Аймақтар • 30 Шілде, 2019

Ақбас сиырдың атақ-даңқы қайта орала ма?

2587 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Қазақтың ақбас сиыры – сиыр­дың етті тұқымы. Бұл өткен ғасырдың 30-50 жылдары аралығында қазақ және қалмақ сиыр­ларын герефорд бұқа­сы­мен будандастыру ар­қылы шығарылған және кең тараған тұрпаты бөлек түлік. Аталған тұқым­ды өсіретін шаруашы­лық­тардың дені Қазақ­станда орналасқан.

Ақбас сиырдың атақ-даңқы қайта орала ма?

Негізінен далалы және шө­лейт жерлердің табиғи жағ­да­йы­на бейімделген ірі қараның бұқасы орта есеппен 800 – 900 килоға дейін ет береді. Аналығы 450 – 500 килоға дейін тартатын ақбас сиыр тұқымдары тез ет жинауымен ерекшеленеді. Алайда кейінгі жылдарда белең алған малды асылдандыру үрдісінде қолда бардың қадірін бағалай алмай келеміз.

Бүгінде елімізде асыл тұ­қым­­ды ірі қараны шетелдер­­де­н, тіп­ті мұхиттың арғы жа­ғын­дағы елдерден қомақты қара­­жатқа сатып алу көрініс­тері жиі кездеседі. Десе де шет­ел­дік ірі қараға шектен тыс құ­мар­лықтың қандай пайда әке­летіні айтыла бермейді. Ал Қазақ­стан шет мемлекеттерге ірі қара малын экспорттапты деген деректерді де ести бермей­міз. Осы олқылықтың бір бүйі­рін Хромтау ауданындағы «Жанті­зер» шаруашылығының басшысы Бақытжан Ержанов толықтырып отыр. Шетелдік ангус немесе герефорд секілді асыл тұқымды ірі қара малдарын си­паттаған кезде теңеуге сөз таппай қалатынымыз бар. Алай­­да одан қазақтың асыл тұ­қым­ды ақбас сиырының несі кем, – дейді шаруашылық жетекшісі.

Осы орайда шаруашылық жетекшілері 2-3 жылдан бері еліміздің брендіне айналған ақбас тұқымды сиырды шетелге экспортқа шығарып жүргені – іскерлік пен ілкімділіктің белгісі іспетті. Осылайша шаруашы­лық иелері еліміздегі ет экспорты көлемінің өсуіне сүбелі үлес қосып келеді. Олар бұл қадамды ең алғаш Ресейге асыл тұқымды қазақтың ақбас сиырын сатудан бастаса, биыл Иранға экспорт­тау­ды қолға алыпты.

Қазіргі кезде 80-ге жуық адам еңбек ететін «Жантізер» ш­а­руа­шылығындағы жеті бөлім­шенің бесеуі қазақтың ақбас сиы­рын өсірумен айналысады. Мұндағы мал бордақылау кеше­нінің өзіне тән жұмыс тәртібі бар. Кешен иелері жергілікті мал өсірушілерден ірі қара малдың бір-екі жылдық төлдерін тірілей салмағымен есептегенде әр килосын 650 теңгеден қабылдай­ды. Содан соң баспақтарды үш ай бойы бордақылайды. Осы аралықта әр баспақ әжептәуір салмақ қосады.

Жантізерліктер Ресей мен Иранға асыл тұқымды қазақтың ақбас сиырының аталықтарын тиіс­ті сұранысқа сәйкес жөнел­тіп жүр. Мал Ақтөбеден Иранға пойыз қатынасы арқылы жеткі­зіледі. Шетелдік экспортерлер тиейтін арнайы вагондарда малға қажеттінің бәрі бар. Жем-шөбі мен суы да жеткілікті, дейді тауар өндірушілер. Шаруа­шылық жетекшісінің айтуынша, ирандықтар Ақтөбеге айына екі рет келіп, әр сапарда 56 ірі қара алып кететін көрінеді. Яғни бұл қарапайым арифметика есебіне шаққанда айына 112, жылына 1344 ірі қарадан келеді деген сөз. Шетелдіктер негізінен 400 кило салмақтағы аталық малдарды сатып алуды қолай көре­ді. Мұндай қам-қарекеттердің арғы жағында өздеріндегі жай малдың генефондын жақсарту және оның өнімділігін 2-3 есе көбейту секілді жоспарлары тұрса керек.

Сондай-ақ «Жантізер» ша­руа­шылығының басшылары қазақтың ақбас сиырының ата­лықтарын жергілікті ша­руа­шылықтарға да жалға бе­ріп, ұқып­тылық танытып жүр. «Осын­­дай тәртіппен асыл тұ­қым­­ды ірі қара аталықтарын об­лыс­тағы 112 шаруашылыққа та­рат­тық. Олардың еншісіндегі табындарда табиғи ұрықтандыру үдерісі жүргізіледі. Кейін қазан айы ішінде жалға берген малдарымызды қайтадан жинап аламыз» дейді шаруашылық басшысы Бақытжан Ержанов.

Мал бағуды кәсіп еткен ағайындар арасында түлік өз төлі есебінен өседі деген қағида бар. Шындығы солай. Осы орайда «Жантізерде» әр 100 сиырдан 90 бұзау алған малшыға 1 миллион теңге сыйақы беру жөніндегі ынталандыру шарасы белгіленген. Бұл қарапайым мал өсірушілерді материалдық тұрғыдан қолдау мен еңбек өнім­ділігін арттырудың тиімді тәсілі. Сондай-ақ шаруашы­лықтың басы-қасында жүрген азамат Манарбек Әбжановтың да еңбегі еленіп, оған аталған ауылшаруашылық құрылымы тарапынан Ақтөбе қаласынан екі бөлмелі пәтер берілгені де қамқорлықтың нақты көрінісі.

Біраз жылдар бұрын елімізде қазақтың асыл тұқымды ақбас сиырының бәсі биік болғаны ұмытыла қойған жоқ.

«Жантізер» шаруашылығы­ның басшысы Бақытжан Ер­жановтың бүгінгі қам-қарекеті қазақтың асыл тұқымды ақбас сиырының бір кезде барша­ға тараған даңқын қайтадан жаңғыртуға бағытталып жүр­ген­дей көрінеді. Әрі оның аталған түлік түрін таяу және алыс шетелдерге экспорттап жүргені, оның өнімділігі мен ар­тықшылығына экспорт­шы­лар­дың көзін жеткізе ал­ғаны­ның өзі де мерей. Бұл алға қой­ған мақсатқа қол жеткізудің бас­ты тұтқасы екені анық.

 

АҚТӨБЕ