Аймақтар • 29 Шілде, 2019

Тал-теректі суарудың жаңа тәсілі

610 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Ақтөбе қаласы мен оның маңайы жартылай шөлейтті аумақта орналасқаны белгілі. Бұл тал-теректердің көкке бой созып өсуіне теріс әсерін тигізбей қоймайды. Сондай-ақ геодезист мамандардың пікірінше, өңірдегі жерасты топырақ қабаттары мен шөгінділерінде жасыл желектің жайқалып, қаулап өсуіне ырық бере қоймайтын түзілістер көп кездеседі.

Тал-теректі суарудың жаңа тәсілі

Әйтсе де ұдайы күтім жасалып, суару талаптары дұрыс сақ­­тал­ған жағдайда қатаң таби­ғи фак­торларға қарамастан ағаш­тар­дың жақсы өсетіні талас туғыз­байды. Сондықтан биыл Ақтөбе қаласында жасыл желекті суару­дың жаңа әдісін жүзеге асыру қолға алынды. Израиль елінен жет­­­кізілген жаңа технология тал-те­рек­тер мен саябақтарды там­­­шы­­латып суару әдісіне негіз­делуі­­мен ерек­шеленеді. Бұл істі об­лыс ор­та­лығындағы «КХ Эль­мира» кә­сіп­­орны қолға алып отыр.

Жаңа тәсілдің бұған дейін қол­данылып келген көлдетіп суару жүйесінен артықшылығы көп. Жоба жетекшілерінің айтуын­ша, 70 метр тереңдікте орна­тыл­ған сорғы авто­матты түрде іске қосылып, ағаш­тың және көгал­дағы балауса мен гүл­зар­­лар­дың уақ­тылы сумен қам­тылуына мүм­кін­дік береді. Бұл су таси­тын көлік­тердің көмегімен суар­ғаннан гөрі әлдеқайда тиімді тәсіл.

Израильдік әдіске бағыт­талған технологиялар ағаштар­дың тамырына күн сайын 100 текше метрден астам су сіңіре алады. Ақтөбе қаласында алдағы уақытта осы тамшылатып суару әдісіне арқа сүйейтін сегіз жобаны іске асыру көзделген. Оның толықтай жүзеге асуы жаңа суару тәсілінің алғашқы нәтижелеріне байланысты болмақ.

Осы ретте Ақтөбе қаласында орын алып жүрген кейбір келең­сіздіктерді айта кетудің де орайы келіп тұрғандай. Мәселен, күз бен көктем айларында өкілетті ұйым­дар тарапынан пәленбай мың түп тал-терек егілді деген ақпа­рат­­ пен рапорттар беріледі. Алай­да жас өскіндердің өсуіне тиісті күтім жасалмай, кейін қурап қалады. Мұндай құр дабыра жағдайында Ақтөбеде жасыл желектің жайқалып өсе қоюы екіталай. Ағаштарды еккеннен кейін оны дер кезінде суару мен күтіп-баптау керек. Қала тұрғын­дары­ның жаппай тал-терек өсіру мәдениетін бойларына сіңіре алмай жүргені де қынжылтпай қоймайды.

АҚТӨБЕ