Қоғам • 30 Шілде, 2019

Билет тапшылығы: лауазымды тұлғаларды жауапкершілікке тарту ұсынылды

351 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Еліміздің Индустрия және инфрақұрылымдық даму министр­лігі (ИИДМ) билетсіз жолаушыларды алып жүруге және билеттерді сату тәртібін бұзуға жол бермеу үшін қолданыстағы заңнамаларға өзгеріс енгізуге бастамашылық танытуға ниетті. Бұл жөнінде министрлік ресми мәлімдеме жасады.

Билет тапшылығы: лауазымды тұлғаларды жауапкершілікке тарту ұсынылды

Жақында ғана «Егеменде» жарияланған «Қолдан жасалған билет тапшылығы» атты ма­қалада жолаушылар пойыздарына билет алудың қиынды­ғы жан-жақты жазылып, бұл мәселеге Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев назар аударып, мақаланы туиттердегі парақшасында бөлісе отырып, Үкіметке  билет сату жүйе­сін­дегі қолдан жасалған тапшы­лықты жою жөнінде тапсырма берген болатын.

Міне, Индустрия және ин­фра­құрылымдық даму ми­нистр­лігінің бұл қадамы Прези­дент тапсырмасын орындау­ бас­тама­ларының бірі болса керек.

«Қазіргі уақытта билеттерді заңсыз қайта сату «Әкімшілік құқық бұзушылық туралы» кодекстің 449-бабындағы «Қо­ғам­дық орындарда тиісу» бо­йын­ша ғана әкімшілік жауап­кер­шілікті көздейді. Басқа жауапкершілік әзірше жоқ», делінген ресми хабарламада. Бұл бапта «Қоғамдық орындарда заттарды өзгеше тәсілмен сатып алу, сату, айырбас­тау немесе иемдену мақсатын­да кәсіпкерлік субъектісі болып табылмайтын адам жасаған, сондай-ақ бал ашу, қайыр­шы­лық, сексуалдық сипатта қыз­мет­тер көрсету не өзге де қыз­меттер көрсетуді күштеп таңу мақсатында тиісу, яғни мазалап өтініш білдіру – жеке тұлғаларға ескерту жасауға не бес айлық есептік көрсеткіш мөл­шерінде айыппұл салуға әкеп соғады» делініп, әрекет бір жы­л­­дың ішінде қайталанған жағ­­дай­­дың өзінде он айлық есеп­­тік көрсеткіш мөлшерінде айып­­пұл салуға не бес тәулікке дейін­­гі мерзімге әкімшілік қа­мақ­­қа алу жазасымен ғана шек­теледі.

Министрліктің хабарламасында қазақстандық тасымал­даушыларға тұрақты негізде жолаушылар вагондары паркін жаңарту үшін жағдай жасалып жатқаны айтылған.

Ресми мәлімдеме: «Бұдан басқа тасымалдаушылар жыл сайын жазғы кезеңде негізгі бағыттар бойынша қосымша пойыздар санын қосады. Соны­мен қатар жолаушылар ағы­мы­ның ұлғаюына байланыс­ты негізгі бағыттар бойын­ша билеттердің жасанды тапшы­лығы байқалады, бұл ретте оларды сату бойынша заңсыз делдалдар жандана түседі. Билеттер­дің заңсыз сатылуына тосқауыл қою үшін осы жылдың наурыз айында ИИДМ, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі және «Қазақстан темір жолы» Ұлттық компаниясы» АҚ арасында теміржол тасымал­дауы саласын­да тұрмыстық сыбайлас жем­қор­лық мәселелерін болдырмау көзделген жол картасына қол қойылды. Осы құжат­қа сәйкес «ҚТЖ» ҰК» АҚ би­лет­терді сату және жолаушылар­ды пойызға отырғызу кезінде заң­сыз іс-қимылдар жасауды бақы­лау және шектеу әдістерін қарас­тыра отырып, билет сататын «Mobius» жүйесін жетіл­діру қажет деп тапты. Алайда билеттерді заңсыз сату фактілері жалғасуда» деп толықтырыла түскен.

Сонымен бірге 28 шілде күні ИИДМ Көлік комитеті қоғамдық ұйымдармен және құқық қорғау органдарымен бірлесіп өткіз­ген рейдтер кезінде Шымкент, Алматы, Нұр-Сұлтан, Атырау және Тараз қалаларының вокзалдарында билеттерді жоғары бағамен ұсынатын, сондай-ақ қажетті пойызға билетсіз-ақ отыр­ғызуға уәде берген дел­дал­­дар болғаны туралы  деректер анық­талған. Осыған байланыс­ты 6 адам ӘҚБтК-нің 449-бабы негізінде «Қоғамдық орындарда тиісу» бойынша әкімшілік жауапкершілікке тартылған.

Анықталған фактілер бо­йынша министрлік «ҚТЖ» ҰК» АҚ «Жолаушылар тасымалы» АҚ мен Магистралдық желі дирек­циясының лауазымды тұл­ға­ларына қатысты шаралар қа­былдау қажеттігін, сондай-ақ би­лет­терді заңсыз сатуға қатыс­қан жеке билет кассалары­мен шартты бұзу қажеттігін атап өтті.