Спорт • 29 Шілде, 2019

Әлем біріншілігіне әлді боксшыларды апарса...

639 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін

Өткен аптада Орталық Азия мен Еуропа елдерінің ең мықты деген былғары қолғап шеберлері Қазақстан астанасы – Нұр-Сұлтанда бас қосты. Мақсат – бокстан жетінші рет ұйымдастырылған халықаралық Президент кубогы жарысының бас жүлдесін иелену. Елордамызға кубалық «қара маржандар» келмеді демесеңіз, боксы қарқынды дамып келе жатқан Алжир, Болгария, Грузия, Үндістан, Қытай, Қырғызстан, Моңғолия, Сирия, Филиппин, Тәжікстан және Ресей мен Өзбекстаннан келген 123 боксшы турнирдің көрігін қыздырды.

Әлем біріншілігіне әлді боксшыларды апарса...

Биылғы біріншілік Халықаралық Олимпиада комитетінің ережесіне сай 8 салмақ бойынша өткізілді. Президент кубогы басталмай тұрып, ұлттық құраманың бас бапкері Ғалым Кенжебаев аталған турнир алдағы қыркүйек айында Ресейдің Екатеринбург қаласында өтетін әлем чемпионатына соңғы дайындық екенін және үздік шыққан бокс­шылар дүниежүзілік біріншілікке қатысады деп мәлімдеген болатын. Кейіннен кейбір салмақтағы боксшылардың өнеріне көңілі толмағанын және де аталған салмақта әлем чемпионатына кімдерді апару қажеттігі туралы әлі бас қатыру керек екенін айтып қалды. Осы орайда біз Кенжебаевтың қай салмақтағы боксшыларға көңілі толмағанын сараптап, жауап іздеп көрген едік.

Жалпы, ерлер арасындағы екі салмақтың қысқаруы кез келген салмақтағы боксшылардың бә­се­кесінің артуына өз әсерін тигізетіні жасырын емес. Дегенмен, сал­мақ­тың кемуі 49 және 60 килодағы бокс­шыларға қиындық тудыруда. Себебі жеңіл салмақтағы боксшыларға 52 ки­лоға көтерілуге тура келсе, 60 ки­лодағы боксшыларға 57 килоға түсуге немесе 63 килоға көтері­луге тура келеді. Әрине боксшы­лар­дың жаңа салмаққа бойын үйретуі қашанда қиындық туғызады, бірақ алдағы 2-3 жылда бәрі қалыпқа түсетіні белгілі.

Дәл қазір 52 килода негізгі көш­басшы, қазірдің өзінде-ақ әлем біріншілігі мен Олимпия ойындарына мына боксшы барады деп болжам айту қиын. Былтырғы ел чемпионы Әнуар Мұзаппаров мамыр айында Бангкокта (Таиланд) өткен Азия чемпионатында топ жара алмай, турнирдің 1/8 финалында қырғызстандық Азат Үсенәлиевтен жеңіліп қалған болатын. Президент кубогында іріктеуден әрі аса алмады. Ал Қазақстан біріншілігінің күміс жүлдегері Сәкен Бибосынов үш айда екі турнирде топ жарды. Мамыр айында Қызылорда облысында өткен Спартакиадада жеңіске жетсе, өткен аптада Президент ку­бо­гында өзінің үздік екенін тағы дәлелдеді. Сонымен қатар жеңіл салмақтағы саңлақ бірнеше халық­аралық турнирде олжалы оралған. Яғни, тек елде емес, сыртта да жұ­дырықтаса алады деген сөз. Деген­мен Бибосыновтың осы финалдағы қарсыласы Махмұт Сабырханға мамандар тарапынан жылы пікір айтылуда. Сондай-ақ ол Президент кубогында техникасы ең мықты бокс­шы деген атаққа ие болды. Біздің ойымызша әлем біріншілігіне баруға Сәкен Бибосыновтың кандидатурасы дәл келіп тұрған сыңайлы.

Бас бапкер үшін 57 кило бас ауыртар­лық салмақ болмауы керек еді. Алайда бұл салмақтың үздігі – Қай­рат Ерәлиев 2017 жылы әлем чем­пионатында топ жарған соң ала-құла өнер көрсетіп жүр. Алдымен Азия ойындарының 1/8 финалында тайландтық Чатчай Бутдиден жеңілсе, Азия чемпионатының ширек финалында үндістандық Сингх Биштке төрешілер шешімі бо­йынша есе жіберді. Ал Президент кубогының жартылай финалында Рустам Рустамовтан жеңіліп, финалдан құр қалды. Дегенмен дәл қазіргі уақытта Ерәлиевтің орнын басатын, халықаралық деңгейде жұдырықтаса алатын лайықты боксшыны көріп тұрған жоқпыз. Алдағы әлем біріншілігі Олимпиадаға жолдама беруші турнир болмағандықтан, Спартакиада чемпионы Нұрбол Қалжановтың қа­рым-қабілетін байқап көрсе, ар­­тық­­тық етпейтін сияқты. Сон­дай-ақ бұл салмақта Лондон Олимпиа­да­сы­ның қатысушысы Ілияс Сүлейме­нов­тің де бар екенін ұмытпауымыз керек.

