13 Маусым, 2013

Атшабар

485 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Атшабар

Бейсенбі, 13 маусым 2013 2:05

Қостанай қаласының іргесіндегі осы аттас ауданға қарасты Заречный ауылында «Арғымақ» заманауи ипподромы ашылды. Жылқы десе ішкен асын жерге қоятын, бәйге десе делебесі қозатын жұрттың бұл көптен бергі арманы еді. Жақсыны көрмекке ағылған адамда есеп жоқ. Осы ауылда «Қазақ тұлпары» асыл тұқымды жылқы зауыты орналасқан. Бүгінде құрылғанына 125 жыл толып отырған бұл шаруашылықты нарық қос өкпеден қысқан 90-жылдары Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың өзі келіп көріп, оның дағдарыстың иірімінде кетіп қалмай, аман қалуына ықпал еткен болатын. Бүгінде асыл тұқымды жылқы зауытында селекциялық жұмыстар жүргізіледі. Ғалымдар даланың батырларына жалын төсеген қазақтың Қазанатын қалпына келтіруді мақсат етіп отыр.

 

Бейсенбі, 13 маусым 2013 2:05

Қостанай қаласының іргесіндегі осы аттас ауданға қарасты Заречный ауылында «Арғымақ» заманауи ипподромы ашылды. Жылқы десе ішкен асын жерге қоятын, бәйге десе делебесі қозатын жұрттың бұл көптен бергі арманы еді. Жақсыны көрмекке ағылған адамда есеп жоқ. Осы ауылда «Қазақ тұлпары» асыл тұқымды жылқы зауыты орналасқан. Бүгінде құрылғанына 125 жыл толып отырған бұл шаруашылықты нарық қос өкпеден қысқан 90-жылдары Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың өзі келіп көріп, оның дағдарыстың иірімінде кетіп қалмай, аман қалуына ықпал еткен болатын. Бүгінде асыл тұқымды жылқы зауытында селекциялық жұмыстар жүргізіледі. Ғалымдар даланың батырларына жалын төсеген қазақтың Қазанатын қалпына келтіруді мақсат етіп отыр.

«Қазақ тұлпарындағы» сәй­гүліктерді аламан бәйгелерге дайындайтын орын да тарлық ететін. Міне, енді барлығы 34 гектардан аса жерді алып жатқан, 14 ат қаз-қатар шабатын екі мың метрлік айналма жұмсақ жолы бар ипподромда қандай дайындық жұмысын жүргізуге, қандай деңгейдегі жарыс өткізуге болады. Көрермендер жайласатын 800 орындық, табло экраны, комментатор мұнарасы, видео камерамен жұмыс істейтін орын бар, мәрені көрсететін құрылғы да ұмыт қалмаған. Бұл заманауи озық бәйге алаңы француз ат спорты индустриясының орталығы болып саналатын Нормандиядағы Довиль қаласында орналасқан ипподром жобасымен салынды. Онда негізінен ат шабатын жолдың құрылысына аса мән берілді. Жұмсақ әрі тегіс жолда аттың құлауы, жарақат алуы барынша азаяды. Мамандардың айтуынша, ол Америка Құрама Штаттарындағы дүбірлі құнан бәйгелер өткізілетін Чечил Даун ипподромындағы жолға тең келмесе де ұқсайды. Американың басты ипподромына ұқсастық жолдың ұзындығы мен шеңберлене жасалған, ат бұрылуға қолайлы бұрыштардан көрініп тұрады.
– Ат спортының түрлері Ұлы даланы жайлаған қазақ хал­қының сүйікті ұлттық ойыны, жалпы түркі жұрты мәдениеті мен дәстүрінің нысаны іспеттес. Жаңа ат спорты кешені біздің атбегілер мен шабандоздардың кәсіптік жағынан дамуына жағдай, жоғары деңгейде жарыс­тар ұйымдастыруға мүмкіндік туғызатын болады, – деді облыс әкімі Нұралы Сәдуақасов қазіргі заман талаптарына сай салынған ипподромның ашылу салтанатында.
Биылғы жылы ақпанда Қос­танайда классикалық ат жарыс федерациясы құрылған болатын. Оны облыстық Ішкі істер департаментінің бастығы Тілеген Мәткенов басқарады. Қазір мойыны озық елдерде ас спортының дамуына аса мән беріледі. Ол ауыл шаруашылығында тағы бір сектордың құрылуына, адамдарға жұмыс беру және туризмнің өркендеуіне ықпал етеді. Мамандардың айтуына қарағанда, бәйгеге жарататын асыл тұқымды бір ат 8 адамға жұмыс береді, атбегілердің, асыл тұқымды жылқы ұстайтындардың еңбекақысынан бөлінетін салық жылына 11 миллион долларды құрайды екен. Ат спорты дамығанда ауыл шаруашылығында 26 мың адам жұмыс орнын табатын болады. «Арғымақ» ипподромы алдағы уақытта облыс өңірінде осындай табыстарға қол жеткізеді деген сенім мол. Ипподромның құрылысына кеткен 10 миллион теңгедей қаржы осында өткен бәйгелерде еселеніп қайтатын болады.
Қостанайлық атқұмарлар мен атбегілер дайындаған Шаңжұқпас, Босс, Құйын, Шахеризада атты сәйгүліктер республикалық бәйге­лерде талай рет облыс даңқын аспанға көтерген болатын. Соңғы жылдары облыста ат спортына деген ынтызарлық тіпті күшті. «Арғымақ» ипподромы халықтың ұлттық мәдениеті мен дәстүрін жаңғыртудың, жас ұрпақты ұлттық рухта тәрбиелеудің тамаша кепілі болмақ.
Ипподромның ашылу салтанатында облыстағы Классикалық ат жарыс федерациясының президенті Тілеген Мәткенов ат спортын дамыту үшін тек облыс­та ғана емес, республикада әлі де көптеген жұмыстар жүргізу қажеттігін айтты. Кеңес дәуірі кезінде Қазақстанда 40 ипподром болатын. 90-жылдарғы экономикалық қиын кезеңде оның ешқайсысы да керек болмай қалды. Ал қазір Қазақстанда жаңа талаппен салынған небәрі 6 ипподром ғана бар екен. «Арғымақ» ипподромы олардың қатарына жетінші болып қосылды.
«Арғымақ» ипподромы облыста ат спортын озық елдер дәрежесінде дамытуға жасалған қадамның бірі болады. Оның ашылу құрметіне Қостанай көрермендері 1000, 1600 және 2000 метрлік қашықтықтағы құнан, дөнен және аламан бәйгені тамашалады. Бұл бәйгелерге жүзқаралы сәйгүлік қосылды. Ат жарыс түрлерінің барлығы да халықаралық стандарттарды сақтай отырып өткізілді. «Арғымақ» ипподромы сыйлығына тігілген «Джип» жүрдек машинасын 1600 метр қашықтықты көзді ашып-жұмғанша шауып өткен Ақтөбе облысының «Мұғалжар» атты құнаны алып кетті. Ал аламан бәйгеден алдына қара салмай суырылып келген Солтүстік Қазақстан облысының сәйгүлігі «Сұлтанды» қосқан «Болатай Есенғалиев» жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне жеңіл автомобиль сыйға тартылды.
Жаңа ипподромның ашы­луымен бірге, облыс өңіріндегі ат спорты маусымы да басталды. Жаздай-күздей қостанайлықтар талай бәйгені тамашалары хақ.
Нәзира ЖӘРІМБЕТОВА,
«Егемен Қазақстан».
ҚОСТАНАЙ.