Аймақтар • 30 Шілде, 2019

Он саусағы жоқ ісмер

399 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Шыңылтыр аязда есік пен төрдей кер бестіңді кердең бастырып, іштегі жалын сыртқа ұрғандықтан ішігіңнің түймесін ағытып, мойныңды тұтасымен жапқан түлкі тымақты алшайта киіп, ен даланың қожайынындай келе жатсаң, шіркін! Жаныңда қоян, түлкі сорабын індетіп келе жатқан тазы тоят тілеп жан-жағына еміне қарайды. Астыңдағы қамшы бассаң атыла жөнелуге дайын атыңның өмілдірігінен бастап құйысқанына дейін күміспен бедерленген. Алыстан көз қарықтырып жарқырайды. Баяғының сал серісі дерсіз. Сән-салтанаты келіскен мұндай ат, мұндай киім кию қайда дерсіз. Қолыңыздан келеді. Мүмкін, бәрі де мүмкін.

Он саусағы жоқ ісмер

Ал осы ат әбзелдері мен түл­кі тымақты он саусағы жоқ азамат тікті дегенге қалай қа­райсыз?! Сенбесеңіз де расы сол.

Қазалы ауданындағы Абай ауылының атпалдай аза­маты Оңдашбай Өте­міс бірде қыста жоқ қарап жүріп, аттан құлайды. Жа­қын жерде көмектесе қояр жан иесі жоқ, атынан айы­рылған азамат үсікке ұры­нады. Кейін дәрігерлер Оң­дашбайдың үсік ұрған он саусағын кесіп тастауға мәж­бүр болады.

«Он саусағым жоқ, ен­ді өмір осымен бітті» деп қабырғаға жүзін беріп бүк түсіп, өкініштен өзегі өр­те­ніп жататын азаматың Оң­даш­бай емес. Бұрын да қол ісмерлігімен танылған жігіт ты­мақтан мәсіге дейін өзі тігіп, жұрт­тың керегін айыра бастаған. Кейіннен ел аға­ларының сөз кө­ме­гі дәру болып, кәсіп ашуға бекінді.

Ал кәсіп ашамын, сол арқылы нәсібімді айырамын деген аза­матқа арналған мемлекеттік бағ­дарламалар аз емес.

Осылайша Оңдашбай «Биз­­нестің жол картасы-2020» бағдар­ламасы бойын­ша қай­тарымсыз грантқа ие болды. Грантқа алған 900 мың теңгеге өндірістік тігін машинасын сатып алды. Қанында бар ісмерлік бәрібір тыныш жатқызбайды екен. Өндірістік тігін машина­сы қолына тигеннен кейін киіз үйге керекті бар жабдықты тіге бастады. Сонымен қатар Оңдаш­бай­дың тігін шеберханасында жү­геннен бастап тоқымға дейін бар.

«Бала кезімнен құмар ісім болашақта кәсібіме айналар деп ойламаппын, – дейді Оңдаш­бай. – Бұрын ауылдағылар ғана тап­сырыс беретін. Бүгінде аудан ор­талықтарынан келіп, бұйым­тайын айтатындар бар. Адам­ға қуа­ныш сыйлаған жақсы ғой. Оның үстіне тегін жасап жатқан жоқпын».

Он саусағынан айырылса да Оңдашбайдың қолынан кел­мейтіні жоқ. Қыл аяғы ұялы телефоны бұзылғандар да оның үйін табады. Көптің ке­ре­гіне жараған үлкен бақыт қой.

Тағдырдың тәлкегін көр­ген кей адамдар өмір сол күн­мен біткендей опынып, алға басқан аяғын кері кетіреді. Дүниеден баз кешеді. Ал арманы асқақ, ел алғысын алып жүрген Оңдаш­байлар сондай жандарға үлгі бол­са, қанеки.

 

Қызылорда облысы