Аймақтар • 29 Шілде, 2019

Тұрғындардың сүйенері – «Ақжайық»

523 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Батыс Қазақстан облысы Теректі ауданында орналасқан «Ақжайық» шипажайында келушілерді минералды сумен емдейтін жаңа ғимарат құрылысы бас­талды. Шипажайды Барбастау-Еңбек тас жолымен жалғайтын 7 шақырымдық жол бөлігі де күрделі жөндеуден өтпек.

Тұрғындардың  сүйенері –  «Ақжайық»

«Ақжайық» шипажайы аталатын шағын ауыл тұрғындарының көп жылдан бері қол жеткізе алмай жүрген мәселесі – жол мен көлік қатынасы еді.

– Жол жөндеу мәселесі – Теректі ауданының тұрғындары үшін өте маңызды тақырып. Өйткені бізде аудандық маңызы бар жолдардың жалпы ұзындығы 288 шақырым болса, оның 5 пайызы ғана жақсы, 43%-ы қанағаттанарлық деңгейде. Қалған 52 пайызы нашар күйде. Осы мәселе аудан, облыс басшылары тарапынан қолдау тауып, 2019 жылы 3 ауылдың жолын күрделі жөндеуге қаржы бөлінді. Соның бірі – Ақжайық шипажайы, – дейді Теректі ауданы әкімінің орынбасары Қуаныш Шарафутдин.

Дәл қазір жол жөндеу жұмысы басталды. Мердігер компания «ДостықСпецТранс» ЖШС жөндеу жұмыстарын 3 ай мерзімде, яғни 1 қазанға дейін аяқтауды жоспарлаған. Осы мақсатқа 43 техника жұмылдырылды. Жоба құны 241 млн теңгеге бағаланған.

– Ауылдағы ең үлкен мекеме болғандықтан, тұрғындар түрлі мәселемен бізге келеді. Ауылда 462 адам тұрады. Осы жол мәселесін де былтыр ауылдастар бірнеше мәрте көтерген болатын. Біз бұл өтінішті аудан басшылығына жеткіздік. Сондай-ақ жергілікті билік Орал қаласымен арадағы автобус байланысын жүйеге қойса, тұрғындардың тағы бір талап-тілегі орындалар еді, – дейді «Ақжайық» шипажайының директоры Альберт Сафуллин.

Шынында да «Ақжайық» шипажайы осы аттас елді мекенді «құраушы» негізгі мекеме екендігі рас. Ауыл тұрғындарының дені осы жерде қызмет етеді. Былтыр ауылдағы бастауыш мектеп ғимараты апат жағдайында деп танылып, білім ордасына жабылып қалу қаупі төнгенде, алдымен шипажай әкімдігі қол ұшын созды. Шипажай балансындағы бір ғимаратты мектепке ұсынып, тығырықтан жол тапты. Өйткені мектеп жабылса, ауылдың күйі кететіні, тұрғындар жан-жаққа көшетіні белгілі ғой. Бастауыш мектеп меңгерушісі Жаңылсын Мәкенқызының айтуынша, қазір мектеп жаңа ғимаратта толық жұмыс істеп тұр. Биыл жаңа оқу жылында мектеп-балабақша мекемесінде 43 сәби білім алып, тәрбиеленбек.

«Ақжайық» шипажайы – бір мезгілде 180 адам демалып, ем алатын өңірдегі танымал туристік нысан. Мұнда Қазақстанның батысындағы 4 облыс пен Ресейдің көршілес аймағынан келушілер өте көп. Альберт Сафуллиннің айтуынша, былтыр келушілер саны 157%-ға өсіп, жыл ішінде 3357 адам демалған. Ұлттық шипажайлар қауымдастығы жақында «Ақжайық» санаторийін табиғи емдік факторларды үздік пайдаланып отырғаны үшін «Алтын дипломмен» марапаттады.

– Елімізде 200-дей шипажай бар, солардың 70%-ы жергілікті емдік-шипалы су көздерін пайдаланып емдейді. Міне, осы санаторийлердің арасында біздің Ақжайық алдыңғы орынға шықты, – дейді Альберт Төлегенұлы.

Айтпақшы, шипажай демалушылары жататын 5 қабатты ғимарат пен емдеу шаралары жасалатын корпус арасы 200 метрдей бос алаңқай екен. Ауа райының суық әрі қолайсыз кезінде емделушілер екі ғимарат арасына қинала қатынайтын. Енді осы алаңқайда бассейн және сумен емдеу кешені құрылысы бас­талды. Құрылыс аяқталған кезде демалушылар далаға шықпай, ғимараттан ғимаратқа өте беретін болады.

Теректі ауданы – Орал қаласына жақын, Жайық өзенін жағалай орналасқан, тұрмысы жайлы қоныс. Бүгінде өңір басшысының тапсырмасына сәйкес, Теректі ауданын дамытудың бесжылдық жоспары әзірленген. «Осы жоспар шеңберінде облыс орталығы маңында орналасқан 8 елді мекенде жол жөндеу жоспары жасалды» дейді Теректі ауданы әкімінің орынбасары Қуаныш Серікұлы.

 

Батыс Қазақстан облысы