Аймақтар • 29 Шілде, 2019

Ауаға тарайтын зиянды қалдықтардан қалай арыламыз?

1062 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Елімізде экологиялық ахуалды оңалтуға нақты қадам жасала бастады. Президент Қ.Тоқаев ұлықтау салтанатында: «Қоршаған ортаның қазіргі мүшкіл хәлі көпшіліктің көкейіндегі мәселе. Сондықтан елімізге бірыңғай экологиялық саясат қажет. Қоршаған ортаны қорғау жүйесіне серпін беретін жаңа Экологиялық кодекс қабылдау керек» деп атап өткен болатын. Сондай-ақ Мемлекет басшысының Жарлығымен елімізде Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі құрылды.

Ауаға тарайтын зиянды қалдықтардан қалай арыламыз?

– Бұл – өте дұрыс шешім. Енді жаңа министрлік экологиялық мәселелердің оң шешімін табуына үлес қосады деп сенеміз, – деді облыс әкімі Болат Бақауов Достық үйінде өңірдегі экологиялық ахуал жайында өткен облыстық қоғамдық кеңестің отырысында.

Аталған жиынға қатысқан «Эколо­гиялық ұйымдар қауым­дас­тығы» басқарма төрайымы Айгүл Соловьеваның айтуын­ша, қауымдастық қызметі жүйе­лі экологиялық бастамалар ар­қылы елімізде экологиялық таза өмір салты мен экологиялық білім беруді насихаттап, ұлттың эколо­гия­­лық этикасы мен мәдениетін қалып­тастыруды көздейді. Қазақ­станда «Жасыл деңгейлі эконо­микаға» өту үшін жаңа зама­науи әдістер енгізілуде. Елба­сы Н.Назарбаевтың БҰҰ самми­тінде «Жасыл экономика» және «Жасыл көпір» тұжырымдама­сы туралы бастамалары халық­ара­лық қоғамдастық тарапынан қол­­дауға ие болды. Мұның бар­лығы қазақстандықтардың қор­шаған ортаға көзқарасын жақ­сарту және табиғат-анаға түсетін ауыртпалықты азайту үшін қолға алынды.

А.Соловьеваның айтуынша, елімізде энергия үнемдеу жөнін­де жүзеге асырылып жат­қан төрт жобаның екеуі Павло­дар об­­лысында орындалуда. Қазір әлемде экологиялық қауіпсіз­дік­ті қамтамасыз ету және жаңғыр­ма­лы энергия көздерін дамыту маңызды саланың бірі. Сол се­бепті былтыр Қазақстанда «Ха­лық­а­ралық жасыл технологиялар және инвестициялық жобалар» орталығы ашылды. Мақсат – еліміздің «Жасыл экономика» жолына жылдам өтуіне, сон­дай-ақ қоршаған ортаға та­рай­тын зиян­ды қалдықтар көле­мін азайтуға мүмкіндік беретін тех­нологияларды зерттеу. Бұл күн­де­рі өңі­ріміздегі 11 кәсіп­орынды зерт­теу жұмыстары басталды.

Жиын барысында облыстық экология басқармасының басшысы Данияр Әлиев ауаға тарайтын зиянды қалдықтар көлемінің арта түскенін жеткізді.

– Бұл кәсіпорындардағы өн­діріс көрсеткішінің көбеюі­мен бай­ланысты. Мәселен, соңғы үш жылда «Екібастұз 1-МАЭС» ЖШС өндірген электр энергия­сының көлемі 211 пайызға артқан. Ал «Еуроазиаттық энергети­калық корпорациясы» АҚ-да бұл көрсеткіш 15,4 пайызға көбейген. Сонымен бірге «Қазақстан алюминийі» АҚ өңдейтін боксит сапасының нашарлауына байланысты шығарылатын зиянды қалдықтар көлемі 60 пайызға артты, – деді басқарма басшысы.

