей, тіпті, АҚШ үшін қажетті энергияны өндіру және тұтыну саласында төңкеріс жасауға мүмкіндік береді. Осы реттен келгенде, Қазақстан бұл парадигманың ортасында шешуші орын алады.
– Әңгімеңізге рахмет.
Әңгімелескен
Жылқыбай ЖАҒЫПАРҰЛЫ,
«Егемен Қазақстан».