60 пен 64 кило салмақты бірік­тір­ген соң кіл мықтылар бір сал­мақ дәрежесіне шоғырланды. 63 кило салмақтың үздігі Бекдәулет Иб­ра­гимовтің былтырғы ел чемпиона­тынан кейін шаршы алаңда төбе көрсетпей жүруінің себебін біле алмадық. Ал Президент кубогында күміс медаль еншілеген Закир Сафиуллиннің аяқ алысы жаман емес. Тіпті бас бапкер де оның жек­пе-жегін жоғары бағалады. Закир­дің жасы 33-те екенін ескерсек, әлем біріншілігіне баруы мүмкін, бі­рақ Олимпиадаға жас боксшылар­ды апарған жөн болар еді. Бұл салмақта жастар арасындағы Азия чем­пиондары Санатәлі және Саматәлі Төл­таевтар, жоғарыда атап өткен Азия чемпионатының күміс жүлдегері Бек­дәулет Ибрагимов және Спар­та­киада жеңімпазы Діл­мұрат Мижитов Олимпиадаға баруға лайықты бокс­шылар деп білеміз.

XXI ғасырдың бас жағынан бері «қазақтың салмағы» саналып кеткен 69 килода ешқашан проблема туындаған емес. Бұл салмақтағы боксшыларымыздың бәсекелестігі соншалықты, бірінші нөмірдегі бокс­шының орнын төртінші нөмір­дегі боксшы оп-оңай баса алады. Биылғы әлем біріншілігіне Абы­лай­хан Жүсіповтің баратыны бесе­неден белгілі. Өйткені ел чем­пио­натының финалисі Асланбек Шым­бергенов жарақатына байла­нысты Президент кубогына қатыса алмай, Жүсіповке жол ашып берді. Сондай-ақ осы салмақтағы жас бө­рі Талғат Шайкеннің өнері де кө­ңілімізден шыққанын айта кетейік. Президент кубогында Жүсіпов пен Шым­бергеновтің лайықты ізбаса­ры екенін бапкерлер мен жанкүйер­лерге дәлелдеді.

75 кило салмақтың үздігі Әбіл­хан Аманқұл жарақатына байланыс­ты бірнеше маңызды турнирлерді өт­кізіп алды. Бұл өз кезегінде тасада қалып қойған Тұрсынбай Құлахмет үшін өзін көрсетуге тамаша мүмкіндік еді. Ол өзіне берілген мүмкіндікті 100 пайыз пайдалана білді. Тұрсынбай мамыр айында өткен Азия чемпионатында топ жарып қана қоймай, өзінің ең басты қарсыласы өзбек Исроил Мадримовты финалда жеңіп, ұлттық құрама сапына бірінші нөмірлі бокс­шы болуға лайық екенін байқатты. Сондай-ақ Президент кубогында барлық қарсыластарын қоғадай жапырып, бас жүлде олжалады. Осылайша бұл салмақта өзінің мықты екенін дәлелдеп бақты.

Әділбек Ниязымбетов бокстан кеткен соң 81 кило салмақта нақты фаворит боксшы қалмады. 2017 жылғы Азия чемпионатына Ерік Әлжанов барып, күміс олжаласа, биылғы сарықұрлық додасында Бек Нұрмағанбет топ жарды. Жал­пы, 2017 жылдан бастап маман­дар алдағы Олимпия ойындарына Бек Нұрмағанбет барады деп топ­шылап отырған. Дегенмен, жуыр­да ол жарақатына байланыс­ты операция жасатып, біраз уақытқа қатардан шығып қалды. Сөйтіп 75 килода жұдырықтасып жүрген Әл­жанов қайтадан 81 килоға көте­ріліп, Президент кубогында қар­сылас шақ келтірмеді. Бұл сал­мақ­та Бекзат Нұрдәулетов, Нұрбек Орал­бай секілді жас боксшылар бар бол­ғанымен, алдағы маңызды до­даға Еріктің баратыны белгілі бол­ғандай.

Биылғы Азия чемпионатының жартылай финалында 91 килодағы Василий Левит оңтүстіккореялық бокс­шы Ким Хьен Кюннан техни­ка­лық нокаутпен жеңіліп, жанкүйер­лердің сынына қалған-ды. Дәл сол уақытта 2018 жылғы жасөспірімдер Олимпиадасының чемпионы Айбек Оралбай Қызылордада өткен Қа­зақстан Спартакиадасында жеңімпаз атанып, Левитке лайықты қарсылас екенін дәлелдеді. Ауыр сал­мақ­тағы екі боксшы Президент кубогының финалында кездесіп, Василий Левит өзінің бабында еке­нін байқатты. Осылайша бұл сал­мақтың үздігі ринг үстінде анық­талды.

Қазақстан боксындағы 69 кило сияқты аса ауыр салмақта да бірінші нөмірге лайықты боксшылардан проблема кездескен емес. Бүгінде бұл салмақтағы көшбасшы – Қамшыбек Қоңқабаев. 2011 жылдан бері ұлттық құрама сапында жүрген Қоңқабаевты әбден ысылған, тәжірибесі мол боксшы деп айта аламыз. Сондай-ақ аса ауыр салмақта кез келген уақытта Қамшыбектің орнын басатын Нұрлан Сапарбай, Дамир Тойбай секілді жас боксшылар бар екенін де естен шығармаған жөн.

Қорыта айтқанда, бас бапкер Ғалым Кенжебаевқа алғашқы үш салмақтағы үздікті анықтау қиынға соғатын сияқты. Президент кубогы әлем чемпионатына қатысатын боксшыларды саралап берген болса, жаһан біріншілігі Олимпия ойын­дарына баратын боксшыларды анықтап беруі қажет. Сондықтан бас бапкер Ресей жеріне бабы мен бағы келісіп, жеңіске деген жігері жанып тұрған жігіттерді апару керек деп санаймыз.