Қоршаған ортаға шығары­латын эмиссияға заманауи стан­дарттарды енгізу ғана атал­ған мәселенің алдын алуға көмек­тесе алады. Сондықтан қорша­ған ор­таға шығарылатын қалдық­тарға лимиттерді белгілеу құзы­ретін облыстық мәслихаттарға тапсыру қажет, дейді экологтар.

Бизнестің әлеуметтік жа­уап­­­кершілігі кәсіпорындар тара­пынан ерікті түрде болғаны­мен, жауапкершіліктің ең бас­тысы – экология екені, өндіріс ор­нының қоршаған ортаға қалай әсер ететіні үнемі қоғамның қада­ға­лауында болуы керек.

Былтыр Павлодар облысының әкім­дігі «Экология жылы» аясында өңірдегі «Қоршаған орта­ны қор­ғау саласындағы ынтымақ­тас­тық туралы» 15 ірі кәсіп­орын­мен меморандум жасасты. Олар­дың қатарында Еуроазиаттық энер­гетикалық корпорациясы, «Қазақстан алюминийі» АҚ, Павлодар мұнай-химия зауыты, «Нефтехим LTD», «Каустик» АҚ, «KSP Steel» ЖШС, «Майкубен-Вест» ЖШС бар. Меморандум аясында өндірістік кәсіпорындар атмосфераға мониторинг жүргізу үшін автоматтандырылған стансаларды орната бастады. Мысалы, «Қазақстан алюминийі» АҚ санитарлық қорғау аймағының шекарасында оптикалық мониторинг жүйесін құрды. Қазіргі таңда станса сынақ режімінде жұмыс істеуде. Кәсіпорындарда мұндай жұмыстар 2020 жылдан бастап кезең-кезеңімен жүзеге асырылады. Санитарлық-қорғау аймақтарының шекарасын арнайы белгілеп, экологиялық жа­сыл белдеу құрылады. Биыл кә­сіп­орындар аумағында 30 мың кө­шет оты­р­ғызылады деп жос­парлануда.

Алайда Экологиялық технологиялар орталығының басшысы Ақан Өмірбектің айтуынша, өңір кәсіпорындарының ауаға шығаратын газ фракцияларының көлемі жылдан-жылға артып келеді.

– 2017 жылы бұл көрсеткіш 4,8 мың тоннаға жетті, – деді Ақан Өмірбек. – Соңғы жылдар ішінде облыс кәсіпорындары тозаңды ұстап қалатын сүзгілер орнатуды қолға алды. Бұл зиянды заттардың қоршаған ортаға таралуын едәуір кемітті. Бірақ күкірт, азот пен көміртегі тотығы ауаға шыққан соң жауын тамшылары, қармен араласып, жерге түседі. Газ фракцияларының зияны, міне, осы.

Тағы бір күрделі мәселе, өңірде жарты ғасыр бойы жұмыс істеп келе жатқан кәсіпорындардың негізгі құрал-жабдықтары тозды. Бұл – «Жасыл» технология­лар­ды қолдануда басты кедергі. Яғни кәсіпорындардағы пештер­дің сүзгісі немесе басқа құрылым­дарды ауыстыру қажет. Жалпы, көптеген шет мемлекеттерде Экологиялық кодекс болмайды, Жер, Су, Ауа тазалығы тура­лы заңдар ғана қатаң сақта­лады. Ал елімізде биыл жа­ңа­дан Экологиялық кодекс қа­был­данбақ. Қазір үкіметтік емес ұйым­дар өкілдері тікелей қаты­сып, қоғамдық талқылаулар жү­ріп жатыр. Кәсіп­орын­дар­дың, мемлекеттің, қо­ғам­ның, тұр­ғын­дардың әрқай­сы­­сының қор­ғайтын жеке мүд­делері бар. Бұл орайда экология баршаға ортақ мәселе екенін ұмыт­паған ләзім.

 

Павлодар облысы