2020 жылдың 1 қаңтарынан бастап жұмыс берушілер жұмыскерлердің жалақысының 5 пайызына тең қаражатты Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорына аударып отыруға міндеттелді. Бұл жұмыскерлердің жалақысына әсер етпейді. Есесіне осы 5 пайыздық төлем жұмыскердің зейнетке шыққан кезінде зейнетақысына қосылмақ. Негізі бұл норма 2015 жылы «Зейнетақымен қамту мәселелері бойынша Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңына енгізіліп қойған болатын.
Жоғары зейнетақымен қамту үшін
Бұл жаңалықтың мақсаты, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің мәліметінше, қазақстандықтардың әл-ауқатын көтеру, тиісті еңбек өтілі бар азаматтарды жоғары жалақымен қамтамасыз ету. «Осылайша жұмыскердің жеке еңбек есепшотына ай сайын жалақысының 15 пайызы түсіп отырады. 10 пайызын бұрынғыша жұмыскер өз жалақысынан төлесе, қалған 5 пайызын жұмыс беруші «өз қалтасынан» шығарады», деп түсіндіреді министрлік. Яғни, жаңа заңнама бойынша жұмыскердің жалақысы азаймайды. Қосымша төлемді жұмыс беруші төлейді. Бұл жаңалық жалдамалы жұмыскерлермен қатар жеке кәсіпкерлерге де қатысты. Осы орайда, елдегі шағын және орта бизнес өкілдерінің бұл өзгеріске қарсы уәждерінің айтылып жатқаны да жасырын емес. Алайда Президенттің алдымен халықтың әл-ауқатын көтеру керек деген тапсырмасын басшылыққа алған Үкімет зейнетақыны көтеру үшін бизнеске қосымша салмақ түсіріп отырғанын жасырмайды.
Көлеңкелі нарықтың күшею қаупі
Кей бизнес субъектілері әлгі 5 пайыздық төлемді айналып өтіп, компания бюджетін үнемдеу үшін кейбір қызметкерлерді жұмысқа алғанда келісімшартпен рәсімдеуі мүмкін. Өйткені заң бойынша азаматтық-құқықтық сипаттағы келісімшарт негізінде жұмыс істейтіндер, яғни штаттан тыс жұмыскерлерге аталған 5 пайыздық төлемдер жасалмайды. Осы орайда жоғарыда аталғандай «үнемшіл» компаниялар саны көбейіп, көлеңкелі еңбек нарығы күшейіп кетпей ме деген қауіптің бар екені рас. Бұл тұрғыда Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Ақмәди Сарбасов мұндай жағдайды арнайы еңбек инспекциясы бақылауда ұстайтынын, көлеңкелі еңбек нарығымен күресу жұмыстарының тиісті деңгейде атқарылып жатқанын алға тартты.
Бұдан бөлек, корпоративті табыс салығының өзін қиналып төлеп отырған кей кәсіпорындардың салықтан жалтаруы жиілеп, бұл өз кезегінде көлеңкелі экономиканы күшейтуі мүмкін деген пікірлер айтылып жатыр. Әрине мұндай кезде тұрақты салық төлеп отырған белсенді бизнес субъектілерінің саны азаюы мүмкін. Тиісінше, экономиканың құрылымының да әлсіреу қаупі бар.
Жалпы, 5 пайыздық төлемді жұмыс беруші штаттан тыс жұмыскерлерінен бөлек зейнетақы жасындағы жұмыскерлері үшін де төлемейді. Әскери және қарулы күштер құрылымы да бұл міндеттен босатылады. Тағы бір айта кетерлігі, жұмыс беруші өз жалақысынан аударып отырған 10 пайыздық зейнетақы жарнасы жұмыскердің меншігі саналатын болса, жұмыс берушінің 5 пайыздық төлемі жұмыскердің меншігі саналмайды, яғни мұрагерлікке қалдырылмайды.
Жалақы азаюы мүмкін бе?
Қазір жеке бизнес құрылымында жұмыс істейтін қызметкерлер, әсіресе шағын және орта бизнесте еңбек етіп отырған азаматтар «жалақымыз азайып қалуы мүмкін бе?» деп алаңдап отырғаны анық. Өйткені заң бойынша әлгі 5 пайыздық жарна жұмыскердің айлығынан ұсталмағанымен, мекеме басшылығы қосымша шығыннан қашу үшін жұмыскер жалақысын сол 5 пайызға төмендетуі мүмкін. Бұл тұрғыда Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі былай деп ескертеді: «Еңбек кодексіне сай, еңбек келісімшартындағы кез келген өзгеріс екіжақты келісім негізінде жасалады. Егер заң бұзылса, жұмыскерлер Еңбек комитетіне немесе жұмыс орны бойынша еңбек инспекциясына шағымдана алады». Дегенмен жұмыс берушілерге қарағанда жұмысшылардың бәсекесі жоғары біздің нарықта жұмыскерлердің мекеме басшылығының айтқанына көне салатын кездері аз кездеспейтіні белгілі.
Қалай дегенде де, қазір Үкімет экономикалық дамудан гөрі әлеуметтік жағдайды көтеруді бірінші орынға қойып отыр. Бұл соңғы бір жылдағы өзгерістерден анық байқалады. Елбасы қазіргі Үкімет басшылығын тағайындаған кезде Министрлер кабинетінің жаңа құрамының бірінші міндеті әлеуметтік саясатты жақсарту екенін айтқан. Мемлекет басшысы Тоқаев та халықтың әл-ауқатын көтеру Үкіметтің негізгі міндеті екенін атап айтқаны белгілі.